«ЭКОНОМИКА БӘСЕКЕЛЕСТІГІНЕ КӨШУ»
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыркүйектің 16-17-сі күндері Өзбекстанға мемлекеттік сапармен баратыны хабарланды. Бұл – Өзбекстанда президент ауысқалы Назарбаевтың алғашқы жауап сапары. Биыл наурыз айында Өзбекстан президенті Мирзияев Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген.
Мемлекет басшыларының мемлекеттік сапарларынан бөлек, екі елдің үкімет мүшелерінің байланысы жиілей бастағаны, ақпарат құралдарында екі ел байланыстары жайлы ақпараттар көбейгені көзге түседі. Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар бұл жерде жеке адам факторының маңызды рөл атқарғанын айтады. Кей мамандар Ислам Каримов тұсында екі ел арасында салқындық байқалса, Шавкат Мирзияев келген соң жылымық басталуы - президенттердің арасындағы жеке қатынас мемлекеттік қатынастарға ықпал ететінінің көрінісі болды дейді.
Оқи отырыңыз: Өзбекстан аймақтық интеграцияны бастады ма?
Саясаттанушы Дос Көшім «Орталық Азиядағы (ОА) постсоветтік екі елдің бәсекелестігі осыған дейін экономикалық емес жеке президенттер арасында болды» деп санайды. Оның сөзінше, «оған тарихи бәсекелестіктің бір қыры» ретінде қарауға да болады.
- Мирзияев Каримов секілді емес, өзін іні, туысқан ретінде ұстай алады. Бұл саясатқа да, экономикаға да әсер етеді. Өзбекстанда нарықтық реформалар басталса, Қазақстан іргесінен бәсекелес пайда болады деген қауіп айтылып жүр. Меніңше, одан екі ел де ұтады. Ол бір жағынан Қазақстан экономикасы дайындығын тексеруге де себеп, - дейді ол.
Бұған дейін Шымкентте өткен Ташкент тауар өндірушілері көрмесінде (мамыр айы – ред.) ОҚО индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілі Хикматулла Райымбеков «Өзбек тауарлары Қазақстанға кірсе, отандық өндірушілерге қауіпті. Өзбек тауарлары арзан. Қазақстан кәсіпкері сапамен ұтуы керек болады. Біз алдымен отандық тауар өндірушілерді қорғауымыз керек. Өзбекстаннан тауар алдыру емес, ол елге тауар шығару жағын ойлау қажет» деген болатын.
Оқи отырыңыз: Өзбек кәсіпкерлері қазақ нарығына кіргендеріне қуанады
Қаржы-экономика сарапшысы Расул Рысмамбетов «Мирзияевтің реформаларын жүзеге асыру үшін Өзбекстан үкіметі «жол картасын» құруға кірісті» деп санайды. Оның пікірі де Қазақстан қаржысы мен кәсіпкерлері Өзбекстанға шығуы керек дегенге саяды.
- 30 миллионнан астам халқы бар Өзбекстан - Қазақстан компанияларына тартымды рынок. Қатынас дами бастағанымен, көрші елдің рыногы Қазақстанның шағын және орта бизнес секторына неғұрлым қолайлы болуы үшін әлі де ашыла түсуі керек. Бірер жылдан кейін ғана Өзбекстанның шынайы потенциалы көрінеді, - дейді ол.
«ҚАЙТА БАЙЛАНЫСУ»
Азаттық тілшісі сөйлескен билік органдарының сөзінше соңғы жылы қазақ-өзбек экономикалық байланыстары ұлғайған. Қазақстанның ұлттық экономика министрлігінің жазбаша жауабында «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастар өскелең дамудың сапалы жаңа кезеңіне өткені, 2016 жылы қыркүйектен бастап (Каримовтің қайтыс болғаны сол жылы қыркүйекте хабарланған еді – ред.) екі ел ынтымақтастығын тереңдету, тауар айналымын арттыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылғаны» жазылған.
Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль транспорты басқармасы бастығы Селим Қуанышұлы «Мирзияев Қазақстанға келгенде екі ел арасындағы жолаушылар тасымалына байланысты құжаттарға қол қойылғанын» айтады. Мирзияевтің Астанаға наурыздағы сапары қарсаңында «Алматы-Ташкент» жолаушылар пойызы алғашқы сапарға шыққан еді. Кейін пойызда өзбекстандық жолаушы көп екені байқалған.
ВИДЕО: Алматы-Ташкент жүрдек пойызы:
Селим Қуанышұлы енді автокөлік саласындағы байланыстарды жиілету қолға алынып жатқанын айтады.
- Қазақстан мен Өзбекстан 2006 жылы автокөлік саласында келісім жасаған. Онда тек жүк тасу реттелген. Жолаушы тасымалы болмаған. Енді жолаушылар тасымалы да қосылды. Өзбекстан парламенті келісімді бекітті. Қазақстан әлі бекіткен жоқ, - дейді шенеунік.
Қазақстанның ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленовтің Азаттыққа жауабында екі елдің «астаналары арасындағы әуе рейстері саны көбейтілгені» жазылған.
Осылайша күнделікті қарым-қатынасты жиілетіп жатқан екі ел сауда айналымын үш жыл ішінде екі жарым есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, «2017 жылдың бірінші жартысында екі ел сауда айналымы 35%-ға артып, 921 миллион АҚШ доллары болса, 2020 жылға дейін тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілген».
Ташкенттің Қазақстан тауарларына қатысты қабылдаған шараларын Руслан Дәленов «Биыл Өзбекстан Қазақстаннан жеткізілетін ұнға, күнбағыс майына акциздерді төмендетті, макарон өнімдеріне акцизді алып тастады. Қыркүйектің 1-інен бастап Өзбекстан сиыр, қой еті және шошқа майына, кофеге, бидай ұнына, күнбағыс майына, құрақ қантқа және мал азықтандыру өнімдері импортына акциздерді төмендетті» деп сипаттайды.
ОДАҚ ЖАЙЛЫ БОЛЖАМДАР
Мирзияевтің көрші елдермен қатынасты жақсарту ниетін байқаған кей сарапшылар «Орталық Азия одағын» құру туралы айта бастады. Маусымда парламент депутаты Мәулен Әшімбаев «аймақ елдері жаңа бірлестік құру мәселесіне оралады» деп мәлімдеген. Ол "Азық-түлік, су-энергетика және көлік-коммуникациялық үш консорциум қарастырылды. Соның аясында бірігу мәселесі талқыланды. Алайда, жобалар іске аспай қалды. Келешекте осы бастамаларды жаңадан қарастыруға болады " деген еді. Бұл пікірге қарсы Азия зерттеулер институты директоры Сұлтан Әкімбеков "Қайшылықтар көп. Біразы шешуге де келмейді. Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық жүйелері мүлде ұқсамайды. Экономиканы ұйымдастыру шаралары да екі бөлек" деген. Мирзияев әрекеттерін Өзбекстан экономикасын аймақ елдерімен сәйкестендіруге, нарықтық реформаларды тереңдетуге ұмтылыс ретінде болжайтын сарапшылар да жоқ емес.
Назарбаевтың Өзбекстанға сапарында саяси-экономикалық, мәдени ынтымақтастықты дамытатын жеті құжатқа қол қойылып, қазақ-өзбек бизнес-форумы өтуі тиіс. Ондай алғашқы форум Қазақстанда өтіп, «25 жыл өтпеген қазақ-өзбек бизнес форумы қайта жанданды» деп хабарланған.
Өзбекстан - Қазақстанның ОА-дағы ең ірі сауда әріптесі (аймақ елдерімен тауар айналымының жалпы көлемінің 50 пайыздан астамы) және ТМД арасында екінші ірі партнері (ТМД сауда көлемінің шамамен 10 пайызы). Назарбаев бұған дейін «Өзбекстан мен Қазақстан арасында ешқандай - территория, шекара, саяси, экономикалық шешілмеген проблемалар жоқ, Өзбекстанмен саудадағы барлық кедергілер жойылды» деп мәлімдеген.