Алты қанат, төрт қанат бес киіз үйі тігілген «Аңсар» қазақ ауылы» деп аталған қымызхана Ұзынағаштың кіре берісіндегі жол бойында орналасқан.
«ЖҰРТТАН - БАТА, АЛЛАДАН - РҰҚСАТ»
Қымызхананың маңында байлаулы 50 биеден «Аңсар» қазақ ауылының иелері маусым-шілде айларында күніне 150 литрге дейін саумал алып, осы жерде қымыз ашытады. Сауылатын биелердің жайылымы - қымызхананың маңындағы жоңышқалы жазық.
«Аңсар» шаруа қожалығының иесі Қайрат Маханов қымызхана ашуды бұрыннан ойлап келгенін айтып:
- Бұл шаруаны ойлап жүргенімізге көп болды. Былтырдан бері қолға алдық. Бірінші бие байлайтын орын дайындадық. Екіншіден қымыз, шұбат сатылатын орын дұрыс болу керек. Қазақ үйді биыл дайындап бітіп, қымызханамызды аштық. Үлкендерден, ақсақалдардан бата алайық деп, Алла тағаладын рұқсат сұрайық деп қазақтың салты қымызмұрындық ұйымдастырып отырмыз, - деді.
«Аңсардағы» шұбат Қайрат Махановтың әкесі Өтеміс Махановтың «Дәулет» шаруа қожалығындағы алпыс түйеден сауылады. Өмір бойы мал өсіріп, жылқы баққан ол қымызмұрындық қонақтарына құлын байлайтын желі, кіндік бау, оған қатысты ырымдар туралы әңгімелеп берді.
- Барымта заманында қатты өшіккен адамдар желіні кесіп кетеді екен. Ол үйдің шаңырағы ортаға түссін деген жаман ырым - «Сен енді бұдан қайтып жылқы ұстамайсың» деген сөз, - деген Өтеміс Маханов бие сүті мен саумалдың, саумал қоры мен ашытқының айырмашылығын да түсіндіріп өтті.
Өтеміс Махановтың айтуынша, жақын жердегі Алматыдан қымыз бен шұбатты қалаға апарып сататын делдалдар көп келеді.
- Қымызды тек қымызханада сатамыз. Өйткені атымызды жамылып, басқа жерде су қосып та сатуы мүмкін. Қымыз негізі өзімізден де артылмайды. Күнделікті меймандарымыздан бөлек, қант диабеті (сусамыр), асқазаны ауыратын адамдар осында келіп емделеді. – дейді Өтеміс Маханов.
ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ ДӘСТҮРІ
Қымызмұрындыққа келген қонақтарға ауыл иелері «Аңсар» шаруа қожалығын таныстырды. Ашық аспан астында жүріп шөлдегендер емін-еркін киіз үйлерге кіріп, қымыз ішті. Түстен кейін қарасы көбейген кезде жұрт алдында кимешек киген әжелер күбі пен піспекті тобылғыға ыстап, қымыз жасау технологиясын көрсетті, кішігірім «дәріс» өтті.
Жиынға келген ақсақалдар қымызхана иелеріне батасын берді. Қазақ дәстүрі бойынша әжелер желіге ақ құйып, «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын» деп тілеп, байлаулы құлындардың үстіне шашу шашты. Қымызмұрындыққа келген жазушы Қажытай Ілияс көшпелі заманда қымызмұрындықтың қалай жасалғанын айтып берді.
– Қымызмұрындық құлын қарақұлақтанғаннан кейін, көкке тойғаннан кейін, топырақ қызғаннан кейін, тобылғы бүрлегеннен кейін жасалады. Себебі құлынды ерте байламайды, қатпа болып қалады. Қымызмұрындық ел жайлаудан түскенше жалғасады. Тамыз айына дейін қымызмұрындықты бере береді. Бір ауыл қымызмұрындық жасап отырса, басқа бие байлап отырған адамдар бір-бір саба қымызын, бір-бір малын өңгеріп, бір-екі кісіден келеді. Сол ауылдың қымызмұрындығы өткеннен кейін, енді бірде ана ауыл шақырады осы топты. Қымызмұрындық деген осы, – дейді ол.
Қымызмұрындыққа келген 90-нан асқан ақсақал, биология ғылымдарының докторы Зұлхарнай Сейітовтің айтуынша, жақсы қордан жасалған, температурасы сақталған қымызда эфирлер, антибиотиктер, ароматты заттар, ағзаға пайдалы мөлшерде спирттер болатынын айтты.
– Түркілерге жақын якуттар қымызды көптен істейді. Олар заң алған қымыз туралы. Немістердікі де дұрыс. Бірақ олар қымыз жасамайды. Бие сүтін бала тағамы ретінде қолданады. Оның өзі - тамаша. Германияға барған балам дүкендердегі бие сүтінен жасалатын бала тағамдарының түскен бетте сатылып кететінін айтып келді. Бие сүтін бала тағамы ретінде Ресейдің де алты облысында қолданады, - деді ғалым.
Зұлхарнай Сейітов Қазақстанда сатылатын қымыздың сапасына көңілі толмайды.
– Осыдан он жыл бұрын Моңғолия президенті сайланып, ұлықтау рәсімінде ол қымыз ішіп, «Мен халқымның алдында осы қымыздай ақ болам » деп ант берген. Қандай тамаша сөздер. Бірақ Қазақстан қымыздың отаны бола тұра, елімізде қымыздың сапасы нашар, – дейді академик.
Қымызмұрындыққа («Биебау» деп те аталады) әншілер Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрханов, Ерлан Төлеутай, Ақан Әбдуәлі, Жасұлан Базарбеков келіпті. Биебаудың соңы киіз үйлердегі дәстүрлі ән концертіне ұласты. Алтыбақан құрылып, жастар сауық құрды. Жиылған жұрт қыз қуу ойынын тамашалады. Дастархан басында биология ғылымдарының докторы, қымызтанушы ғалым Зұлхарнай Сейітов пен Қажытай Ілияс қазақтың ескі өмірінен әңгімелеп отырды.