Accessibility links

«Ескі киімге емес, өтемақыға мұқтажбыз»


Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылына су кірген кез. 29 сәуір 2015 жыл.
Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылына су кірген кез. 29 сәуір 2015 жыл.

Белсенділер тасқыннан зардап шеккен Ақмола облысындағы Оразақ ауылына гуманитарлық көмектің баяу жиналып жатқанын айтады. Тұрғындар «киім-кешек пен азық-түлік жетеді, қаржыға зәруміз» дейді.

Астанадағы тұрғын үйлердің кіре берісіне «Су басқан Оразақ ауылына гуманитарлық көмек қабылданады» деген мәтінді жарнама іліне бастады. Бұл құлақтандырудың иесі – Қазақстан халықтық коммунистік партиясы.

Партияның қалалық бөлімінің қызметкері Нұрдәулет Оразханов Азаттыққа көмек жинау ісі Оразақ ауылының тұрғындарының өтініштері бойынша ұйымдастырылғанын айтады. Оның сөзінше, аулаларға хабарландыру көптеп ілінгенімен астаналықтардың берген көмегі аз.

ҚАРАҒАНДЫМЕН САЛЫСТЫРУ

- Шынын айту керек, көмек жинау орнын ашқан кезде көп адам келеді деп ойлағанбыз. Су тасқыны бірінші Қарағандыда болған кезде астаналықтар жұмыла көмек жинап еді ғой, Ақмоладағы Оразаққа келгенде ондай белсенділік байқамадық. Ешкім ештеңе әкелмеді. Сосын өзіміз – партия мүшелері, бизнесмендер қосылып, жинағанымызды апарып бердік, – дейді Нұрдәулет Оразханов.

Бұдан бөлек көмек жинау орыны Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының астаналық бөлімшесінде де ашылып, әлеуметтік желілерде көптеген хабарландыру жарияланған. Партия мүшелерінің айтуынша, Оразаққа көмек жинау туралы оларға ешкім өтініш айтпаған. Бұл – өздерінің бастамалары.

- Қол ұшын созғысы келетін тұрғындар үшін көмек жинау орнын ашқанымызға бір аптадан асты. Келіп жатқандар өте аз. Төрт-бес компания басшысына өтініш хат та жаздық. Бірақ жауап болмады, –дейді партияның қалалық бөлімінің басшысы Асхат Рахымжанов.

Тасқын кезінде Оразақ ауылына барған құтқарушылар. Ақмола облысы, 29 сәуір 2015 жыл.
Тасқын кезінде Оразақ ауылына барған құтқарушылар. Ақмола облысы, 29 сәуір 2015 жыл.

Астанада тұратын Сәрсен Бейсенбек Азаттыққа әлеуметтік желілердегі Оразаққа жәрдем көрсету туралы хабарландыруды көргенін, бірақ тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға деген көмегін қаладан 60 шақырымдағы ауылға өзі апарып бергенін айтады.

Ал Оразақ ауылының әкімі Нұрлан Қасымбеков сырттағы ел-жұрттан көмек сұрамағандарын, өз аяғымен келген дүниеден бас тарта алмайтындарын, келген заттың бәрін хатқа түсіріп, тұрғындардың тасқыннан шығындалу жағдайына қарай үлестіріп жатқандарын айтады. Оның сөзінше, қазір азық-түлік пен киім-кешек жеткілікті. Тек төсек-жабдық жетіспейді.

- Жекелеген адамдар телефон соғып, не керек екенін сұрап жатыр. Өткенде бір компания екі жарым тонна құс етін жіберіпті. Қоярға жер таппай қалдық. Ондай ет сақтайтын жер жоқ мұнда. Сондай жағдай болмас үшін алдын ала келісіп, айтып жатырмыз. Ауылға арнайы келіп ас беріп жатқандар да көп. Апаттың алғашқы күніндегі абыр-сабыр кезінде кей тұрғындарға қажетті көмек берілмей, біраз сөз болды. Қазір ондай мәселе жоқ, – дейді ол.

«ЕСКІ КИІММЕН НЕСІНЕ АЛДАЙДЫ?»

Үйі тасқын судың астында қалған Оразақ ауылының тұрғындары қазір әр жерге қоныстандырылған. Ауыл сыртында 30 отбасына «палатка» тігілген. Солардың бірінде тұрып жатқан Нұрай Жүкенова «палатка» іші ауа-райына байланысты тым қатты суып, я ысып кететіндіктен, балаларын пәтер жалдап қалаға жіберген. Өзі судан бүлінген үйдің шығынын есептейтін комиссияның жолын тосып, керек құжаттарын жинап, ауылда қалған. Ол жергілікті мектеп асханасында үш уақыт тегін тамақтанатынын айтады. Нұрай Жүкенова «үйімді тезірек салып берсе, одан басқа көмектің қажеті жоқ» дейді.

Ал Ғарифолла Әбенов есімді Оразақ ауылының тұрғыны жергілікті әкімдік тарапынан ешқандай көмек алмағанын айтады.

- Гуманитарлық көмек ретінде ел ескі киімдерін жіберіп жатыр. Құдай-ау, бүтін киім таптырмайтын соғыс уақыты емес қой. Жетпістен асқан әке-шешем бар. Палаткаға оларды қалай жатқызам? Үйсіз қалған біраз жұрт ауылдағы қаңырап бос тұрған пәтерлерге кіріп алды. Тегін емес әрине. Иесімен азын-аулақ ақшаға келісіп кірді. Інімнің алты баласы бар. Үйінен әлі су кеткен жоқ. Алты баламен қайда барады? Бәріміз Астанада пәтер жалдап отырмыз. Неге бізге қаржылай өтемақы бермейді? Тегін келген ескі киім-кешек, тамақпен несіне алдайды? Қанша уақытқа дейін пәтер жалдап шығындаламыз? – дейді ол.

Бәріміз Астанада пәтер жалдап отырмыз. Неге бізге қаржылай өтемақы бермейді? Тегін келген ескі киім-кешек, тамақпен несіне алдайды? Қанша уақытқа дейін пәтер жалдап шығындаламыз?

Ауыл әкімінің айтуынша, мамырдың 9-ы күні облыс әкімінің орынбасары тұрғындармен жиналыс өткізген. Сол отырыста тасқын судан зардап шеккен әр отбасыға облыстық бюджеттен алғашқы материалдық жәрдемақы ретінде 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 60 мың теңге) қаржы бөліну ісі қарастырылып жатқаны айтылған.

Азаттық хабарласқан тұрғындар бұл соманы өте аз санайды. Бірақ амалдың жоқтығынан сонда да көмекті алу үшін құжаттарын өткізіп жатқандарын айтады. Ауыл тұрғындарының соңғы аптадағы мүшкіл ахуалы туралы бір топ астаналық белсенді түсірген видео да YouTube желісінде жарияланды.

Оразақ ауылының ішінен қазір су кете бастаған. Тасқыннан бүлінген үйлердің шығынын есептейтін комиссия жұмыс істеп жатыр. Ауыл әкімінің сөзінше, 150 отбасына арнап жаңадан 75 «қоржын үй» (екі ауызды типтік шағын үй) салынбақ. Ал 20 отбасы «өз қалауларымен Ақмол ауылында салынатын үйлерге көшірілмек». Құрылыс жұмыстары мамырдың 20-сы күні басталмақшы.

Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылын сәуірдің 28-і күні су басып қалып, 200-дей үй бүлініп, жүздеген адам эвакуацияланған. Бұл ауылда 1 мың 845 адам тұрады. Тасқынға дейін 367 үй болған. Тасқынның кесірінен 30-дан астам үй құлап қалған. Жүзге жуығы апатты жағдайда тұр.

XS
SM
MD
LG