Accessibility links

Виртуалды еріктілер Facebook-ті аударып жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
«Ерікті» деп қоғамдық маңызды жобаларға өз еркімен қатысып, ол үшін ешқандай сыйақы күтпейтін адамды атайды. Қазіргі кезде интернет-еріктілік те танымал бола бастады.

FACEBOOK-ТІҢ ҚАЗАҚШАСЫ

Соңғы кезде Facebook әлеуметтік желісінде тетіктерінің қазақша нұсқасының көрінгені туралы қолданушылардың қуанышты жазбалары пайда бола бастады. Бұл - желіні қазақшалауға тырысып жатқан бір топ еріктілер жұмысының нәтижесі.

Белсенді интернет қолданушысы Нұржан Сәдірбекұлының айтуынша, қазан айында Facebook-тің үштен бір бөлігі қазақшаға аударылып біткен.

Интернет қолданушысы Нұржан Сәдірбекұлы. (Сурет Facebook парақшасынан алынды)
Интернет қолданушысы Нұржан Сәдірбекұлы. (Сурет Facebook парақшасынан алынды)
- Сәуір айында Данияр Сәкенов аудармашылар үшін нұсқаулық жасап шығарды. Аудармалар бірізділігін сақтау үшін нақтыланған аудармалар тізімін Арслан Бейсенов дайындады. Топтың басқа мүшелері Айбол Ұлықпан, Олжас Асқар, Зоя Қойшыбаева, Садық Шерімбек, Диляра Тектігүл, Аслан Бекет, Айбек Өжкентегі, Асхат Еркімбайлар аудармалардың саны мен сапасын арттырды, - дейді Нұржан Сәдірбекұлы.

Оның айтуынша, жазда алғаш рет желіде жиі қолданылатын «лайк» сөзі «ұнату» болып қазақшаланған.

Қыркүйек айында аудармалардың жалпы көлемі 30 пайызға жеткенімен, желіде жаңа функциялардың қосылуына байланысты қайта азайып, он пайызға түсіп кетіпті.

Бірақ еріктілердің күш салуымен бұл көрсеткіш отыз пайыздан асып, қарашада барлық жаңа аударылған сөздер көріне бастаған.

- Facebook-тің Mail.ru, Вконтакте желілерінен артықшылығы сол - ашық коды бар желі. Яғни қолданушылар оны өз тіліне аударып пайдалана алады. Қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтар Facebook-ті әрқайсысы әртүрлі тілде қолданады: Қытайдағы қазақтар - қытайша, Моңғолиядағы - моңғолша, Түркиядағы - түрікше. Егер Facebook қазақшаға аударылса, осы қандастардың барлығы ана тіліміздің аясына топтасар еді. Себебі көп жастар әлеуметтік желіде күнде чатпен әңгімелесу арқылы, ойын ойнау арқылы да шет тілдерді үйреніп жүр. Яғни мұның үлкен септігі тиеді, - дейді Нұржан Сәдірбекұлы.

Оның айтуынша, кез-келген қолданушы бұған өз үлесін қоса алады.

- Ол үшін Facebook-тегі «Translator Community For Қазақша» тобына мүше болып, содан соң тіл баптауларын қазақшаға ауыстырады. Сосын ағылшын тілінен қазақшаға аударма жасай береді, - дейді ол.

ЕРІКТІЛІКТІҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ

«Мәссаған» ұлттық порталының негізін қалаушылардың бірі Жанарбек Матайдың ойынша, Қазақстандағы интернет-еріктілік дамуының үш кезеңі бар.

"Мәссаған" сайты авторларының бірі Жанарбек Матай. Facebook парақшасынан алынды
"Мәссаған" сайты авторларының бірі Жанарбек Матай. Facebook парақшасынан алынды
- Ең алғаш еріктілер 1999-2001 жылдары пайда болды. Сол кезде «Сұқбат» деген қазақша форум (сайт) болды. Бұл сайт қазақ тілді ірі сайттардың алғашқысы еді. Әлемнің әр жерінен қазақ студенттері кіретін. Бірақ көбіміз латынша, кирилше араластырып жаза беретінбіз. Кейіннен бұл сайт жабылып қалды. Не болғанын білмеймін. Бұл кез қазақ интернетінің сәби кезі еді. Бұл кезде кирилше бір сөзді іздеу жүйесіне қойсаң, ештеме шықпайтын кез ғой. Контент деген жоқтың қасы ғой, - дейді Жанарбек Матай.

2005-2010 жылдар аралығын екінші кезеңге қосқан маман бұл кезеңде қазақ жастары арасында танымал болған «Мәссаған», «Керекинфо» жобаларын атап өтеді.

- Бұл кездің қазақ тілінде интернеттің терминдерін қалыптастыруға, контентті молайтуға көп үлесі болды. Мысалы, "линк" сөзінің қазақша баламасы қалай болады дегенді "Керекинфода" талқылағанымыз есімде. Сол сияқты "Мәссағанды" алғаш ашқанда контент жоқтың қасы еді. Осы жобалар контент қосатын еріктілердің пайда болуына ықпал етті деп ойлаймын. Мысалы, "Мәссағанда" ақындар, жазушылар, құжаттар, әзіл-оспақ деген айдарларды бізде тіркелген қолданушылар өздері жүргізе алатын еді, - дейді Жанарбек Матай.

Оның айтуынша, қазіргі мезгіл - қазақ интернеті дамуының үшінші кезеңі.

Қазақстанда интернеттегі ерікті көмекті насихаттап жүрген «24/7 Languages»
Медиа-тренер Бақытгүл Салықова.
Медиа-тренер Бақытгүл Салықова.
жобасының үйлестірушісі Бақытгүл Салықованың айтуынша, еріктілер «вебсайттарды локализациялау, ашық кітапханалар мен энциклопедиялардың мазмұнын кеңейту, онлайн сөздіктердегі сөздердің санын көбейту мен жіберілген қателерге назар аудару сияқты істерге үлестерін қосып жүр».

Ақпарат бойынша, 2008 жылдан бастап Асхат Еркімбай, Қуаныш Мағзуов, Бақытгүл Салықова бастаған блогшылар wordpress.com ірі блог тұғырын ерікті ретінде аудара бастаған.

Дәл осы жылдан бастап Бауыржан Муфтахидинов, Дәурен Сәрсенов, Тимур Тимирханов Mozilla Firefox, Debian GNU/Linux, т.б бағдарламаларды қазақшаға бейімдеуге тырысқан. Блогшылар шоғырының көбеюі, жеке энтузиастар жобаларының пайда бола бастауы да осы жылы байқалған.

Қазақстанда еріктілердің көмегімен жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – «Уикипедия» жобасы. Уикипедияның қазақ тіліндегі бөлімі 2002 жылдың 3 маусымында ашылғанмен, онда алғашқы мақала 2005 жылы пайда болған.

2012 жылы қарашаның 20-сы күнгі дерекке қарағанда, қазақша Уикипедияда 182 мың 222 мақала жазылыпты. Бүкіл әлемдегідей қазақша Уикипедия жобасын да негізінен еріктілер дамытып жатыр.

ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Жанарбек Матайдың айтуынша, қазақтілді контенттер санының молайып, түрлене бастауына еріктілер шама-шарқынша үлестерін қосты. Бірақ ол бұл салада жаңа деңгейге көтерілу үшін жаңа толқын қажет дейді.
Егер осы салаға қызығатын бизнесмендер еріктілердің жобасын коммерциялық жобаға айналдырса, жақсы болар еді.

- Бұл толқынға жаңа еріктілер қосылуы мүмкін. Егер осы салаға қызығатын бизнесмендер еріктілердің жобасын коммерциялық жобаға айналдырса, жақсы болар еді. Миллиондап қаржы бөлмесе де, үкімет ортақ бір технологиялық парк ашып, сол жерде стартап компанияларға жеңілдетілген қызмет көрсететін жағдай болса, біздің жобалар келесі деңгейге көтеріледі. Өткен жылы Астана стартап уикендіне бақылаушы болып қатысқан едім. Сол сияқты шараларға еріктілердің жобаларын тарту қажет. Біздің сайттарымыз уордпресс, друпалмен шектеліп қалды. Бізге өзгеше жобалар қажет. Мысалы, қалта телефонына арналаған жобалар деген сияқты, - дейді Жанарбек Матай.

Нұржан Сәдірбекұлының ойынша, еріктілер қатары көбеюі үшін біріншіден, қоғамға ол істі дұрыс түсіндіріп, көбірек насихаттау керек.

- Еріктілік деген сөз альтруизммен, қоғамға өз еркімен қалтқысыз қызмет етуден шығады. Соғыс кезінде мыңдаған адамдар өз еркімен майданға барды, жаралыларға көмек берді. Бейбіт кезеңдерде еріктілер тобы өз күштерімен игілікті істер жасайды. Еріктілік адамдардың ортақ мүддені түсінуінен барып туындайды, - дейді Нұржан Сәдірбекұлы.

Әлемде интернеттегі еріктіліктің ауқымдылығын көрсететін мысалдар көп. 2010 жылы Ресейде ірі өрт болған кезде еріктілер әлеуметтік желінің көмегімен өрт ошақтары туралы мәліметтерді жинап, жүйелеп, өртті сөндіруге үлес қосқан.

Ал аргентиналық Адриана Паласиос ВИЧ және СПИД-пен күресетін канадалық ұйымның ақпараттық материалдары мен ресурстарын әлемнің 28 тіліне аударып, 80-нен астам елде жұмыс істеп жатқан 600-ден астам ұйымға таратқан. Ол бұл жұмысын әлі күнге дейін жалғастырып келеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG