Accessibility links

Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты


Қордай шекара бекетіндегі блокпостта тұрған жауынгер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай шекара бекетіндегі блокпостта тұрған жауынгер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

Осы апта Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу пункттерінде ұзын сонар кезек пайда болып, екі елдің азаматтарына шекарадан Қазақстанға өту қиындаған еді. Сочиде өткен Еуразия экономика кеңесі отырысына барған қырғыз премьері Сапар Исаков қазанның 11-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлескенін, Назарбаевтың Қазақстан үкіметіне шекарадағы мәселелерді шешуді тапсырғанын Facebook-те хабарлаған еді. Іле-шала оның бұл ақпаратын Қазақстан үкіметі теріске шығарды. Енді қырғыз үкіметі Назарбаевтың берген уәдесі рас деген сарындағы ресми ақпарат таратып отыр.

Екі ел арасындағы шекара бекетінде ұзын сонар кезек қазанның 10-ынан бері пайда болған. Тексеру амалдарын Қазақстан күшейткен. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ-қырғыз шекарасындағы пайда болған "барлық мәселелерді шешуге Қазақстан үкіметіне нұсқау бергені" туралы ақпаратты алғаш қырғыз премьері Сапар Исаков 2017 жылы қазанның 11-і күні Facebook-те таратты.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (қазанның 11-і)

Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

ИСАКОВТЫҢ АҚПАРАТЫН АСТАНАНЫҢ ТЕРІСТЕУІ

Қазанның 11-і түнгі 22:40-та жазған хабарламасында қырғыз премьері Сапар Исаков "Еуразия экономикалық одағының жоғарғы кеңесі отырысына қатысқан кезімде Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп, оған қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасында қалыптасқан жағдайды айттым. Келіссөздерден кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев шекарада қалыптасқан барлық мәселелерді шешуге Қазақстан үкіметіне тапсырма берді" деп [орыс тілінде] жазған.

Ертеңінде, яғни қазанның 12-сі күні Қазақстан премьер-министрінің вебсайтында Қырғызстан премьерінің бір күн бұрын "Қазақстан президентімен қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды талқылағаны туралы" мәлімдемесін терістейтін ақпарат жарияланды.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасына барған тілшінің көргені

Ресми жазбада: "Біріншіден, Сочиде (РФ) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Премьер-Министрінің келіссөздері өткізілген жоқ. С. Исаков мырзаның жеке Facebook парақшасында орналастырылған фотосуретте расталғандай, оның біздің Елбасымызға жақындап келуі ғана орын алды. Екіншіден, Қазақстан Президентінің «шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне тапсырма бергендігі» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді" деп көрсетілген.

"ТЕРІСТЕУДІ ТЕРІСТЕУ"

Астана қырғыз премьері Исаковтың ақпаратын терістеген күні кешкісін Қырғызстан премьер-министрінің ресми сайтында "қазақ тарапымен шекарадағы жағдайды тез арада шешу" туралы уағдаластық жасалғаны туралы ақпарат қайта шықты.

Ол ресми мәлімдемені Қырғызстанның "Кабар" мемлекеттік ақпарат агенттігі "Қырғызстан үкіметі Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәлімдемесіне жауап берді" деген тақырыппен таратты.

Мәлімдемеде "Қырғызстан премьер-министрі С.Исаков Қазақстан президенті Н. Назарбаевпен шекардағы өткізу пункттерінде қалыптасқан жағдай туралы сөйлесті. Ол жерде екі ел арасында келіссөздер жүрген жоқ.

Н.Назарбаев әңгіме барысында түсіністік танытып, қалыптасқан барлық мәселелерді шешу туралы тапсырма беретінін айтты.

Осы ретте, Еуразия экономикалық кеңесі жиыны аяқталар тұста премьер-министр С.Исаков басқа қатысушылардың көзінше Қазақстан президентіне мәселені шұғыл әрі оңынан шешкені үшін алғыс білдірді. Бұған жауап ретінде президент Н.Назарбаев қырғыз халқына үнемі көмектесуге даяр екенін, екі елдің қарым-қатынастарын дамытуға әзір екенін айтты.

Қырғызстан премьер-министрі осы оқиға туралы қоғамға Қазақстан лидерімен арада болған әңгіменің мазмұнынан шыға отырып, әрі қазақ тарапымен шекарадағы жағдайды тез арада шешу керек екені жайлы бір түсіністікке келгендіктен хабар тартты.

Қырғызстан үкіметі Қазақстан тарапының шекарадағы жоспарлы операциясын қысқа уақытта аяқтайды, өткізу пункттерінің жұмысы бұрынғы қалпына келеді деп сенеді" деп жазылған.

Қырғызстан шекара қызметі бүгін Қазақстан шекарасынан өтудің жеңілдей бастағанын хабарлады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі де жазып жатыр.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай шекара бекетінен өтудің күрт қиындағаны, жұрт көп сағат сарыла күтетін ұзын сонар кезектердің пайда болғаны туралы ақпарат қазанның 10-ы кешке тарай бастаған еді. Алғашқы видеолардың бірін Facebbok арқылы "Жалбырак ТВ" арнасы таратқан:

Ресми түсіндірме дер кезінде берілмей, жұрт жағдайды Атамбаевтың Қазақстан билігін сынауымен байланыстыратын болжамдар жасаған.

​Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы түнгі кезекті сан-саққа жүгіртті

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазанның 7-сі күні Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынаған болатын.

ВИДЕО: Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзі (8 қазан 2017 жыл):

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:23 0:00

​Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қатысты айтқандарын «жауапсыздық» деп атаған. Ол қырғыз президентінің «сайлау қарсаңында жасаған» мәлімдемелері «екі елдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығына сызат түсірмеуі керек» деп мәлімдеген.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай тексеру-өткізу бекетінен күн сайын 25 мыңға жуық адам, екі мыңдай көлік өтеді. Қазақстан мен Қырғызстан арасында Еуразия экономика одағы талабы бойынша кеден бақылауы алынып тасталған. Қазақ-қырғыз шекарасында бақылаудың күрт күшейген сәттері бұрын да болған. Оның кейбірі «екі ел арасындағы су мәселесіне байланысты болса, кейбірі саяси жағдайларға байланысты» деген болжамдар айтылған. 2010 жылы қырғыз билігінен Құрманбек Бакиев кетірілгеннен кейін Қазақстан Қырғызстанмен арадағы кеден бекеттеріне күшейтілген бақылау орнатқан.

XS
SM
MD
LG