Accessibility links

Құқық қорғаушылар Чехияда тұтқындалған алты адам - Қазақстан мен Ресей босқындарына көмектесуге шақырады


Тұтқындалған босқындарға адамдарды заңсыз тасыған деген айып тағылуда. «Орталық Азиядағы адам құқығы» ұйымы Қазақстанға 205 босқынды депортациялауды тоқтату үшін халықаралық қоғамдастықтың араласуын талап етіп отыр.

Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқығы» құқық қорғау ұйымы наурыздың 3-інде, Чехияның түрлі қалаларында, Қазақстанның 5 азаматы мен Ресейдің бір азаматы тұтқындалғанын хабарлады. Олардың екеуі Чехиядан саяси баспана алып қойған. Қалған алтауына баспана беруден бас тартылғанымен, олар қайта арыздану сатысында тұр.

«Орталық Азиядағы адам құқығы» ұйымының келтірген дәйектеріне қарағанда, тұтқындалған қазақстандық босқындарға Чехияның, Польшаның және Австрияның аумағында жасалды-мыс делінген қылмыстарға қатысты айып тағылған.

«Орталық Азиядағы адам құқығы» құқық қорғау ұйымының басшысы Надежда Атаева тұтқындалғандардың жақын туыстарына сілтеме жасай отырып, «3 наурыз күні таңғы сағат алтыда әрбір қазақстандық босқынның үйіне чех полицейлері басып кірген» деп жазады біздің Азаттық радиосына:

"Тұтқындалған барлық сегіз босқынға оларды тұтқындау мен үйлерін тінтуге катысты қаулы көрсетілген. Оларға польша-чехия, чехия-австрия шекарасы арқылы адамдарды заңсыз алып өтті-міс деп тағылған айыпты оқып берген. Бұл босқындарға екі жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұр. Сот шешімінің негізінде Чехияда тұратын алты адам тұтқындалған. Тұтқындалғандардың екеуі Словениядан чехтың Млада Болеслав қаласындағы отандастарына қонаққа келіп жатқандар. Қазір босқындарға өздері азаматы болып табылатын елге депортациялану қаупі төніп тұр. Атап айтқанда, тұтқындалғандардың біреуі Чехияның аумағын 2009 жылдың 9 наурызына дейін тастап кету туралы нұсқау алды,"- деп жазады Надежда Атаева.

Надежда Атаева Азаттық радиосына жазған хатында алты босқынның әлі де Чехия құқық органдарының тұтқынында отырғанын хабарлайды. Сонымен бірге, ол босқындардың үйіне чех полицейлері жүргізген тінтуге қатысты алаңдаушылық білдіреді:

"Тұтқындалғандардың туыстарының куәлігі бойынша, тінту кезінде мына құжаттар алынып қойған: жеке басты куәландыратын құжаттар; «Орталық Азиядағы Адам құқығы» ұйымының қызметкерлеріне халықаралық ұйымдарда босқындардың мүддесін қорғауға өкілеттік беретін сенімхаттар; Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотында босқындардың мүддесін қорғауға өкілеттік беретін сенімхаттар; Қазақстанға күштеп қайтарылу қаупі төніп тұрған басқа босқындардың «Орталық Азиядағы Адам құқығы» ұйымына беруге даярланып қойған төлқұжаттарының көшірмелері, ұялы телефондар, ноутбуктар,"-деп жазады Надежда Атаева.

Оның айтуынша Словениядан келіп, чехтың Млада Болеслав қаласындағы отандастарында қонақтап жатқан екі босқынның аты-жөндерін анықтау мүмкін болмаған. Алайда, жақында оларды тұтқыннан босатқандығы белгілі болды.

Өздерінің діни көзқарастары үшін қазақстанның құқық органдары тарапынан қудаланған соң 2006 жылы Қазақстанды тастап шығуға мәжбүр болған 205 қазақстандық босқын туралы біздің Азаттық радиосы неше мәрте жариялаған. Қазақстан билігі оларды салафиттер деп атайды және олар қазіргі режимге қауіп төндіреді деп есептейді.

Бірақ, «Орталық Азиядағы адам құқығы» ұйымының басшысы Надежда Атаева барлық 205 қазақстандық босқын Қазақстанда саяси себеппен қудаланған деп есептейді. Оның пікірінше, қазақстандық босқындарды өз елдеріне депортациялау мүмкін болған жағдайда, оларды қинау күтіп тұр. Міне, дәл осы себепті «Орталық Азиядағы адам құқығы» ұйымы өзінің позициясында тұрып, халықаралық құқық нормаларына сай қазақстандық босқындардың құқығын қорғамақ.

"Біздің ұйым қолдағы бар ақпараттардың негізінде, Чехиядағы 205 қазақстандық босқынның жағдайы, бұл адамдардың Қазақстанда қудалану себептері туралы БҰБК-ге (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас комиссарының басқармасы) сараптамалық анықтама даярлады. Женевадағы офисте де бұл жайында білуі керек. Бұдан соң осы бір жапа шеккен адамдар үшін жағымды жағдай орын аларына сенімдіміз. Бір мезетте біз БҰҰ-ның азаптауға қарсы Арнайы баяндамашысының офисін де хабардар етеміз. Олар, әдетте өз мандаттары аясындағы дабылға мұқият қарайды. Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына, дәстүрлі емес ислам деп аталатын ағымның адамдарын қинау орын алатын елге депортацияны тоқтату туралы 39-шы ереже бойынша мәлімдеме даярлану сатысында. Шұғыл атқарылып жатқан осы шаралардың барлығы бұл босқындарды депортациялау туралы шешімді өзгертуге бағытталған,"- деп жазады Надежда Атаева.

Дәл осы сәтке белгілі болғаны «Орталық Азиядағы адам құқығы» ұйымы аталған хабарға қатысты адам құқығы жөніндегі халықаралық институттар тарапынан да әрекеттер күтеді.

Бұның алдында «Атамекен» оппозициялық партиясының төрағасы Ержан Досмұхамедов те Чехиядағы 205 қазақстандық босқынның құқығы үшін ара түскен. Қуғындағы оппозиция жетекшісі Ержан Досмұхамедов Чехия президенті Вацлав Клаусқа жасаған мәлімдемесінде Чехия үкіметін «қинау мен қуғындауға түсуі мүмкін» 205 қазақстандық босқынды депортациялауды тоқтатуға шақырған.

Сонымен қатар, Ержан Досмұхамедов Чехиядағы 205 қазақстандық босқынның жағдайына байланысты ЕҚЫҰ-на де өтініш білдірді.

3 наурызда Ержан Досмұхамедовтың аталған құрылымнан жауап алғандығы белгілі болды. Онда ЕҚЫҰ бас хатшысы Марк Перрин де Брикамбаут, бұл ұйым Чехиядағы қазақ діни босқындарының жағдайын жіті қадағалап отыр деп жазады. Алайда, дәл осы күні, 3 наурызда, чех полициясы халықаралық қорғау мәртебесін сұраушы қазақ босқындарын тұтқындап, тінту жүргізді.

«ЕҚЫҰ Қазақстан өкіметімен діни сенім бостандығы тақырыбына қатысты келіссөздерді белсенді түрде жүргізуде. ЕҚЫҰ-ның діни сенім бостандығы жөніндегі сарапшылар тобы арқылы Қазақстандағы дін туралы заң жобасын сараптаумен қамтамасыз етті. Бұл көмекке қосымша ретінде және белгілі жағдайды бақылауға қатысты мен мынаны айтқым келеді. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы Қазақстандағы адам құқығы проблемасын мұқият қадағалап отырады»,- деп жазады Марк Перрин де Брикамбаут.

«Атамекен» оппозициялық партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов 4 наурызда Прагада болып, Чехияның кейбір саяси қайраткерлерімен кездесіп, олардың назарын қазақстандық діни босқындарды шеттету, кемсіту проблемасына аударды.
XS
SM
MD
LG