Маусымның 22-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталғанын хабарлап, халыққа үндеу жолдады. Үндеуде мұны «тарихи оқиға» ретінде бағалаған Нұрсұлтан Назарбаев «19 жылға созылған келіссөзде Қазақстан өзіне тиімді шарттарға қол жеткізгенін, ДСҰ мен Еуразия экономикалық одағы (ЕЭО) талаптарын ұштастыра алғанын» айтты.
Баспасөз бетінде жария болған бұл хабардан кейін әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарап, «бұдан былай тауар арзандайтыны», «Қазақстаның ЕЭО-мен саяси-экономикалық қатынасын өзгертуі мүмкін екендігі» жөнінде түрлі пікірлер айтылған.
«ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІС БОЛМАЙДЫ»
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың ішінде Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін «шын мәнінде болып қойған жайтты тіркеу» деп санаушылар да бар. Сарапшы Айдархан Құсайыновтың айтуынша, Қазақстан ДСҰ-ға кіру үшін қазірге дейін ДСҰ талаптарына сай келетін процедураларды әзірлеп қойған, экономика қазірдің өзінде сол бойынша жұмыс істеп келеді – сондықтан ДСҰ-ға кіргеннен кейін елеулі өзгеріс бола қоймайды.
– ДСҰ-ға мүше болу БҰҰ-ға мүше болу секілді декларациялық сипаты көбірек саяси мәндегі құжат деуге болады. «Әлем мүше болған соң біз де мүше болуымыз керек» деген мақсат орындалған сияқты. ДСҰ алғаш ұйымдастырылған кезде оның маңызы жоғарырақ болатын. Қазір ДСҰ-ға мүше емес мемлекеттер санаулы, олардың бәрі пайда көріп отыр деу қиын, - дейді Айдархан Құсайынов.
ДСҰ-дан гөрі Қазақстанның ЕЭО-дағы мүддесі көбірек қорғалуы мүмкінАйдар Құсайынов
Оның сөзінше, Қырғызстанның ДСҰ-ға кіргеніне 10 жылдан асып кетсе де, ол елдің экономикасына маңызды өзгерістер әкеле қоймаған.
Айдар Құсайынов «ДСҰ-ға мүшелік Қазақстан қоғамында айтарлықтай кереғар пікірлер туғызған ЕЭО-ға мүшелікпен еш қайшы келмейді» деп санайды. Өйткені бұл ұйымға мүше Ресей, Армения, Қырғызстан – ДСҰ-ның да мүшелері.
– Әлемнің жетекші мемлекеттері мүдделерін көбірек алға шығаратын ДСҰ-дан гөрі Қазақстанның ЕЭО-дағы мүддесі көбірек қорғалуы мүмкін, - дейді Айдар Құсайынов.
Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан да Қазақстанның ДСҰ-ға кіргені пайдалы қадам деп есептейді. «Қазақстанның экспортына тиімді, ішкі нарықта бәсеке күшейеді, баға төмендеп, тауар сапасы артады» деген ол бұл мәселеде ЕЭО-мен қайшылық бола қоймайды деп санайды.
– ЕЭО туралы келісімде ДСҰ-ға кіру шарттары көрсетілген. Сол себепті Ресей осыдан үш жыл бұрын қандай шартпен қосылса, Қазақстан да сондай шартпен ДСҰ-ға кіреді. Сол себепті ДСҰ-ға кіргені Қазақстанның ЕЭО-мен қатынасына айтарлықтай өзгеріс әкелмейді, - дейді Мұхтар Тайжан.
«19 ЖЫЛДЫҚ КЕЛІССӨЗ»
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов та ДСҰ-ның шарты ЕЭО келісімімен қайшы келмейтініне сенімді. Оның айтуынша, әлемдегі тауар айналымының 90 пайызы жүретін сауда ұйымына кіруден Қазақстан ұтады.
– ДСҰ өз мүшелерінің тауар бәсекелестігін реттеп, өзара нарыққа кіруді жеңілдетеді, соған сай тауар бағасы да арзандайды, - дейді ол.
Қазақстан ДСҰ-ға кіру жөнінде келіссөздердің аяқталуға жақын қалғанын үш-төрт жылдан бері мәлімдеген. «Қазақстан биылдан қалмай ДСҰ-ға мүше болады» дейтін мәлімдемені ресми орындар бірнеше рет қайталаған. Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов мұны келіссөз жүргізуші қазақстандық мамандардың саны аздығынан көреді.
– Небәрі алты-жеті адам ғана келіссөз жүргізіп, құжаттарды талқылады. Олардың өзі үнемі ауысып кетеді. Кезінде «ДСҰ-ға кіру процесі ашық талқылансын» деген депутаттық сауал да қойдым. Мысалы, Қытай ДСҰ-ға кірерде ДСҰ ережелерін тұрақты негізде 100 мың адам қарады. Бізде келіссөз жүргізу процесі әлсіз болды, - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Қазақстаның ДСҰ-ға кіру шарттары бизнес ортада өте аз талқыланған. Мәжіліс депутаты маусымның 22-сінде Женевада қол қойылған құжаттың толық нұсқасын Қазақстан парламенті депуттаттары әлі көрмегенін, сонықтан нақты қандай шарттарға қол қойылғанын білмейтінін айтады. Оның сөзінше, келісім 2015 жылдың соңына дейін ратификациялануы мүмкін, тұпнұсқа сол кезде қаралады.
Қазақстанның ЕЭО-дағы серіктері арасында ДСҰ-ға ең алғаш рет 1998 жылы Қырғызстан мүше болған. ЕЭО-ға 2014 жылдың соңында қосылған Армения да – 2003 жылдан бері ДСҰ мүшесі. Ал Ресей ДСҰ-ға 2012 жылы қабылданған.