Бүгін Жамбыл облысы Қордай ауылында 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбековтің соты аяқталып, сот оны Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары арқылы «ұлтаралық араздық тудырды» деп таныды. Қарашаның 4-інен бері өтіп жатқан процестің бүгінгі отырысында соңғы сөз берілген Тайшыбеков өзіне қарсы қозғалған істің құрамында «қылмыс жоғын» айтып, оның «саяси астары бар» деп санайтынын мәлімдеді.
Тайшыбеков соңғы сөзін бір жарым сағаттай сөйледі. Ол сотқа қазіргі ұстанатын әрі қылмыс деп санамайтын саяси көзқарастары қалай оянғанын баяндады. Ол «мені не үшін айыптап жатқанын әлі түсінбеймін» деді.
Тайшыбеков соңғы сөзінде «Қазақстанды ұлы ел деп санамаймын, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаев - ұлы тұлға. Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен Қазақстан-Ресей мемлекетінің басшысы, ал Владимир Путині арнайы қызмет басшысы болғаны жөн» деп мәлімдеді. Осы тұста судья Қайрат Белгішев «сотталушының соңғы сөзін бөліп жатқан жоқпын» деп ескертіп, Тайшыбековтен істің мәнінен ауытқымауын сұрады.
- Бірақ мен дәл осы істің мәнін айтып жатырмын, - деп дауыстап жіберді Тайшыбеков.
Судья «Саясат керек емес» деп нақтылады өз тілегін.
Үкім жарияланғаннан кейін Ермек Тайшыбеков адвокатына үкімге қатысты шағымданатынын, өйткені сот беталысы «айыптауға ыңғай алғанын» байқаған бетте аппеляциялық шағымын бірден жаза бастағанын айтып үлгерді.
Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен Қазақстан-Ресей мемлекетінің басшысы, ал Владимир Путині арнайы қызмет басшысы болғаны жөн.Ермек Тайшыбеков
Сот аяқталған соң сотталушының адвокаты Анатолий Окуньков Азаттық тілшісіне Ермек Тайшыбековтің және өз атынан, яғни екі аппеляциялық шағым әзірлеп, Жамбыл облыстық сотына жолдайтынын айтты.
Ермек Тайшыбеков соңғы сөзін айтқан және үкім жарияланған сәтте бауыры Марлен Тайшыбеков, нағашы ағасы және өзге туыстары мен Facebook желісіндегі досы, Алматыдан келген азаматтық белсенді Қайрат Байгереев залда отырды. Олар "сот тым қатал үкім шығарды, блогердің көзқарастары біреулерге ұнамаса да, оның ешқандай жазығы жоқ" деп санайды.
- Оның көзқарастары маған да ұнамайды, бірақ оны кінәлі деп санамаймын, - дейді Тайшыбековтің 62 жастағы нағашысы Ізбасар Сатыбалдиев.
Бүгінгі сотта арызданушылар мен куәгерлер тарапынан ешкім болған жоқ. Өздерін «ұлтшылдар» деп атайтын алматылық белсенділердің арызы бойынша үстінен іс қозғалған Тайшыбеков сот барысында бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған. Мысалы, процесс басталған кезде ол «интернеттегі жазбаларымда өшпенділікті қасақана қоздырдым, бірақ тек мені ғана жек көрсін деп ойладым» деп мәлімдеген. Тайшыбековтің айтуынша, ол қазақ ұлтшылдарының «орыстар мен президент Путинге бағытталған жеккөрінішін» өзіне бұруға тырысқан.
Қазақстанда әлеуметтік желілердегі жазбаларын сот «араздықты» қоздыру» деп танып, қылмыстық жауапқа тартылған Ермек Тайшыбековтен өзге блогерлер де бар. Қарашаның 18-і күні Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық соты 26 жастағы Игорь Сычевті "сепаратизмге шақырды" деген айыппен бес жылға соттады. Сычев ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Подслушано в Риддере» парақшасының администраторы болған. Биыл көктемде ол топ парақшасында «Дауысқа салу Риддер қаласында өтіп жатыр деп елестетіп көрейікші» деген тақырыппен сауалнама жариялап, оқырмандарға Шығыс Қазақстан облысын Ресей федерациясы құрамына қосуды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп жауап беруді ұсынған. Осы аптада Алматыда "әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы араздықты қоздырды" деп айыпталатын азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің соты басталған. Екеуі қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін блогерлер мен азаматтық белсенділерді репрессиялық қудалаудың жаңа практикасы үшін Қазақстан үкіметін сынайды.