Accessibility links

Қазақстандықтар үміт күтетін жас спортшылар


Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Альберт Линдер.
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Альберт Линдер.

Соңғы үш айда 17-21 жас аралығындағы қазақ спортшылары халықаралық жарыстардан жүлде әкеле бастады. Наурыздың 12-сінде Таиландта жасөспірімдер арасында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында екі спортшы алтын алды.

Азаттық халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып жүрген жас спортшылардың соңғы айлардағы көрсеткіштеріне шолу жасады.

Соңғы үш айда Қазақстанның 17-21 жас аралығындағы спортшылары жасөпірімдер арасындағы әлем чемпионаттары мен Азия біріншіліктерінен, басқа да түрлі халықаралық жарыстардан жүлде әкеле бастады. Жанкүйерлер мен мамандар бұл спортшылар бірнеше жылдан кейін олимпиада ойындарында топ жарады деп үміттенеді.

Спорт жанкүйері Қанат Досболов «боксшы Абылайхан Жүсіпов, биатлоншы Галина Вишневская және шорт-тректен Денис Никиша, дзю-дошы Бауыржан Жауынтаев сынды спортшылардың болашағынан көп үміт күтетінін» айтады.

Ал спорт журналисі Уәлихан Қосанбай: «Ауыр атлетикадан Альберт Линдер мен Селімхан Әбубәкіров, теннисші Зарина Дияс, фристайлшы Жанбота Алдабергенова сынды спортшылар Рио-де-Жанейро (2016), Пхенчхен (2018) және Токио (2020) олимпиада ойындарында Қазақстанның негізгі үміттері болады» дейді.

АБЫЛАЙХАН ЖҮСІПОВ

18 жастағы қарағандылық боксшы Абылайхан Жүсіпов жақында Германияда аяқталған «Брандербург кубогында» алтын жүлде алды. Ол былтыр Шымкентте, биыл Таиландта өткен жасөпірімдер арасындағы Азия чемпионатында да жеңімпаз атанған. 2013 жылы Киевте өткен жасөпірімдер арасындағы әлем біріншілігінде чемпион болды. Халықаралық бокс федерациясы оны «2013 жылдың үздік жас боксшысы» деп таныды.

Абылайхан Жүсіпов Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев оқыған Абай спорт мектебінде жаттығады.

«Бокс секциясына мені анам берді. Бір үйде бес баламыз. Әкем – мұғалім, анам үй шаруашылығына қарайды. Бос уақытымда интернеттен спорт жаңалықтары мен әдеби кітап оқығанды ұнатамын. Енді біраз уақыттан кейін ересектер арасындағы жарыстарға қатыса бастаймын. Биылға жоспарланған бірнеше шетелдік жарыстарға дайындалып жатырмын» деді ол Азаттыққа.

ЗАРИНА ДИЯС

20 жастағы теннисші Зарина Дияс 2014 жылы әлемдегі ең ірі турнирлердің бірі

Зарина Диас Prague Open турнирінде. Прага, 13 шілде 2010 жыл.
Зарина Диас Prague Open турнирінде. Прага, 13 шілде 2010 жыл.

Australian Open жарысына қатысып, үшінші айналымға дейін жетті. Осы нәтижеден кейін ол WTA (әйелдер теннис қауымдастығы) рейтингінде 152-орыннан 112-орынға көтерілді.

Зарина Дияс 7 наурызда Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен ITF (Халықаралық теннис федерациясы) турнирінде бас жүлде алды. Ол бұған дейін Астана, Штутгарт (Германия), Бұқара (Өзбекстан), Макинохарада (Жапония) болған ITF турнирлерінде де жүлдегер атанды. Дияс 2009-2014 жылдары аралығында 22 жарысқа қатысып, 246 мың доллар көлемінде қаржы ұтты.

ГАЛИНА ВИШНЕВСКАЯ

19 жастағы биатлоншы Галина Вишневская жақында АҚШ-та аяқталған жастар арасындағы әлем чемпионатынан бір алтын (із қуып жарысу), бір күміс медаль (спринттік жарыс) әкелді. Ол 2012 жылы Инсбургте (Австрия) өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындарында бір күміс, бір қола медаль ұтқан еді. Биыл Қазақстан құрамасы сапында Сочи олимпиадасына қатысты.

ДЕНИС НИКИША

17 жастағы оралдық спортшы Денис Никиша наурыздың 7-сі күні Ерзурумде

Шорт-трекші Денис Никиша Түркияда жасөпірімдер арасындағы әлем чемпионатында жүлде алды. Ерзурум, 7 наурыз 2014 жыл.
Шорт-трекші Денис Никиша Түркияда жасөпірімдер арасындағы әлем чемпионатында жүлде алды. Ерзурум, 7 наурыз 2014 жыл.

(Түркия) аяқталған шорт-тректен жасөпірімдер арасындағы әлем чемпионатында 500 метрге жүгіруден қола жүлдеге ие болды. Қазақстан шорт-тректен бұрындары халықаралық жарыстардан жүлде алып көрмеген. Денис Никиша биыл Сочи олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында эстафеталық жарыста бесінші келді. Ол – 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері.

АЛЬБЕРТ ЛИНДЕР

18 жастағы ауыр атлет Таиландта өткен (5-12 наурыз) жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде салмағы 69 килограмм спортшылар арасында чемпион атанды. Ол 2012 жылы Лимада (Перу) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола, 2003 жылы Ташкентте (Өзбекстан) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль алды.

СЕЛІМХАН ӘБУБӘКІРОВ

17 жастағы ауыр атлет Селімхан Әбубәкіров Таиландта аяқталған (12 наурыз) жасөпірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионатында бір алтын, бір күміс

Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы Селімхан Әубәкіров.
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы Селімхан Әубәкіров.

медаль жеңіп алды. Ол штанга көтеруден (+94 килограмм) алдымен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанды. Кейін 21 жасқа дейінгі жастар арасында (+105 килограмм салмақ көтеруден) күміс жүлдегер атанды. Спортшының өз салмағы – 143 килограмм.

БАУЫРЖАН ЖАУЫНТАЕВ

Дзюдошы Бауыржан Жауынтаев 16 жасында АҚШ-тың Майами қаласында 2013 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын ұтып алды. Жауынтаев биыл тамызда Нанкинде (Қытай) өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін. Жасөпірімдер олимпиадасына іріктеу жарысы мамырда өтеді.

ЖАНБОТА АЛДАБЕРГЕНОВА

18 жастағы Жанбота Алдабергенова Сочи олимпиадасында фристайлдың акробатикалық түрінен 6-орын алды. Алдабергенова биыл ересектер арасында әлем кубогы кезеңдеріне қатысып, бірнеше рет үздік ондыққа енді. Мамандар оның 2018 жылы Пхенчхенде (Оңтүстік Корея) өтетін қысқы олимпиада ойындарында жүлдеге таласатын спортшылардың қатарында болатынын айтады.

Қазақстанның жас спортшылары биыл тамыздың 12-28-і аралығында Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындарына қатысады. Қазақстан бұл ойындарға 40-қа жуық спортшы апаруды жоспарлап отыр.

Қазақстан 2012 жылы тамызда өткен Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алған еді.

Ал 2011 жылғы қысқы Азия ойындарында 32 алтын алған Қазақстан биылғы Сочи олимпиадасында бір қола медаль ғана иеленді.

XS
SM
MD
LG