Accessibility links

«Билік талқылауға бюджеттен қаржы алатын ҮЕҰ-ны шақырады»


«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» басшысы Зәуреш Батталова. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» басшысы Зәуреш Батталова. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» басшысының сөзінше, халықаралық ұйымдардың грантын алған ҮЕҰ «шетелдің тапсырмасын орындаушы ұйым» дейтін күдікке әлі ілінеді.

«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымы тамыздың 27-сі күні Алматы қаласында үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) арналған семинар-тренинг өткізіп, олардың заң шығару ісіне қатысу мәселесін талқылады.

Ұйым басшысы Зәуреш Батталова – парламент сенатының депутаты, «Қазақстанның демократиялық таңдауы», «Әділетті Қазақстан» қозғалыстарының мүшесі болған. Ол Азаттыққа берген сұхбатында қазақстандық ҮЕҰ қайтсе билікке ықпал етіп, сапалы заң қабылдауға әсер ететіні жайлы айтты.

Азаттық: – ҮЕҰ-ларға арналған семинар-тренинг өткізу қандай қажеттіліктен туды?

Зәуреш Батталова: – Қазақстан конституцияның 33-бабында әрбір азаматтың мемлекет басқару ісіне қатысуға құқылы екендігі айтылған. Бірақ қазір Қазақстан азаматтары өзінің конституциялық құқын толық жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырудың бір жолы – ҮЕҰ арқылы азаматтардың мүдделерін билікке жеткізу, әсіресе қажетті, сапалы заңдар шығаруға ықпал ету. Бірақ ҮЕҰ-лар да бұл міндетті қалай атқаруды біле бермейді. Ол үшін құқықтық сауаттылық керек. Бүгінгі мақсатымыз – бұрын заң саласында аз-маз болса да сараптама жасап жүрген ҮЕҰ өкілдерін жинап, парламентпен, үкіметпен, мәслихаттармен жұмыс істеу процедурасын үйрету. Өйткені депутаттар ұсыныс дұрыс жасалмаса, кері қайтарады.

Азаттық: – ҮЕҰ заң жобаларын талқылауға қатыса ма?

Әлеуметтік мәселелерді бірігіп шешу жайлы меморандумға қол қойып жатқан үкіметтік емес ұйым жетекшілері. Астана, 18 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Әлеуметтік мәселелерді бірігіп шешу жайлы меморандумға қол қойып жатқан үкіметтік емес ұйым жетекшілері. Астана, 18 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Зәуреш Батталова: – Мысалы, әуел бастан-ақ сапасыз қабылданатын заңдар жеткілікті. Байқасаңыз, көп ұзамай-ақ сондай заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Кейбіріне бір емес бірнеше рет енгізіледі. Бұдан заң жобасының қоғамда жеткілікті талқыланбағаны көрінеді. Біз заң жобасын қабылдауға бірер апта қалғанда ғана көреміз, яғни ұсыныс айтып үлгергенше заң шығып та кетеді. Көптеген заңдар халықаралық стандарттарға сай келмейді. Қазақстан өзі ратификациялаған халықаралық құжаттарға кейде өзі қайшы келеді. Әсіресе адам құқығы мәселесінде осыдан кейін дау шығады. Бірақ сот пен прокуратура халықаралық пактілерді тек рекомендация ретінде ғана бағалайтынын тәжірибеден көріп жүрміз. ҮЕҰ осы мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін ұсыныстарын билікке өткізуге тиіс.

Азаттық: –ҮЕҰ парламентпен тікелей жұмыс істей ала ма, парламент олардың ұсынысын қабылдай ма?

Зәуреш Батталова: – Қабылдауға тиісті. Халық атынан сайланғаны рас болса, қоғамдағы ой-пікірді білуі керек. Дәл қазір парламент депуттары кейбір ірі тәуелсіз ҮЕҰ-лардың ұсыныстарын ғана кейде қаперге алады. Ал қалған ҮЕҰ-лар сөзін жеткізе алмайды. Әсіресе қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, сайлау, сөз бостандығы, шеру өткізу жөніндегі заңдарға келгенде қоғамдық ұйымдардың пікірі ескерілмейді. Бірақ ол мәселені депуттардың өздері де шеше алмайтыны белгілі.

Азаттық: – ҮЕҰ-лар арасында мемлекеттен бөлінетін қаржыға жұмыс істейтіндері және халықаралық ұйымдардың гранттарымен жұмыс істейтіндері бар. Парламент немесе басқа да мемлекеттік органдар бұлардың қайсысымен көбірек әріптес болады?

Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ҰБТ-ға қарсылық білдіріп отыр. Алматы, 4 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ҰБТ-ға қарсылық білдіріп отыр. Алматы, 4 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Зәуреш Батталова: – Әрине, билік өзіне жақын ҮЕҰ-ларды таңдайды. Олар – негізінен мемлекеттік тапсырыс арқылы бюджеттен қаржы алатын ұйымдар. Билік осындай ұйымдарды жұмыс тобына кіргізіп, қоғамдық талқылаудан өткізген болады. Ондай жұмыс тобына мүше болмасаң, арнайы шақырмаса, парламент ғимаратының күзетінен де өте алмайсың. Арнайы шақырусыз парламент ғимаратына кіру үшін екі аптадан астам құжат әзірлеуің керек. Азаматтар парламентке келіп, кез-келген отырысқа қатысатындай мүмкіндік алуы керек. Ал халықаралық ұйымдардың грантын алған ұйымдарға қатысты «шетелдің тапсырмасын орындаушы ұйым» дейтін күдік әлі күнге жойылмаған. Бірақ қолдан жасалған жасанды ҮЕҰ-лардың жұмысынан нақты қоғамдық мәселелер шешілмейді. Мысалы, президенттің жолдауын насихаттау үшін ҮЕҰ-ларға қыруар қаржы бөлудің керегі не? Сол үшін жұмыс істейтін ішкі саясат бөлімдері бар емес пе? Мемлекет қаржысы нақты әлеуметтік қызмет көрсететін ҮЕҰ-ларға жұмсалуы керек.

Азаттық: – ҮЕҰ-ларға арнап өткізген бүгінгі семинар-тренингтің «парламент құзыретін кеңейту қажет» деген ұсынысыңызға қатысы бар ма?

Зәуреш Батталова: – ҮЕҰ-лардың парламентпен қарым-қатынасын нығайтамыз дегеніміз – бір ғана қадам. Негізгі қадам – парламенттің, ондағы депутаттардың өкілеттігін кеңейту. 1995 жылы жаңа конституция қабылданған кезде президент институтына өткен парламент функциялары қайтарылуы керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «100 қадам» бағдарламасында «парламенттің өкілеттігін кеңейтеміз» деді емес пе? Олай болса парламентке жасанды функцияларды емес, нақты мәселені шеше алатын функцияларды беру керек. Сондықтан ҮЕҰ-лар осы мәселеге де белсенді кірісіп, ұсыныс жасауы керек. Қазақстанда өзінің заңнамалық процеске қатысу құқықтарын білетін ұйым өкілдері көп болса, сонда ғана азаматтық іс-қимыл өзгереді. Қазіргі кезде мәселені тек қана айғай-шумен шешпейсің, оны нақты аргументтермен дәлелдеу де керек.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG