Қазақстанның оңтүстігінде қызғалдақ гүлдеді. Қызғалдақтың отаны деп есептелетін Қазақстанда бұл гүлдерді "жауқазын" деп те атайды. Жамбыл облысы аумағында Қаратау сілемдеріндегі қызғалдақтар беткейде өседі.
Тау жотасындағы гүлдерді көру үшін Берікқара шатқалынан өрлеп бірнеше шақырым жаяу жүру керек болады. Осындағы грейг қызғалдағы, кауфман қызғалдағы және басқа да жойылу қауіпі төнген өсімдіктерді зерттеп, тамашалауға халықаралық биологиялық ұйымдардан мамандар мен шетелден туристер де келіп тұрады. Соңғы жылдары бұл гүлдердің жаңа түрлері де белгілі бола бастады.
Қазақстандағы жауқазындар Еуропаға тараған қызғалдақтың төркіні деп есептеледі. Елде қорғауға алынған қызғалдақ түрлерін жұлғандар Қылмыстық кодекстің өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлеріне зарар келтіргені үшін бабымен сотқа тартылады. Кінәлілерге айыппұл салудан бастап үш жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ПІКІРЛЕР