Қаңтардың 10-ында Алматыда «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының президенті Бақыт Түменова, әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешев, «Ұлағатты отбасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Марианна Гурина баспасөз мәслихатын өткізіп, 16 желтоқсанға дейін Жаңаөзенде жүргізілген әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелерін баяндады.
«85 ПАЙЫЗЫНДА АЛДАҒЫ КҮНГЕ СЕНІМ АЗ»
– «Ереуілдеп жүрген мұнайшылардың жағдайы жақсы, жалақылары жоғары, сондықтан олардың қойған талаптары – орынсыз» деген сөздер 16 желтоқсанға дейін де, одан кейін де жиі айтылып жүр. Бірақ біздің әлеуметтік зерттеулеріміз оның негізсіз екенін көрсетті, – дейді Бақыт Түменова.
Оның сөзіне қарағанда, «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының өкілдері 2011 жылы 11-15 желтоқсан аралығында Жаңаөзен мен Ақтау қалаларына барып, «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз» және олардың мердігерлік компанияларынан жұмыстан шығарылып, бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшылар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген.
– 500 адамға әлеуметтік сауалнама жасалуы тиіс еді, бірақ 16 желтоқсандағы оқиғаға байланысты зерттеу жұмысын 285 адаммен тоқтатуға тура келді. Өйткені 16 желтоқсан күні Ақтаудан Жаңаөзенге жету мүмкін болмады, – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешев.
Сарапшылардың айтуынша, сауалнамаға қатысқан ереуілші мұнайшылардың 20 пайыздан астамының – төрт баласы, 12 пайыздан астамының – бес не одан да көп баласы бар, олардың 41,4 пайызы – отбасындағы жалғыз асыраушы.
– Жұмысшы-мұнайшылардың ең басты проблемасы - тұрғын-үй мәселесі. Сұрау салынған респонденттердің тек 36,5 пайызының ғана пәтері немесе үйі бар. Ал қалғандары туған-туыстарының үйінде не жалға алынған пәтерде, кейбірі ұзақ мерзімді ипотекалық кредитке сатып алған пәтерде тұрады. 70 пайызға жуығының банктерге берешек кредиті бар, – дейді Бақыт Түменова.
Оның айтуынша, «сұрау салған Маңғыстау жұмысшыларының жартысына жуығы өз тұрмыс-тіршіліктеріне наразы, 85 пайыздан астамында алдағы күнге сенім аз».
– Маңғыстау тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық проблемалары бірер күнде пайда бола салған жоқ. Жылдар бойы жиналған наразылық ереуілге шығуға алып келді, сөйтіп биліктің назарын аударуға тырысты, – дейді «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының президенті.
ЕРЕУІЛ МЕН ОРАЛМАНДАР ЖАЙЛЫ
Әлеуметтанушылар көптен бері айтылып жүрген «ереуілге шыққан мұнайшылардың көпшілігі – оралмандар» деген сөздердің де шындыққа сай келмейтінін айтады.
– Ереуілге шыққандар – оралмандар емес, негізінен өз азаматтарымыз, – дейді «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының президенті Бақыт Түменова.
Ереуілші мұнайшылардың 58 пайызы – Жаңаөзенде 1991 жылға дейін тұрған, 34 пайызы – 1992-2001 жылдары, 7 пайызы – 2001 жылдан кейін көшіп келген.
Оның айтуына қарағанда, Жаңаөзенде 7 ай бойы ереуілге шыққан мұнайшылардың 58 пайызы – Жаңаөзенде 1991 жылға дейін-ақ тұрған байырғы тұрғындар, 34 пайызы – 1992-2001 жыл аралығында көшіп келген, 7 пайызы – 2001 жылдан кейін келген азаматтар.
«Ереуілге шыққан мұнайшылар – негізінен оралмандар» деген пікірді алғаш «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев айтқан еді. Қыркүйектің 29-ы күні Expert пікірталас клубының отырысында ол «Жаңаөзендегі ереуілшілер – Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар» екенін айтқан.
Жаңаөзендік ереуілші мұнайшылар осыдан кейін Тимур Құлыбаевтың кешірім сұрауын талап етіп, құжаттарын көріп кетуге шақырды.
Алайда 16 желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасына орай Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та Тимур Құлыбаевтың сөзін қайталады.
– Маңғыстаудағы тәртіпсіздіктерге қатысқандарды Қазақстанның толыққанды азаматы деп айтудың өзі қиын. Жанжал бастағандар – Жаңаөзенге Түркіменстан мен Өзбекстаннан көшіп келгендер. Үкімет оларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Енді олар өздерінің паналатқан елдің тұрақтылығын бұзып отыр. – деді ол.
Желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен оқиғасына орай Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізген кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев та «...Жаңаөзенге Түркіменнен, Қарақалпақстаннан көп адамдар келіп, шоғырланды. Оларға жұмыс тауып беру оңай емес» деген еді.