Accessibility links

Жаңаөзендік Жарылғасыновтар жәрдемге зәру


Жаңаөзен оқиғасының ұйымдастырушысы ретінде айыпталып, қамауда жатқан Нарын Жарылғасыновтың әпкесі Нұрқия Бекболатова. Жаңаөзен, 13 ақпан 2012 жыл. Дина Байділдаева түсірген видеодан алынған скриншот.
Жаңаөзен оқиғасының ұйымдастырушысы ретінде айыпталып, қамауда жатқан Нарын Жарылғасыновтың әпкесі Нұрқия Бекболатова. Жаңаөзен, 13 ақпан 2012 жыл. Дина Байділдаева түсірген видеодан алынған скриншот.

Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев 2012 жылғы қаңтардың 25-інде мемлекеттік телеарна арқылы Жаңаөзен оқиғасы туралы таратқан мәлімдемесінде Нарын Жарылғасыновты «ұйымдастырушы» ретінде атады. Жаңаөзенге барған Азаттық тілшісі жалғыз асыраушысы қамалып, жоқшылық тартып отырған осы әулетке де соқты.


Ресми деректер бойынша, 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғадан кейін Жаңаөзенде 29 азамат қамауға алынған. Солардың бірі – «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жүргізушісі, жеті айға созылған мұнайшылар ереуіліне қатысқан 32 жастағы Нарын Жарылғасынов.

«ҚҰҚЫҚТАРЫ ҮШІН КҮРЕСТІ»

Нарын Жарылғасынов өткен жылдың желтоқсан айының 19-ынан бері уақытша қамау изоляторында отыр. Жақындары оны «жазықсыз қамалды» деп санайды. Қазақстанның бас прокуроры «Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырды» деп айыптаған азаматтың әпкесі Нұрқия Бекболатова:

Жазықсыз қамалып,
кінәсіз жәбірленіп отыр.
- Нарынның желтоқсан «тәртіпсіздіктерін» ұйымдастыруы мүмкін емес. Тіпті оның сауаты да жоқ. 7 сынып қана оқып, одан ары қарапайым жүргізуші болды. Ал тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған биліктегі адамдардың өздері сияқты, - деді.

Қазақстан билігі Жаңаөзенге қатысты істердің жария тергеліп, соттың да ашық болатынын мәлімдегенімен, Нарын Жарылғасыновтың әйелі Дәмелхан мен анасы Сандор Ақтаева қылмыстық істің қалай жүріп жатқанын білмейді.
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.

Дәмелхан Жарылғасынова ерінің «тек заңда көрсетілген құқықтары үшін күрескенін» айтты.

- Мен басында күйеуімнің ереуілге шыққанын қолдамадым. Себебі 1990-жылдардың басынан бері жағдайымыз жеңіл көлік сатып алатындай біршама жақсарған еді. Бірақ Нарын «Бізге айлықты заңда жазылған 1,8 коэфициенті бойынша төлемейді. Өз құқымызды қорғауымыз керек» дейтін, - деді Дәмелхан Жарылғасынова.

Азаттық тілшісі Нарын Жарылғасыновтың ісі бойынша оның адвокаты Марат Қозыбағаровқа хабарласқан еді. Бірақ адвокат бұл іс туралы «ештеңе айта алмаймын» деді.

БЕС АДАМҒА - АЛТЫ МЫҢ ТЕҢГЕ

Нарын Жарылғасынов мұнайшылардың ереуіліне әуел бастан қосылған екен. Осы ісі үшін оны «Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмыстан шығарып жіберген.

Сегіз айға созылған ереуіл кезінде Жарылғасыновтар отбасы жалғыз көліктерін сатып, туыстарының көмегімен күнелткен. Ал қазір бұл үйдегі тұрмыс одан ары қиындап кеткен.

Бас прокуратура Жаңаөзендегі оқиғаны «ұйымдастырушылар» деп атаған алты адамның бірі Нарынның үш баласы бар: үлкені – 13-те, кенжесі - 5 жаста.

Жалғыз асыраушысы қамауға алынғаннан бері бұл отбасының сүйеніп келе жатқан
Қамауда жатқан Нарын Жарылғасыновтың анасы Сандор Ақтаева. Дина Байділдаева түсірген видеодан алынған скриншот.
Қамауда жатқан Нарын Жарылғасыновтың анасы Сандор Ақтаева. Дина Байділдаева түсірген видеодан алынған скриншот.
табысы - Нарынның анасы Сандор Ақтаеваның зейнетақысы. Оның көлемі - 25 мың теңге. «Мойынға ілінген қарыз бастан асады» деді Дәмелхан.

- Бір жағынан ай сайын 36 мың теңге кредитті төлеуге мәжбүрміз. Үйіміз ипотекаға алынған. Өзімнің мамандығым жоқ. Әлеуметтік бағдарламалар департаментіне арыз жазып, бір жылға «Бұрғылау» атты мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрдым. Айлығым - еңбек шарты бойынша 17 мың теңге, - деді Дәмелхан Жарылғасынова.

Оның айтуынша, әулеттің бар табысын қосқанда, 36 мың несиені төлегеннен кейін қалатыны - 6 мың теңге.

Баласының басындағы тағдыры мен жоқшылық тауқыметі қысқан Сандор Ақтаева Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бала-шағасының қиын жағдайын айтып көмек те сұраған.

- Президент мырза, сіз «мұнайшылардың кінәсі жоқ» деп айтып едіңіз ғой. Ұлыма нақақтан-нақақ жала жауып отыр. Жалғыз бала еді. Артында үш баласы бар. Олар жалаң аяқ жүр, мектепке бара алмай жүр, - деді Сандор Ақтаева.




«ҚҰЖАТТАРЫН ӘКЕЛСІН»

Жарылғасыновтар отбасындағы әлеуметтік жағдайға байланысты ақпанның 28-і күні Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласқанымызда, бөлім бастығы Жібек Ақмырзақызы «ең әуелі бұл отбасының табысы туралы анықтама қажет екенін» айтты.

- Бұл кісілердің өздері бізге келіп, қажетті құжаттарды әкелсін, - деді ол.

Киім жағынан біз көмектесеміз. Үлкен кісілердің жағдайында шаруам жоқ.
Жаңаөзен қалалық білім беру басқармасына телефон шалып, Сандор Ақтаеваның 2 немересі сабаққа бара алмай отырғанын айтқанымызда, осы мекеменің бастығы Жаңабай Үсенбайұлы:

- Біз бақылап отырмыз. Киімсіз қалып, мектепке бара алмай қалды деген - мүмкін емес. Қазір мен оны анықтаймын. Жалпы, киім жағынан біз көмектесеміз. Үлкен кісілердің жағдайында шаруам жоқ. Ал бірақ балаларға қатысты мен анықтаймын. Директорлары маған қалай айтпаған? Күнде байланысып отырмыз ғой олармен, - деді.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы Маңғыстау облысында үкімет күштері мен ереуілшілер арасында қақтығыс болып, полицейлер атқан оқтан Жаңаөзен мен Шетпеде 17 адам қаза тапқан еді. Қазір Жаңаөзеннің 29 азаматы, Шетпенің 10 азаматы қамауда отыр.

Бұл мақала Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанованың қатысуымен даярланды.
XS
SM
MD
LG