Бүгін Жаңаөзен қаласындағы көшелерге, вокзалдар мен түрлі қоғамдық орындарға желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғаларға қатысы барларды іздестіру туралы бағыттама ілінді. Тізіммен бірге мұнайшылардың суреттері де жарияланған. Онда 16 мұнайшының аты жөні көрсетілген (кешке қарай іздеу салынғандар саны 26-ға жетті - редакция).
СЫЙАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ
Бағыттаманың соңында «ақпарат берушіге қатысты құпиялық сақталады және сыйақы алатынына кепілдік беріледі. Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасы бастығы майор Мұхтар Қожаев» деп жазылыпты.
- Солардың арасында менің де аты-жөнім жазулы екен. Бірақ, мені қоршаған халық маңымызға келіп тұрған прокуратура қызметкерін жібермей тұр, - деп мәлімдеді Алдоңғар Телеқосов Азаттық тілшісіне телефон арқылы.
Қарт мұнайшы бұл бағыттаманың Жаңаөзендегі Мұнайшылар сарайының сыртында ілулі тұрғанынан көрген.
Жаңаөзендіктердің айтуынша, тізімде әзірше 16 адамның аты-жөні көрсетілген, олар мыналар:
1. Наталья Әжіғалиева
2. Мұратбай Мусинбаев
3. Жанат Муринов
4. Бақытжан Муринов
5. Қанат Естебаев
6. Нұрлан Түркебаев
7. Орынбасар Түркебаев
8. Ербол Болысов
9. Естай Қарашаев
10. Бауыржан Лепесов
11. Әлихан Нұрметов
12. Шабдул Өткелов
13. Ғазиз Мейманов
14. Алдонғар Телеқосов
15. Марат Рахметбеков
16. Ақиса Орынбасынов
"ПРЕЗИДЕНТ МҰНАЙШЫЛАРҒА ТИІСПЕҢДЕР ДЕГЕН"
Алдоңғар Телеқосов желтоқсаннның 22-сі күні президенттің Жаңаөзенге сапары кезінде қолына ақ орамал байлап тілдесуді сұраған еді.
- Мен қолыма ақ орамал байлап көтеріп тұрдым. Оным «ақиқатын айтамын» деген белгім еді, баяғы ырымдарымыздағыдай. Президентке игі тілектер айтып тұрдым дауыстап. Ол мені қасына шақыртып алды. Қолымды алып амандасты, - дейді Алдоңғар Телеқосов.
Президенттің қасына жетіп алған соң қарт мұнайшы 7 айдан бергі мұнайшылардың жағдайы туралы толық баяндап бергенін айтады. Оның айтуынша, кездесуден шыға бергенде оны тоқтатқан жергілікті жоғары лауазымды шенеунік сес көрсеткен.
- "Сен мені өтірік жамандадың, әлі кездесерміз" деді. Оның қандай кездесуді айтқанын кім білсін? - деді Алдоңғар Телеқосов. - Маған Назарбаев «мына ақсақалдың арызын ерекше қараңдар» деді. "Менің зарым да, арызым да - мына тұрған халық" дедім.
Мұнайшылардың айтуынша, олардың бірсыпырасы өздеріне не үшін іздеу салып жатқандарын білуге прокуратураға барған көрінеді.
- Біз несіне қорқамыз. Президент «мұнайшылардың кінәсі жоқ, оларға тиіспеңдер» дегенді қадап айтып кеткен, - деді олар Азаттық тілшісіне.
«ІЗДЕЛЕТІНДЕР ӘЛІ ТОЛЫҒА ТҮСЕДІ»
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева бағыттаманың жарияланғанын растады.
- Көпшілік бұзақылыққа қатысы бар деген күдікпен іздеу салынғандардың саны қазір 26-ға жетті. Олардың арасында ендігі тұлғасы нақтыланып, қамауға алынғандар да бар. Бұл тізім тергеп-тексеру амалдарының жалғасып жатуына орай әлі де толыға түседі, - деді ол Азаттық тілшісіне телефон арқылы.