Желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен оқиғасы кезінде Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланып, сарайларда концерт қойылып, телеарналарда ойын-сауық бағдарламалары жүріп жатты.
КӨРЕРМЕНДЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ
Әнші Тамара Асар да 16-17 желтоқсан күндері сахнада жүргендіктен Жаңаөзендегі жағдайды кеш білгенін, бұл жағдайды 17-сі күні кешке естігенде «біразға дейін ес жия алмай қалғанын» айтады.
Ал желтоқсанның 18-і күні «Хабар» арнасы Тамара Асардың концертін көрсеткен кезде наразы оқырмандар әншінің өзіне хабарласқан екен.
- 18-і күні кешке «Хабар» агенттігі менің концертімді қайталап жатқан кезде, маған тікелей телефон соққан адамдар болды. Олар маған «Сіз концерт беріп жатырсыз ба еліңіз қырғынға ұшырап жатқанда!» деді. Мен сонда оларға айттым: «Хабар агенттігі былтырғы концертімді қайталап жатыр. Менің енді-енді құлағыма тиіп жатыр сол хабардың барлығы» деп айттым, – дейді әнші.
«ҚАЗІР ӘНІМ ҚАРУ ЕМЕС – СОНЫ БІЛЕМІН»
- Мен ол оқиғаның арасында болған жоқпын, көзіммен көре алмадым. Бірақ жаңалықтардан, елден естігенде шынымен адамның жаны түршігерлік жағдай, – дейді Тамара Асар Жаңаөзен оқиғасы жайлы.
Әнші «осы жағдайда қолымнан ештеңе келмейтінін көріп отырмын» дей келе, мұндай қайғылы кезде жұртымен бірге болатынын айтты.
- Менің концертімнің де, шырқаған әнімнің де құны бес тиын болып қалды. Дәл қазір менің әнім қару емес – соны білем. Тек қана бейбітшілік болсын, Маңғыстауым қалпына келсін, – дейді Тамара Асар.
Сұқбаттың толық нұсқасын тыңдаңыз: