Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан соттың 23 сәуір күнгі отырысында түске дейін 12 куәгер сұралды.
КУӘГЕР «ҚЫСЫМ КӨРГЕНІН» АЙТТЫ
«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, сотта куәгерлердің бірі – «Аруана» қонақ үйінде күзетші болып істейтін Ерлан Нұржан «алдын ала тергеу кезінде қысымға ұшырап, жалған жауап беруге мәжбүр болғанын» айтқан.
– Ол милицияға бара салғаннан бастап өзіне қысым жасағанын айтты. Айыпталушылардың арасында Сарыбаев деген кісі бар екен. Ол да күзетші екен. Полицейлер «Аруанадағы» банкоматты сол тонады деп айт. Өйтіп айтпасаң, бәрін сенің мойныңа ілеміз. ОМОН-дардың қолына береміз» деп қорқытып, ұрып-соққанын айтты. Ол (Ерлан Нұржан – ред.) бұл үшін айыпталушының анасына барып кешірім сұраған екен, – дейді Ерлан Қалиев.
Айыпталушылардың бірінің анасы, бүгінгі сотта куәгер ретінде сұралған Бақытгүл Ермұқанова да қысым көргенін айтты. Ол «желтоқсанның 16-сы күні баласы алаңға бармаса да, желтоқсанның 23-і күні оны полицияға шақырғанын», дәл сол күні көршісінің қысыммен баласына қарсы куәлік бергені үшін өзінен кешірім сұрағанын хабарлады.
– Полицияға кеткен ұлын күтіп отырған кезде ол көршісі Ерлан есімді баланың әзер келе жатқанын көрген. Кішкентай кезінен білгеннен кейін сыртқа шығып, мән-жайды сұрайды. Ал ол «Апай, мені кешіріңіз, мені полиция ұрып-соқты, сіздің ұлыңызға қарсы мәжбүрлеп жауап жазғызды» деп кешірім сұрапты. Анасы осыны айтты, – дейді Ерлан Қалиев.
Айыпталушы жігіттің анасы Бақытгүл Ермұқанова «бұл туралы әр түрлі ресми орындарға шағымданғанын, тіпті Жаңаөзенге барған бас прокуратура өкілі Құдайбергеновке де арыз жазғанын, бірақ еш нәтиже болмағанын» айтты.
Бүгінгі сотта куәгер ретінде Жаңаөзендегі мектептердің бірінде директордың орынбасары болып істейтін Барлыбаева да жауап берген. Ол «әкімшілік бұйрығымен желтоқсанның 16-сы күні алаңға келген 143 оқушының біреуінің қолына оқ тигенін, ол бала қазір Астанада ауруханада жатқанын» айтты.
Желтоқсанның 16-сы күні алаңға ән айту үшін келген жаңаөзендік әнші Венера Жармұхамбетова да куәгер ретінде сөйлеп, көрген-білгенін баяндады.
«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев «бүгін түске дейін сотта сөйлеген кейбір куәгерлердің сотқа не үшін шақырылғаны түсініксіз болғанын» айтады.
– Шынымды айтсам, өз басым олардың не себепті куәгер болып танылғанын, іске не қатысы барын түсінбедім. Оларға жөнді сұрақтар да қойылмады, – дейді ол.
«СОТ ТОҚТАП, ТЕРГЕУ ІСІ ҚАЙТА ЖҮРСІН»
Жаңаөзен оқиғасына байланысты құрылған қоғамдық комиссияның бір топ өкілі бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот процестерінде заң бұзылып жатқанын» айтып, сотты тоқтатуды талап етті.
– Бұл әділетсіз соттың шешімі қайтадан көтеріліске, қақтығысқа әкелуі мүмкін. Біздің қояр талабымыз – соның алдын алу, болдыртпау, – деді қоғамдық комиссия мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы.
Қоғамдық комиссия өкілдері бүгінгі жиында Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларға байланысты Ақтауда өтіп жатқан процестерге адвокаттар жетпей жатқанын, кейбір айыпталушылардың туыстары адвокат жалдауға ақша таппай отырғанын айтты. Олар елдегі кәсіпкерлерді сол азаматтарға көмектесуге шақырды.
Дүйсенбі күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қазақстан билігін Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотты тоқтатуға шақырды.
«Араларында кәмелетке толмағандары да бар 37 айыпталушының көпшілігі сотта полицияның тергеу кезінде өздерін азаптап, қинағандарын, отбасыларына қысым жасағанын айтты. Оларға зорлық жасап, тұншықтырған. Бұл қылмыстық тергеу ісінің әділ жүргізілмегенін көрсететіндіктен, сот процесі тоқтатылуы керек. Тергеу ісі қайта жүргізілуі керек» дейді ұйымның Орталық Азия бойынша өкілі Михра Риттман.
Ұйым тергеу кезінде айыпталушыларды жалған куәлік беру үшін азаптап, қинағаны жайында дәлелдері бар екенін айтады.
«Жаңаөзендегі тәртіпсіздікті ұйымдастырды, оған қатысты» деп айыпталып отырған 37 айыпталушы алдын-ала тергеу кезінде қатты қысым көргендерін бұдан бұрынғы сот отырыстарында айтқан еді.