Accessibility links

«Әкемді өлтірген адам табылғанша тыншымаймын»


Әсем Кенжебаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, соққыдан қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың қызы.
Әсем Кенжебаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, соққыдан қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың қызы.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде ұрып-соғудан қаза болған Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаева прокуратураның жиі тергеуге шақыруының кесірінен жұмыссыз қалғанын айтып шағымданады.


21 жастағы Әсем Кенжебаева желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласындағы ішкі істер басқармасы ғимаратында көргендерін Азаттық радиосына баяндағаннан кейін өзін әлденеше рет прокуратураға жауап беруге шақырғанын айтады. Соңғы рет ол прокуратурада қаңтардың 17-сінде тергеуде болған екен.

«ӘКЕМ ЖАЙЛЫ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖОҒАЛТЫП ЖІБЕРІПТІ»

Қаңтардың 26-сы күні Азаттық тілшісі Әсем Кенжебаевамен телефон арқылы тілдесті. Оның айтуынша, прокурор қайта-қайта басынан өткен жайды қайталап баяндап беруін сұрай береді. Әсем бұл әрекетті «психологиялық шабуыл» ретінде қабылдайды.

- Мені шақырған сайын прокурор басынан бастап сұрай береді. Мен «сұрай бермеңіз бәрін қайталап, білгенімді айттым соны оқыңыз. Несіне болған жайды ұмытқым келіп, өз-өзіме келгім келіп жүргенде, жадыма түсіре бересіз» дедім. Тіпті менен ресейлік журналист қызды тауып беруді де талап етті, - дейді ол.

Әсем Кенжебаева өзіне прокурорлардың «Әкеңнің өліміне қатысты түк ақпарат қалмапты, бәрі құртылып кеткен» деп хабарлағанын айтады. Әсемнің ойынша осылай істеу арқылы құқық қорғау органдары оның әкесі Базарбай Кенжебаевты көшеден тиген таяқтың салдарынан қаза болды дегенге келтірмекші деп күмәнданады.
Марқұм Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасынан оралған кездегі қанға боялған көйлегі. 19 желтоқсан, 2011 жыл. Суретті "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген.
Марқұм Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасынан оралған кездегі қанға боялған көйлегі. 19 желтоқсан, 2011 жыл. Суретті "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген.

- Маған бұл жерде «Әкеңді ешкім танымай отыр. Тізім жойылып кетіпті» дегенді айтты. Соған қарағанда кезінде маған «Әкеңді ұрып өлтірген адамды тауып береміз» дегендері де жалған болғаны ма? Ал біздің шырылдап «Әкеміз осы басқарма ішіндегі соққыдан өлді дегенімізді» де терістемек пе? - дейді ол.

Әсем Кенжебаева өзінің осылай прокуратура мен екі ортада жүргенде жұмыстан да шығып қалғанына налиды.

- Мен прокуратураға бару үшін қайта-қайта сұранып жүргенімде «Дастархан» мейрамханасындағы даяшылық орнымнан да айрылдым. Үйдегі жұмыссыз ағам мен інімді «ӨзенМұнайГаздағы» жаңадан ашылатын мекемеге жұмысқа аламыз деген, оның бәрі бос әңгіме тәрізді, - дейді Әсем Кенжебаева.

«ҚАЗАҚ ҚАЗАҚҚА ОҚ АТҚАН ӨМІРДЕ БОЛҒАН ЖОҚ ҚОЙ»

Майра Кенжебаева үкіметтен бөлінген миллион теңге жәрдемақының есеп-шоттарына түскенін айтты. Ал Әсем әкесінің қазасынан кейін анасының да денсаулығы күрт нашарлап, қан қысымы қалпына түспей жүргенін айтады.

- Әкеміздің құнын миллион да (миллион теңге жәрдемақы – ред.), бауырларымызды орналастырамыз деген жұмыс та өтей алмайды ғой. Бірақ, мені бір сұрақ мазалайды «Оқ атқызған кім? Ұрғызған кім жазықсыз жандарды?». Бұл туралы мені тергеген прокурордан да сұрадым. «Осы сұраққа жауап алғым келеді» дедім, - дейді ол.

Әсемнің айтуынша, оған жауап берген ешкім болмаған.

- «Бұйрық болған ғой, біз оны білмейміз» деді. Бірақ мен қайта-қайта сұрадым «Маған сол сұраққа жауап беріңізші, қазақ адам қазаққа оқ атқан, өмірде болмаған зат қой» дедім, - деп еске алады ол.

Азаттық тілшісімен әңгімесін Әсем Кенжебаева былай деп қорытындылады:

- Жалпы осы желтоқсандағы қырғында Жаңаөзен халқы қатты жапа шекті. Мен оны көзіммен көрдім. Бірақ мен сол адамдардың көргендерін, білгендерін неге
Базарбай Кенжебаев - Жаңаөзен оқиғасының құрбаны. Жаңаөзен, желтоқсан, 2011 жыл.
Базарбай Кенжебаев - Жаңаөзен оқиғасының құрбаны. Жаңаөзен, желтоқсан, 2011 жыл.
​жариялап ашық айтпайтындарын түсінбеймін. Мен жас болсам да анық есімде: Назарбаев президентікке сайланып ант бергенде «Мен халқыма жамандық көрсетпеймін» деген жоқ па? Ол еркек адам ғой. Неге халыққа оқ атылуына жол берді? Мен бәрібір әкемді өлтірген адам табылғанша тыншымаймын.

Қаңтардың 26-сы күні Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескен кезінде ол уақытша қамауға алынған кезде полицейлердің өзін де жамбасынан тепкенін, қазір әзер қозғалып жүргенін айтып шағымданды.

АБАҚТЫНЫҢ БАСТЫҒЫН ЖАУАПҚА ТАРТУ

Азаттық тілшісі Жаңаөзенде құрбан болғандардың ісін тергеп-тексерумен айналысып жатқан прокурорлық тергеу тобының мүшесімен телефон арқылы тілдескен еді. Тергеу тобының жетекшісі Талғат Ибраимов Базарбай Кенжебаевтың өліміне қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқанын растады.

- Біз Кенжабаевтың өліміне қатысты істі тексеріп жатырмыз. Бірақ сізге телефонмен ақпарат бере алмаймыз. Күн сайынғы жұмысымыздың қорытындысы туралы қалалық арнаулы штабымызға хабарлап отырамыз. Бірақ олар да сізге телефон арқылы ақпарат айтпайды, - деді ол қаңтардың 31-і күні.

Әсем Кенжебаеваның тергеу амалдары кезінде естідім деп айтқан сөздеріне қатысты сұрақ қойылғанда, прокурорлық тергеу-тексеру тобының басшысы пікір айтудан бас тартты.

Қаңтардың 25-сі күні ресми мәлімдеме жасған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қоғамдық тәртіпті орнатуға қатысқан полиция қызметкерлері әрекеттерінің заңдылығының тексеріліп жатқанын мәлімдеген еді.

«Тергеу арқылы Базарбай Кенжебаевтың қаза болу фактісіне де баға берілді. Туыстарының айғақтары бойынша оның өліміне Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысында келтірілген дене жарақаттары себеп болған.

Аталған факті бойынша Кенжебаевты абақтыда заңсыз ұстауға жол бергені және оның дер кезінде ауруханаға жатқызылуын қамтамасыз етпегені үшін Жаңаөзен
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының қырқы. Алматы, 24 қаңтар, 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының қырқы. Алматы, 24 қаңтар, 2012 жыл.
қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысының бастығы Теміров қылмыстық жауапкершілікке тартылуда» деп жазылған бас прокурордың баспасөз хабарламасында.

Марқұм Базарбай Кенжебаевты желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзендегі перзентханада босанып жатқан қызына бара жатқан жолда полиция қызметкерлері ұстап алып кеткен еді. Желтоқсанның 18-і күні қамаудан босатылғанымен, ол ауыр соққыдан көз жұмған. Ал әкесін іздеп шыққан қызы Әсем Кенжебаеваны да полиция сол күні қамауға алып, бірнеше сағат ішкі істер басқармасының төменгі қабатында ұстаған. Кейін, былтырғы желтоқсанның 25-і Әсем Кенжебаева өзінің көрген-білгендері жайлы ең бірінші Азаттық радиосына баяндаған болатын.
XS
SM
MD
LG