Accessibility links

Жаңаөзен мұнайшылары «полицияның қысымына» наразы


Қаражанбас мұнайшылары отбасымен бірге Маңғыстау облысы әкімшілігі алдына жиналып тұр. Ақтау қаласы, 2 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қаражанбас мұнайшылары отбасымен бірге Маңғыстау облысы әкімшілігі алдына жиналып тұр. Ақтау қаласы, 2 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Мұнайшылардың туыстары «арандату ісіне енді жергілікті полиция кірісті» дегенді айтып отыр.


Айсұлу есімді сұхбаттасымыздың айтуынша, жексенбі күні әйелдер арасында төбелес шығарған компания жұмысшыларының бірі енді олардың үстінен полицияға арыз түсірген.

ТӨБЕЛЕС

– Күнсұлу Әйтешова деген әйел біздің үстімізден «мені алты әйел ұрып-соқты» деп полицияға арыз түсірген. Бір журналист хабарласып, үстімізден қылмыстық іс қозғалғанын да айтып отыр. Ол мұны жергілікті полициядан білген екен. Өзімізді қорғау үшін адвокат жалдайық деп отырмыз, – дейді Айсұлу маусымның 17-і күні Азаттық тілшісіне.

Маусымның 12-сі күні Жаңаөзендегі мұнайшылар жиналатын автобус бекетінде төбелес болған. Мұнайшылардың сөзіне қарағанда, «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшысы Күнсұлу Әйтешова автобус бекетіне келген әйелдердің жиналуына мүмкіндік бермей, төбелес шығарып, полицияға қаматқысы келген. Осының салдарынан бірнеше әйел әртүрлі дәрежеде соққы алып, полицияға арыз жазбақ болған екен.

– Алайда полиция мұнайшылар әйелдерінің арызын қабылдамады. Есесіне олар Күнсұлу Әйтешованың арызын қабыл алып, соның негізінде іс қозғауға бекінген, – дейді мұнайшылардың әйелдерінің бірі.

Олар бұл әрекетті компания басшылығы мен полиция әдейі ұйымдастыруы мүмкін деп есептейді.

Маусымның 17-сі күні осы мәселеге қатысты Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан кезде телефон тұтқасын көтерген Нұрлан есімді қызметкер:

– Жазбаша түрде жолдаңыз. Ештеңе айта алмаймыз, – деді.

ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ

Ақпаратқа қарағанда, Жаңаөзенде бүгінге дейін 160 шақты жұмысшы жұмыстан босатылған. Маусымның 17-сі күні ереуілге шыққан мұнайшылардың бірі Естай Қарашаев өзін Ақтау сотына шақырып
Жаңаөзен жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы. 10 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

жатқанын хабарлады.

– Жұмыстан шығару мәселесіне қатысты ғой деймін. Себебі мен «Өзенмұнайгаз» кәсіподағы президиумының мүшесі едім. Сол президиум мүшесі болғандықтан жұмысшылар сияқты мені жұмыстан бұйрық арқылы шығара алмайды. Осыған дейін президиум да бұған қарсылық танытқан болатын. Енді сол президиуммен қоса бәрімізді заңгерлер сотқа тартып жатыр, – дейді Естай Қарашаев.

«ТЕПЕ-ТЕҢДІК БҰЗЫЛҒАН»

Маңғыстаудағы мамыр айында басталған ереуіл әлі жалғасып жатыр. Бұл аймаққа барып қайтқан заңгер Сергей Уткин жұмысшылардың әбден қажығанын, ашынғанын айтады. Оның пікірінше, Маңғыстаудағы «себебі өте қарапайым» ереуілде мемлекет өз міндетін дұрыс атқармай, «жұмыс беруші компаниялардың жағына шығып кеткен».

– Неліктен жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында диалог орнамай отыр? Себебі жұмыс беруші жақ жұмысшыларға қарағанда өздерін күштірекпіз деп сезеді. Сол себепті жұмысшылардың кез-келген талабына жоғарыдан мұрнын шүйіріп қарайды. Неге? Өйткені олар
Заңгер Сергей Уткин. Алматы, 14 қаңтар 2011 жыл.

биліктің қолдауына сүйенеді. Яғни барлық әкімшілік ресурс, күш, мемлекеттік БАҚ, шенеуніктерге дейін оларды қолдап отыр, – дейді Сергей Уткин.

Заңгер компаниялардың «жұмысшылар талабы заңсыз» деп, мәселені әрі қарай түсіндірмей, қысқа қайыратынын айтады, мұнайшылардың қуғындалуын кінәлайды.

Заңгер Сергей Уткиннің ойынша, бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы комиссия құрылып, екі жақты бөле-жармай тыңдап, мәмілеге келтіруі керек.

– Менің ойымша, бұл жерде компания басшылығын емес, мемлекетті көбірек кінәлау керек. Жұмысшылармен өздерін тепе-тең сезінген кезде ғана олармен сөйлесуге болады, – дейді Сергей Уткин.

Мамыр айынан басталған Маңғыстаудағы жұмысшылар толқуы әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Жұмысшылар компания басшылығынан әлеуметтік құқықтарының орындалуын талап етеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG