2017 жылы жемқорлыққа қатысты айыпталғандар арасында Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, "Қазақстан инжиниринг" компаниясы төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбеков, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрынғы басшылары, танымал актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілі Бауыржан Мусин бар.
Ал бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов және Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 2017 жылы түрмеден бостандыққа шықты.
БИШІМБАЕВТЫҢ ІСІ
Қазақстанда 2017 жылғы ең үлкен "жемқорлық дауы" дегенде көпшілік есіне ең алдымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі, 36 жастағы Қуандық Бишімбаевтың ісі түседі.
Ол мемлекеттік басқару жүйесіндегі бұрынғы жұмысында "бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған" деген күдікпен қаңтардың 10-ы күні Астанада ұсталып, ізінше екі айға қамалған. Кейін сот оның қамау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметінше, Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар тағылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бишімбаев және "Болашақтың" болашағы
Тергеу органдарының болжамынша, Бишімбаев "заңсыз түрде алынған ақшаға Астана қаласының іргесінен аумағы 500 шаршы метр жерге үй салған". Ол "Бәйтерек" ұлттық холдингін басқарып тұрған кезде әрбір құрылыс компаниясы аталған холдингтің құрамына кіретін "Бәйтерек Development" компаниясымен келісім-шарт жасасу үшін пара беруі тиіс болған".
"Бәйтерек Development" компаниясы басшылығына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Бишімбаевтан бөлек тағы 22 адамға айыптар тағылған. Олардың арасында "Бәйтерек Development" компаниясы төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов та бар. Ол Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Қабибулла Жақыповтың ұлы.
Қуандық Бишімбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалуы қоғамда резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде оның жеке тұлғасы ғана емес, шетел университеттерінде Қазақстан үкіметі қаржысына мыңдаған жастар оқыған "Болашақ" бағдарламасына қатысты да қарама-қарсы пікірлер тарады. Қуандық Бишімбаев – жемқорлыққа қарсы күрес науқаны аясында қылмыстық қудалауға іліккен министр қызметіндегі алғашқы "болашақшы" кадр.
Көптің назарын аудартқан бұл іске қатысты тергеу амалдары жыл бойы жалғасып, 2017 жылы қазан айында іс сотқа берілді. Содан бері бұл іс бойынша әртүрлі ақпараттар жарияланды.
ВИДЕО: Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот отырысы
Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары Бишімбаевтың ісі бойынша тергеуге тартылған жиырма адамның кінәларын мойындағаны, ал Бишімбаев пен тағы екі күдіктінің өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарғаны туралы жазған. "Кінәсін мойындаған" азаматтардың кейбірінің Бишімбаевқа қарсы куәлік бергені жайлы ақпарат таратылды.
Қазан айында Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро тергеушілері Бишімбаевтың "қылмыстары дәлелденгенін" айтса, адвокаттары оған тағылған "ақша жымқыру" айыбының дәлелденбегені туралы мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бишімбаевтың адвокаттары мен тергеушілер дауы ұлғайды
Ал Бишімбаевтың ата-анасы жергілікті "31-телеарнаға" берген сұхбатында тергеу органдары тарапынан баласына психологиялық қысым көрсетілгенін айтып шағымданған.
Он айға созылған тергеуден кейін 250 томға жеткен қылмыстық іс бойынша сот процесі өткен жылы қараша айында Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында басталған. Осы кезге дейін бірнеше сот отырысы өтті. Әзірше сот үкімі шыққан жоқ.
"МИЛЛИОНДАҒАН СОМА ЖӘНЕ ОТКАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ СОТ"
2017 жылғы қарашаның соңына қарай Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соты "Қазақстан инжиниринг" компаниясының басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары 41 жастағы Қанат Сұлтанбековті "пара алғаны" үшін айыпты деп танып, 10 жылға бас еркіндігінен айыруға үкім етті. Сонымен қатар сот оны мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сот үкіміне сәйкес Қанат Сұлтанбеков жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейді.
Соттың жабық өтуін сұраған адвокат судьяға "коммерциялық құпиялар жеткілікті", "миллиондаған сома мен "откаттарға" қатысты сот тергеулерінің жай-жапсарын баяндау көпшілікке қалай әсер ететіні белгісіз" деген уәж келтірді
Қанат Сұлтанбеков "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін 2015 жылдың ақпанынан биыл ақпанда өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін атқарған. Ол коррупциялық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен әуелі ақпанда қамауға алынып, кейін 26 мамырда үйқамаққа шығарылған болатын.
Осы іс бойынша тағы сегіз адам – Қанат Байқадамов, Айбек Бектұрғанов, Ғимран Бисенов, Мәлік Сыздықов, Мұхтар Қарабеков, Әрсен Төлемісов, Гиль Смолинский және Мбэрэкрэхима Габдул-Кабироваға да сот үкімі шықты.
Айта кететін жайт, бұл іс бойынша сот процестеріне ақпарат құралдары өкілдері қатыстырылмады. Сот процесінің жабық өтуін сұраған айыпталушылардың адвокаттарының бірі судьяға "коммерциялық құпиялар жеткілікті", "миллиондаған сома мен "откаттарға" қатысты сот тергеулерінің жай-жапсарын баяндау көпшілікке қалай әсер ететіні белгісіз" деген уәж келтірген еді. Сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырған.
Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында құрылған "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясына қорғаныс министрлігіне тиесілі қорғаныс өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әскери зауыттар қарайды. Компанияның бірден-бір акционері - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры.
ДІН ЖӘНЕ ӨЗГЕ САЛАЛАР БОЙЫНША ЖЕМҚОРЛЫҚ ДАУЛАРЫ
Қыркүйек айында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері бойынша комитеті басшысының орынбасары Бауыржан Мусиннің ісі бойынша сот процесі басталды. Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Мусинді наурыздың соңында "пара алды" деген күдікпен ұстаған. Тергеу болжамынша, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың мүддесін қорғағаны үшін "жүйелі түрде пара алып отырған" шенеунік бюджетке "1,4 миллион теңге көлемінде зардап келтірген".
Сот процесі барысында Бауыржан Мусин сот құрамын ауыстыру туралы өтініш бергенімен оның өтініші қанағаттандырылмады. Қыркүйек айынан бері бұл сот процесінің жай-жапсары жайлы ақпарат шыққан жоқ.
2016 жылғы қыркүйек айында құрылған Дін істері және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрлік құрамында Дін істері және Азаматтық қоғам істері жөніндегі екі комитет пен бес департамент бар.
Қазақстанның бірқатар аймағында үлкен-кіші басшылардың жемқорлық айыбымен ұсталғаны туралы ақпараттар жыл бойы шығып тұрды. Қылмыстық іс-әрекеттерге күдікті ретінде ұсталғандар мен сотталғандар арасында Білім және ғылым министрлігі, Инвестиция және даму министрлігі, аймақтық ішкі саясат басқармасының басшысы да, аудан әкімі орынбасары, мемлекеттік кіріс департаменті, әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі, сот, әділет, прокуратура мен тергеу органдары, төтенше жағдайлар қызметі, сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, денсаулық сақтау салаларының өкілдері де болды.
2017 жылғы қарашаның ортасында Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) бұрынғы басшылары мен жеке компаниялардың жетекшілеріне қатысты сот процесі басталған болатын. Қазақстанда мемлекеттің басқаруындағы БЖЗҚ-ына елдегі барлық жұмыс істейтін азаматтардың ай сайын аударатын міндетті және ерікті зейнетақы жарналары шоғырланады.
Қылмыстық іс бойынша айып тағылған БЖЗҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Руслан Ерденаевпен бірге қор төрағасының бұрынғы орынбасары Дабыр Медетбеков, қордың қауіп-қатерді басқару департаментінің бұрынғы басшысы Мұса Бахтов, "АлатауМұнайАлтын" компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, "Бузгул Аурум" компаниясын құрған Бақытжан Кенжебаев, "Бузгул Аурумның" директоры Азат Найзағарин және "Мегатрансазия" компаниясы директорының бұрынғы орынбасары Талғат Тұртаев да сотқа тартылып отыр. Тергеу тұжырымы бойынша, БЖЗҚ-ның лауазымды тұлғаларына "қор атынан "БузгулАурум" компаниясының облигацияларын сатып алу туралы келісім жасасқаны үшін компаниядан аса ірі көлемде пара алған" деген айып тағылған. Прокуратура қылмыстық іс-әрекеттен мемлекет бес миллиард теңгеге зиян шеккен дейді.
Қарашаның басында өткен алдын ала сот тыңдауында Руслан Ерденаевтің "айыбын мойындағаны" туралы хабарланған. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.
"ФЕНИКС ІСІ"
2017 жылы көктемде "Феникс ісі" деген атпен белгілі болған дау-дамайға елге танымал актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың ілінуі жұртшылықтың назарында болды. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған" деген айыппен сотқа тартылған болатын.
Маусымның басында Алматының Медеу аудандық №2 соты "Феникс ісі" бойынша айып тағылғандардың барлығына әртүрлі мерзімге шартты жаза кесіп, тергеу кезінде және сот барысында қамауда болғандарды сот залынан босатты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тұңғышбай Жаманқұлов пен оның әріптестеріне сот үкімі шықты
Бұған дейін Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын жемқорлыққа қатысты айыптап, министрдің үстінен "сексуалдық бопсалау" бойынша арызданушыны қолдап шыққан еді. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Кейін Жаманқұловтың өз басы дауға қалды: бір топ театр қайраткері жиналыс ашып оны сөккен.
ВИДЕО: Министрді айыптаған Жаманқұловты әртістер сөкті
АБАҚТЫДАН БОСАҒАНДАР
2017 жылы бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев түрмеден бостандыққа шықты. "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыпталып, он жылға сотталған Ахметовтың екі жылдан кейін түрмеден шығуы Қазақстан үшін тосын жаңалық болған жоқ.
Ал "қаржы жымқырды және салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың желтоқсанның 4-і күні Алматының іргесіндегі Заречный кентіндегі колониядан шартты жазамен босап шығуын журналистер қауымы қуанышпен қарсы алды. Сейітқазы Матаев тағылған айыптарды мойындамаса да, сот белгілеген шығынның орнын толтыратынын айтқан.
ВИДЕО: Сейітқазы Матаевтың түрмеден шыққан сәті
"ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ БИЛІКТІҢ ӨЗІ СЕНБЕЙДІ"
Қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым "қоғамда билік жемқорлықпен шынайы ниетпен күресіп жатыр деген түсінік сол күйінше әлі қалыптасқан жоқ. Ең өкініштісі бұған билік те сенбейді" деп есептейді.
Бұл жемқорлық аясының тарылғаны емес, жемқорлыққа беріліп жатқан қаржы-қаражаттың азайғанының белгісі
- Бұл салада түбегейлі бағытты өзгертетіндей керемет нәрсені байқаған жоқпын. Қазір көріп отырғанымыздай, биліктің де, биліктің төңірегінде жүрген бизнестің де мүмкіндіктері тарылып келеді. Осы себепті де билік арасындағы топтардың өзара қақтығысы көбейді. Бұрын бұл алаң үлкен болса, бюджет бәріне жеткен болса, қазір олай емес. Сәйкесінше, мүдделер қақтығысып қалады. Ондай жағдайда біреулер ұсталып жатады. Бұл жемқорлық аясының тарылғаны емес, жемқорлыққа беріліп жатқан қаржы-қаражаттың азайғанының белгісі. Алайда қоғамдағы үрдіс, түсінік сол күйінше қалып отыр, - дейді Айдос Сарым.
Жемқорлықпен шынайы күрес – биліктің психологиясын өзгертуден басталады деп санайтын саясаттанушы елде билікке қатысты стереотиптер жаңармайынша, жағдайдың оңалатынына күмән білдіреді.
Билік пен бизнес деген егіз ұғым екі жаққа кетпей, бізде жемқорлықпен шынайы күрес болуы мүмкін емес
- Билік әлі де болса бюджетті қаржылық, әкімшілік топтарын қаржыландырып ұстап, олардың өзіне адалдығын қамтамасыз етіп отыратын құрал деп сезінеді. Бұл бір. Екіншіден, біздегілер "адамдар алдыма келіп тұрса екен, маған тәуелді болса екен" деген психологиядан еш арылған жоқ. Бұған қоса, шенеунік пен мемлекет ұғымдарын айыратын аражік болмай отыр. Мысалы, шенеуніктер мемлекетпіз дейді де, мемлекетті өз қорғанышы етіп көрсетеді. Негізі мемлекет деген – халық қой. Осы екеуінің аражігі сөгілмей, билік пен бизнес деген егіз ұғым екі жаққа кетпей, бізде жемқорлықпен шынайы күрес болуы мүмкін емес, - дейді Сарым.
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ИМИТАЦИЯСЫ ҮШІН – "4"
Мемлекеттің жемқорлықпен күрес саласында қандай да бір айрықша оқиғаны есіне түсіре алмаған тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов 2017 жылы Қазақстанда тамыры онан сайын тереңдей түскен жемқорлықтың "ерекшелендіретін" тұстарын да айтты.
Жемқорлық мемлекет өмірінің жүйелі құбылысына айналып сіңіп барады
- Белгілі бір себептен құқық органдарының назарына түсіп қалған жекелеген азаматтар кезең-кезең бойынша ұсталып тұрды. Бұл билікке жемқорлықпен күресіп жатырмыз деп көпіртіп сөйлеуіне мүмкіндік береді. Шын мәнінде, оның елдегі жалпы жағдайға еш әсері жоқ. Жемқорлық мемлекет өмірінің жүйелі құбылысына айналып сіңіп барады. Жемқорлықпен күресті кейіптегені (имитация жасағаны) үшін билікке "жақсы" деген, ал шынайы жағдайды өзгертуге қатысты - "үлкен үштік" баға қоюға болады, - дейді Дуванов.
Transparency International ұйымының 2016 жылғы зерттеу қорытындысы бойынша түзілген коррупцияны қабылдау индексінде Қазақстан 176 елдің ішінде 131-орында тұр. 2015 жылы Қазақстан 123-орында болған еді. "Транспаренси Қазақстан" ұйымы Қазақстанның 2016 жылы сегіз позицияға кері сырғу себебін елдегі ахуалдың нашарлауы емес, рейтингке жаңа елдерді енгізуге байланысты деп түсіндіреді.