Accessibility links

Тарифтен шыққан бүлік


Тарифтер жөніндегі қоғамдық тыңдау. Теміртау, 5 шілде 2016 жыл.
Тарифтер жөніндегі қоғамдық тыңдау. Теміртау, 5 шілде 2016 жыл.

Теміртау тұрғындары үкіметтен «президенттің қаласында» тарифтерді қымбаттатуға жол бермеуді сұрайды. Олар мұны ашық тыңдауда мәлімдеді. Шенеуніктер шығынның көбейіп кеткенін айтып, тұрғындардан «байқап сөйлеуді» сұрады.

100 пайыз мемлекет иелегіндегі «Оқжетпес-Т» коммуналдық кәсіпорнының тарифтерді қымбаттату туралы жаңа өтініші талқыланған кешегі ашық тыңдау Теміртау тұрғындарының тағы да ашу-ызасын қоздырды. Қызмет көрсетуші кәсіпорын жылу қуатының төлем ақысын 200 пайызға, суық суды – 237 пайызға, ал кәріз жүйесін пайдалану бағасын 700 пайызға қымбаттатуды сұраған. Монополияға қарсы комитет қызмет көрсетушінің бұдан сәл кемдеу тарифтер жобаланған алдыңғы өтінішін «дұрыс құрастырмаған» деп қабылдамай қойған. Жаңа өтініште кәсіпорынның «тәбеті» ашыла түскен.

«ҮНСІЗ БҮЛІК»

Тұрғындар коммуналдық кәсіпорын басшысы Ерлан Өтешевтің сөзін әуелі үн-түнсіз тыңдады. Бірақ шенеуніктерге сұрақтар қойылып, олардың бір бөлігіне сол күйі тұшымды жауап алмаған соң тұрғындар эмоцияға ерік бере бастады.

– Төмендегілердің қолы, ал жоғарыдағылардың – құлқы жетпейді! Мұның не екенін түсінетін шығарсыздар. Сіздер қаладағы жағдайды шайқалтып отырсыздар, - деп айғай салды ашық тыңдауларға үнемі қатысып жүрген Алексей есімді жас жігіт.

Коммуналдық қызмет түрлеріне тарифтерді қымбаттату туралы қоғамдық тыңдауға қатысып отырған тұрғындар. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.
Коммуналдық қызмет түрлеріне тарифтерді қымбаттату туралы қоғамдық тыңдауға қатысып отырған тұрғындар. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.

Тұрғындар қызмет көрсетуші сұраған тарифтер теміртаулықтардың көбінің жалақысы мен зейнетақысына сай емес деп мәлімдеді. Ашық тыңдауда кей зейнеткерлер шыдамай айғайға басып, жылап жіберді.

– Зейнеткерлерді неге қинайды? Әрдайым қалт жібермей төлеп жүрміз ғой. Мардымсыз зейнетақы онсыз да не дәрі-дәрмекке, не тамаққа жетпейді. Сендердің тарифтерің адамды есінен таңдыратын болды, - дейді көз жасын әрең іріккен зейнеткер әйелдердің бірі.

– Бұл – халықты ашындыру. Бұл демократияны ойнаудан басқа ештеңе емес. Сендер бәрібір өз дегендеріңді істейсіңдер. Тағы да көбінесе зейнеткерлердіңтөлеуіне тура келеді. Ал төлемегендер сол күйі төлемейді. Түбі жұрт мүлде төлемейтін болады. Ал бұл у-шусыз «бүлікке» айналады әрі жұрттың мұнысы дұрыс болып шығады, - деді бұрын депутат болған Анатолий Петухов.

Борышкерлерді кәріз жүйесінен ажыратып тастаймыз, ал бір құбыр бойында орналасқан пәтер иелері түгел қарыз болса, онда ыстық, суық суды да тоқтатамыз. Бірақ адамды мүлде сусыз қалдырмас үшін белгілі бір уақытқа – екі немесе үш сағатқа су беріледі.

Шілденің 5-і күні ашық тыңдауға қатысқан тұрғындар биліктен қалада тарифтерді қымбаттату ұсынысына қатысты референдум өткізуді талап етті. Бұған қоса, кей тұрғындар жергілікті шенеуніктердің үстінен жоғарыдағы органдарға шағым жолдап, «тұтынушылардың шамасы келмейтін» тарифтерді қымбаттатуға жол бермеуді сұрайтын кез келді деген ұсыныстар айтты.

– Бұл жерде мәселе тіпті кәсіпорын директорында да емес. Әкімдік пен үкіметіміз мұндайға неге жол береді, неге жұмыс істемейді? Бүкіл әлемде үкімет халықтың мұқтаж проблемасын шешу үшін жұмыс істейді. Ал бізде ше? Қане, жігіттер үкіметке үндеу жолдайық, - деді қоғамдық тыңдауға жиналған жұртқа сарапшы Юрий Головченко.

Кей тұрғындар жаңа тарифтерді төлеуге шамасы келмеген тұтынушылар кәсіпорынның коммуналдық қызметінен бас тартуы немесе мүлде төлемей қоюы мүмкін деген болжамдар айтты. Олар «шама жетпейтін сомадан» бөлек тарифтер ұлғайып барады, ал қызмет сапасы жақсармайды деген уәждерін білдірді. Сапасы нашар судың кесірінен су есептегіш құралдары, құбырлар сияқты жабдықтар істен шығады. Сарапшы Игорь Хомутовтың айтуынша, жұрттың мұндай қыруар шығынын әлі ешкім өтеп көрген жоқ. Тұтынушылар бұған қоса «Кәсіпорын енді ғана жоспарлаған шығындарын жаңа тарифтерге неге енгізеді?» деп ашынды. Бұл сұраққа да ешкім ұғынықты жауап берген жоқ.

БОРЫШКЕРЛЕР СОТҚА ДЕЙІНГІ ЕСКЕРТУ ХАТЫН АЛДЫ

Биыл 1 сәуірден бастап құрылған «Оқжетпес-Т» коммуналдық кәсіпорны директоры Ерлан Өтешевтің айтуынша, бұрынғы тарифтер шығынды ақтамайды. Сондықтан кәсіпорын тарифтерді қымбаттатуға рұқсат сұрап, табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтініш берген.

– Жобаланған тарифтерді бекіту кәсіпорынның қаржы жағдайын жақсартуға, шығынды азайтуға, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді коммуналдық кәсіпорын директоры Ерлан Өтешев.

Кәсіпорынның шығынға батуының тағы бір себебі – коммуналдық қызмет ақысын төлемеген тұтынушылардың мойнында миллиондаған қарыз бар. Ал уақытылы төлейтіндер борышкерлердің кесірінен зардап шекпеуі тиіс деп санайды тұрғындар.

Теміртау тұрғыны Юрий Головченко қоғамдық тыңдауда тарифті қымбаттатуға қарсылық білдіріп, билікке ұсыныс айтып тұр. 13 мамыр 2016 жыл.
Теміртау тұрғыны Юрий Головченко қоғамдық тыңдауда тарифті қымбаттатуға қарсылық білдіріп, билікке ұсыныс айтып тұр. 13 мамыр 2016 жыл.

– Біз кәсіпорынды алған кезде қарыз болған жоқ. Бірақ қазір қарыз бар. Борышкерлермен жұмыс істеп жатырмыз, бірақ бізде қызметкер көп емес екенін түсінген жөн, ал абоненттер саны – 64 мың. Борышкерлерді кәріз жүйесінен ажыратып тастаймыз, ал бір құбыр бойында орналасқан пәтер иелері түгел қарыз болса, онда ыстық, суық суды да тоқтатамыз. Бірақ адамды мүлде сусыз қалдырмас үшін белгілі бір уақытқа – екі немесе үш сағатқа су беріледі. Енді борышкерлермен жұмысты күшейтеміз, - дейді «Оқжетпес-Т» кәсіпорнына қарасты сату бөлімі бастығы Наталья Карчушкина.

Оның айтуынша, қазірге дейін Теміртауда 4117 борышкердің қолына ескерту хабарламасы, жеке тұлғаларға 114 сотқа дейінгі талап хат табысталған. Қазір олардың бір бөлігі қарызын төлеген, кей борышкерлерді сотқа беру үшін құжаттарын дайындап, ал кей тұрғындардың пәтерін қызмет түрінен ажыратқан. 651 заңды тұлға ескерту қағаз, ал 657 заңды тұлға сотқа дейінгі талап қағазын алған.

Төмендегілердің қолы, ал жоғарыдағылардың – құлқы жетпейді! Мұның не екенін түсінетін шығарсыздар. Сіздер қаладағы жағдайды шайқалтып отырсыздар.

Ашық тыңдау аяқталғаннан кейін «конструктивті диалог шықпады» деп мәлімдеген билік тұрғындар мен шенеуніктерден тұратын сарапшылар тобын құруға келісімін берді. Олар енді тарифтерді қымбаттатудың негізділігіне қатысты мәселені шешумен айналыспақ. Билік жиналған жұрттан өктем сөйлемеуді, «билік жағдайды шайқалтып отыр» демей, «байқап сөйлеуді» сұрады.

Тарифтерді бұлай тым қымбаттатуға қарсы шығып жүрген кей белсенді тұрғындар жиыннан шыққаннан кейін «бүгіннен қалдырмай жұртты жинап, шенеуніктерге қоятын сұрақтарымыз бен ұсыныстарымызды дайындаймыз» деді. Ал сарапшылар кеңесі таяу күндері іске кіріспек.

XS
SM
MD
LG