Бұдан 17 жыл бұрын Қырғызстанда сол кездегі президент Асқар Ақаевтың саясатына қарсы шеруге шыққан бейбіт тұрғындарға билік күштері оқ атып, алты адам қаза тапқан еді. Бұл қантөгіс тарихқа Ақсы оқиғасы деген атаумен енген. Биыл Боспиек ауылында Ақсы құрбандарын еске алу шарасына Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков те қатысты.
Сол күні бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев басқаратын Қырғызстан социал-демократиялық партиясы ұйымдастырған шарада қазіргі билікті "отбасылық-кландық басқару жолына түсті" деп сынады. Алмазбек Атамбаев "Сооронбай Жээнбековті билікке әкелгені үшін кешірім сұрайтынын" мәлімдеді.
БОСПИЕКТЕГІ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ
Жалалабад облысы Ақсы ауданындағы Боспиек ауылында өткен еске алу жиынына Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, парламент депутаттары, саясаткер Әзімбек Бекназаров және Ақсы оқиғасы кезінде зардап шеккендер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Сооронбай Жээнбеков сөзінде 17 жыл бұрынғы болған оқиғаны маңызын айтты.
"Ақсылықтардың құрыштай бері ерік-жігері биліктің озбырлығына қарсы күресте қырғызстандықтарды қанаттандырып, қоғам санасына зор әсер етті, елде жаңа өзгерістерге жол ашты. Бұл әділетсіздік пен заңсыздыққа қарсы бүкілхалықтық күрестің бастауы болды" деп мәлімдеді президент. Ол бұл күнді сәуір оқиғаларына қатысушы және отбасылық-кландық басқаруға қарсы күрескен адам ретінде есінде сақтап келе жатқанын айтты.
Жиынға қатысқандардың кейбірі онда президенттен басқа ешкімге сөз бермегеніне ренішін білдірді. Ақсы оқиғасында зардап шеккен Нарқыз Шералиеваның жиынға көңілі толмайды.
"Біз жалаң аяқ, жалаң қолмен жүріп революция жасадық. Біреуді атты, енді біреулер майып болды. Сол кезде қаншама адам зардап шекті? Мұғалім болып жүрген мені де қудалады. Билік сұрақтарымызға әлі күнге дейін жауап берген жоқ. Сондықтан [президент Жээнбеков] әділет жолында күрескендердің пікірін тыңдауы керек еді. Бұл жиынның олқылықтары болды. Бізге президенттің сөзінің керегі жоқ, жұрт сөйлеуі тиіс еді" деді ол.
АТАМБАЕВТЫҢ АЙЫПТАУЫ
Сол күні бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев басқаратын Қырғызстан социал-демократиялық партиясы да Ақсы оқиғасы құрбандарын еске алу шарасын ұйымдастырды. Бішкектегі "Медиа форум" ғимараты қасында шарада Атамбаев елдегі саяси жағдай туралы мәлімдеме жасады.
Ақсы оқиғасының себебін сөз еткенде Атамбаев "Қытайға жер беруге" халықтың қарсы шыққанын айтып, сол кезде Сооронбай Жээнбеков парламент төрағасының орынбасары, ал оның бауыры Жусуп Жээнбеков – аймақ басшысы қызметтерінде болғанын еске салды. Атамбаевтың сөзінше, ол уақытта Сооронбай Жээнбеков "үнсіз ғана" отырған.
Атамбаев билікті "еске алу шеруіне кедергі қойып, шараға келетін адамдарға бөгет жасамақ болды" деп айыптады. Ол "Сооронбай Жээнбековті билікке әкелгені үшін" көпшіліктен кешірім сұрады.
"Ғұмыр бойы отбасылық авторитарлық режимдермен күресіп жүріп қасымдағы ондай адамның кім екенін аңғармадым. Оның ішіне үңілмей қолдау таныттым. Осындай адамды, осындай отбасыны билікке алып келдім. Сол күшін қырғыз халқынан кешірім сұраймын. Мен әрқашан өз қатемді түзеймін. Алла жазса, әрқашан шындықты айтудан танбаймын" деген Атамбаев "елді бөліп-жарған" билікті сынады.
"Сооронбай Жээнбеков, сен партия және "Айкол Ала-Тоо" [бірлестігіне] ғана емес, халықты бөлдің. Халық оңтүстік және солтүстік болып бөлінбесін деп, сені Қара-Құлжадан әдейі алдырттым. Ал сен халықты бөлдің. Біз қазір дұға оқуға дейін араласа бастағаныңды көріп отырмыз. Тоқтат! Кеш болмай тұрғанда тоқтат! Өйткені халық сел сияқты. Халық шыдайды. Бірақ төзімі қаншаға жететінін білмеймін. Егер күндердің күнінде халық оянатын болса оны ешкім тоқтата алмайды. Біз бұған дейін ондайды көргенбіз. Мүмкін мен қателестін шығармын, бірақ күн өткен сайын Құрманбек Бакиевтің билігіне ұқсап бара жатқан сияқтымыз" деді Атамбаев.
"Медиа форум" ғимараты қасында өткен еске алу жиынында сөйлегендер билікті негізінен "отбасылық басқару жолына түскені" үшін сынады. Атамбаевтың сөзінше, ол осыдан бір жыл бұрын өзі депутаттық мандатты өткізуді ескерткен президенттің бауыры Асылбек Жээнбеков қазір парламент депутаттарына басшылық жасап отыр.
Парламенттің бұрынғы депутаты Мээрбек Мискенбаев Атамбаевтың отбасылық билік туралы сөзін қолдады.
"Қазір отбасылық-кландық, қылмыс режимі орнады. Бүгіннен бастап біз авторитарлық билікке ауыса бастадық. Себебі олар жұрт осында келмесін деп үй аралап, адамдарды телефонмен қорқытқан. Бірақ барлығы келді. Жаңа билік партияны, халықты, қоғамды бөле бастады. Ертең олар әр отбасыны бөлетін болады. Қазір сондай билік келді. Егер қорқытып-үркіту, қудалау жалғасатын болса біз "Ағайынды Жээнбековтерсіз Қырғызстан" деген ұранмен шығуымыз керек" деді Мискенбаев.
СӨЗ БЕН ІСТІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Боспиек ауылындағы еске алу шарасында президент Сооронбай Жээнбеков тәуелсіздік алғаннан бері Қырғызстанда "халық отбасылық басқарудың алуан түрін көргенін, тіпті бір кездері "мемлекетті ұйымдасқан қылмыстық мафия басқарғанын" да айтты. Сонымен бірге ол отбасылық басқаруға "ешқашан жол бермеймін" деп сендірді.
"Отбасылық кланға қарсы күрес басында болғандардың бірі ретінде отбасылық-кландық басқаруға ешқашан жол бермеймін! Біз заңды құрметтейтін таза, құқықтық әрі әділ қоғам құрамыз" деді президент Жээнбеков.
Саясаттанушы Эмиль Жороев Ақсы оқиғаларын еске алу шарасы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен оны қолдаушылардың саяси мәлімдеме жасауына жақсы мүмкіндік болды дейді. Оның пікірінше, бұрынғы және қазіргі биліктің мәлімдемелері елдегі саяси ахуалдың қандай екенін айқын көрсетеді.
"Атамбаев "билікке үй-ішімді араластырған жоқпын" деп өзін жақсы етіп көрсеткісі келеді. Бірақ ол жоғары лауазымды қызметтерге қолынан іс келмейтін ең жақын адамдарын қойды. Мысалы, оққағарларын министр қылды, көмекшілерін басқадай қызметтерге қойды. Мұның отбасылық басқарудан айырмашылығы жоқ" дейді Жороев.
2002 жылы наурыздың 17-і күні билікке наразылық білдіріп бейбіт шеруге шыққандарға милиция қарудан оқ атып, алты азамат қаза тапты, ондаған адам зардап шекті. Шеруге шыққандар биліктен депутат Әзімбек Бекназаровты қамаудан босатуды және "Қытайға жер бермеуді" талап еткен.
Ақсы оқиғасынан кейін үкіметтік, депутаттық және қоғамдық комиссиялар құрылып, болған жайттарды зерттеп, қорытындыларын шығарған. Асқар Ақаевтың билігі тұсында жергілікті билікті айыпты етіп көрсетті. Бірнеше адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан болды, бірақ кейін рақымшылық жасады.
Ақсы оқиғасына саяси баға беру туралы мәселе Құрманбек Бакиев президент болып тұрғанда да көтерілген. Бірақ Жоғарғы сот бұл істі қайта тергеудің қажеті жоқ деген қаулы қабылдаған.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы негізінде әзірленді.)
ПІКІРЛЕР