Accessibility links

Қырғызстан "өз исламын" қалыптастырғысы келеді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Бішкекте "Қазіргі зайырлы мемлекеттегі ислам" атты екі күндік халықаралық конференция өтіп жатыр. Шараның ашылуына қатысқан Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанда ислам академиясын ашуды ұсынды.

Конференцияда шетел қонақтары бөтен елден келген адамдардың дін таратуларына жол бермеуге, ұлттық идеялогияға негізделген исламды қалыптастыруға шақырды.

Қарашаның 15-і күні басталған конференцияда дін мәселелері, радикализмнің алдын-алу және экстремистік көзқарастармен күрес мәселелері талқыланып жатыр. Шараға БҰҰ, ЕҚЫҰ өкілдері мен Ауғанстан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірлігі, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей және өзге де мемлекеттердің өкілдері қатысып жатыр.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков конференция барысында төрт мәселені талқылауды ұсынды. Атап айтқанда, президент теологиялық білімді үйлестіру үшін Қырғызстанға ислам академиясы қажеттігін айтып, "мұндай академия мемлекетке қарауы тиіс" деді.

Сооронбай Жээнбеков.
Сооронбай Жээнбеков.

​- Соңғы уақытта дін саласында туындап жатқан мәселелерді шешу керек. Мысалы, қоғам дамуына сай келетіндей етіп барлық деңгейде діни біліммен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Қырғызстанда алғаш рет имамдарды қосымша білім алуға тарта бастадық. Мемлекеттік талапқа сай келетін оқу стандарттарын енгізіп жатырмыз. Медресе, ислам колледжі, ислам институты, ислам университеті біртұтас білім беру жүйесінің баспалдағы болуы керек. Болашақта ислам академиясын ашсақ, оның іс-әрекетін мемлекет бақылайтын болады, - деді президент.

Президент өз сөзінде дәстүрлі исламның ханафи мазхабын ұстану керектігін де айтты. "Ата-бабаларымыз ұстанған ислам заманауи қоғам қағидалары мен заң талаптарына қайшы келмейді" деді ол.

Конференцияда Абу-Даби (БАӘ) атқару комитетінің басшысы Али Рашид Абдулла әл-Нуами де сөйледі. Ол Қырғызстанда ұлттық құндылықтарға негізделген ислам құруға шақырды.

- Сіздерге айтар кеңесім бар. Біріншіден, ұлттық мемлекет болу керек, балаларды бірінші сыныптан бастап төзімділік пен адамгершілікке үйрету керек. Экстремизмге қарсы тұру жоспары керек. Қырғыз исламын қалыптастырып, дамыту керек. Қырғызстанға келіп, "өз исламын" тықпалауға ешкімнің құқығы жоқ, - деді Али Рашид Абдулла әл-Нуами.

Абу-Дабиден келген сарапшының сөзін қырғыз сарапшылары қызу талқылады. Қоғам қайраткері Алмазбек Акматалиев ұлттық ерекшеліктерге бейімделген ислам қоғамдағы жікке бөлінуді жоятын еді деп санайды.

Алмазбек Акматалиев.
Алмазбек Акматалиев.

- Қырғыз исламын ұнататын біз ғана емес, тіпті арабтар да оған қызығушылық таныта бастады. Арабтар исламды меншіктеп алған жоқ, әрбір ұлт исламға өз тілімен, дәстүрімен, киімімен келеді. Орталық Азия халықтары исламның әлемдік қазынасына арабтардан жүз есе көп үлес қосқанын ұмытпауымыз керек. Орталық Азия исламын анықтайтын уақыт келді! Қазір оған өте қолайлы уақыт туып тұр. Орталық Азия басшылары бұл мүмкіндікті жіберіп алмаулары керек. Мүмкін арабтардың көзқарасы бойынша біздің ислам шалалау көрінер. Бірақ ол біздің ислам. Біз Алланың бар екенін және жалғыз екенін, Мұхаммед оның пайғамбары екенін мойындаймыз ғой? Мойындаймыз. Сол жеткілікті. Қалғаны біздің ұлттық ерекшелігімізге, географиямызға, тарихымыз бен тілімізге, салтымызға сай болуы керек. "Саламатсыз ба?" дегенде "Ассалаумағалейкум" де, "Ақпыш" дегенде "Әлхамдулиллах" деп айт деуді арабтардан келген дүние деп санаймын. Осындай бөтен нәрселер ұлттық құндылықтарымызды жояды. Дін ұлттық ерекшеліктерге негізделуі керек, - дейді Алмазбек Акматалиев.

"Қазіргі зайырлы мемлекеттегі ислам" тақырыбымен өтіп жатқан екі күндік конференция Бішкекте осымен екінші рет өтіп жатыр. Ең алғашқысы 2017 жылдың қыркүйегінде өтті. Бірінші конференцияда қандай тұжырым жасалғаны белгісіз. Шараны ұйымдастырған дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның директоры Зайырбек Эргешов бұл жолы шешуді талап ететін мәселелердің ашық айтылғанын, өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып жұмыс жүргізетіндерін айтты.

Зайырбек Эргешов.
Зайырбек Эргешов.

- Өткен жылдан айырмасы шара төрт тақырып бойынша өтіп жатыр. Былтыр негізгі түсініктерді анықтап, заманауи зайырлы мемлекеттегі дін, ислам қандай болуы керек деген мәселені талқылаған едік. Биыл діни білім беру мәселелерін, дінтану проблемаларын, қоғамға оның қажеттілігін талдаймыз. Екінші үлкен бағыт – БАҚ, интернетте дін мәселелерін қамту. Өздеріңіз білесіздер, көбіне интернетте қоғам жікке бөлініп, "менікі дұрыс" деп таласып жатады. Осы мәселе бойынша тәжірибе алмасамыз. Тағы бір мәселе – діндар әйелдердің қоғамдағы орны. Қоғамда әйелдің киіміне қарап оны діндар санайды. Тағы бір мәселе – жастардың рөлі. Олардың танымын кеңейту. Оған қоса әр халық, мемлекет ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы өзінің материалдық-рухани мәдениетін дамытады. Осы байлықтарды сақтап, ислам дініне қайшы келмей, үйлесімді даму мәселесін талқылаймыз, - деді Зайырбек Эргешов.

Қарай отырыңыз: "Қызымның Сирияға қандай қаржыға кеткенін білмеймін"

Қырғызстанда дін туралы пәндерді мектеп бағдарламасына енгізу бұрыннан талқыланып келеді, бірақ әлі жүзеге аспады. Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасының жетекшісі Замир Ракиев Азаттыққа берген сұхбатында бұл ұсынысты жүзеге асырса тұрғындардың діни сауаты артар еді дегенді айтты.

Замир Ракиев.
Замир Ракиев.

- Бұған дейін дінтану сабағын мектепке енгізу бойынша Білім және ғылым министрлігіне бірнеше рет үндеу тастадық. Бүгін әржақтан келген сарапшылар да осындай пікір айтып жатыр. Егер мектепте дінтану сабағы оқытылса, жастардың діни сауаты артып, білімі ұшталады. Бірақ жұмыс жоспарын тиісті мекемемен бірлесіп әзірлеу керек. Бұған дейін бірнеше рет әрекет жасадық. Бұл мәселе әлі шешімін табуы керек, - деді Замир Ракиев.

Қырғызстан Конституциясында "дін мемлекеттен бөлек" деп жазылған. Сондықтан "мемлекетке қарайтын Ислам академиясын құру елдің негізгі заңына қайшы келмей ме?" деген сұрақ туады. Соңғы кезде бұл елде мемлекет пен діннің арасындағы мәміле және діни саясат көп талқылана бастағаны байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG