Өзбекстанда қоғамдық орындарда әйелдердің хиджаб киюіне тыйым салған заңға наразылық білдіріп, флешмоб өткізу жоспарына рұқсат берілмеген соң Young Zapik есімді рэпер жаңа әнін әлеуметтік желіде таратып жіберді.
Өнеріне тыйым салынған жас рэппердің әйелдердің хиджаб кию құқығын қолдайтын "Хиджаб киген қыз" әні әлеуметтік желіде қолдау тауып, хиджабқа салынған тыйым төңірегінде қызу пікірталас тудырды.
Жұрттың көбі Өзбекстанда тұңғыш әрі авторитар президент Ислам Каримов билікке келген 1990 жылдардан бері күшінде тұрған хиджабқа тыйым салу ережесіне наразы. Оның үстіне, жергілікті биліктің қыркүйектің 5-інде Ташкентте қарсылық флешмобын өткізуге рұқсат бермеуі жұрттың наразылығын күшейтті.
Жазаға ұшыраудан қорқып, аты-жөнін атамауды жөн көрген ташкенттік блогшы Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында: "Қыркүйектің 5-інде әйелдердің орамал тағып, мұсылманша киінуін қолдап бейбіт жиын өткізгіміз келген еді. Бірақ, билік бұл шараны ұйымдастыруға рұқсат бермеді. [Young Zapik-тың] әні [шеруге] қатысушыларды біріктіретін лейтмотив болғалы тұр еді", – деді.
Флешмобқа тыйым салынған соң аты-жөні белгісіз әнші Young Zapik орамалды қолдайтын сарындағы, хиджаб киген сұлу қыз туралы әнін өзінің Instagram парақшасында жариялаған. Биліктің қаһарынан қаймыққан әнші Азаттыққа да, басқа ешбір ақпарат құралына да сұхбат бермеді.
Әннің мынадай жолдары бар:
"Хиджабы жарасады өзіне,
Бірақ қарай алмаймын жүзіне.
Жүрегін жаулағым келсе де,
Сезімімді неге айта алмаймын көзіне?"
Бұдан соң рэпер "хиджаб киген қыздың имандылығын" былайша мадақтаған:
"Әр күні бес уақыт намаз,
Жүрегінде оның Алла.
Әр намазда жақындарына
Сұрайды Алладан пана".
Бірақ Өзбекстанның кей тұрғындары хиджаб киюді насихаттаудың қажеті жоқ деп, үкіметтің осы тәрізді әндерге тыйым салу шараларын құптайды.
"Исламда тек соғыс кезінде даңғыра ұруға рұқсат етілген. Қазір Young Zapik-тың әндері Telegram [және басқа да әлеуметтік медиа сайттары] арқылы тарап кетті. Меніңше, бұл дұрыс емес. [Мұсылмандар] мұндай ән айтқанда күнәға батады", – деді өзін Фарук Умар деп таныстырған ташкенттік студент.
Ал кейбіреулер Young Zapik-тың әрекетін екіжүзділікке балайды. Себебі ол хиджаб киген қызға ғашықтығын әнге қосады, ал орамалды керісінше, осындай құмарлықты оятпау үшін киеді дейді. Олардың айтуынша, рэп музыкасы көбіне Исламға қарсы өмір салтын насихаттайды.
Өзбекстандағы өнер саласын қадағалайтын "Өзбекконцерт" мекемесінің аты-жөнін атамауды өтінген өкілі Young Zapik-тің бұл мекемеде әнші ретінде тіркеуден өтпегенін, сондықтан ән жазуға, басқа шығармашылық түрімен айналысуға лицензиясы жоқ екенін айтты.
"Өзбекконцерт" өкілінің айтуынша, мекеменің өткен айда болған ресми жиналысында Ислам туралы ән айтқан, хиджаб киген не сақал өсірген әншілер қатты сынға ұшыраған.
2016 жылы күзде президент Ислам Каримов қайтыс болған соң оның орнына Шавкат Мирзияев билікке келгенде көп жұрт хиджабқа салынған тыйым аздап босаңсиды, не тіпті мүлде алынып тасталады деп үміттенген еді.
"Хиджабшыл белсенділердің" онлайн басталған әрекеті ел ішіндегі осы оптимизмді аңғартады. Young Zapik-тің әні оларды тіпті қанаттандыра түскендей.
Қыркүйекте Ташкент имамы Фазлиддин Парпиев жұма намазында уағыз айтудан бас тартып, мемлекеттің хиджаб киіп, сақал өсіруге салған тыйымына ашық қарсылық білдірді. Осыдан соң ол бірден қызметінен алынды.
Президент Мирзияев үкіметі қоғамдық ережелерді өзгерте ме деген үміт ақталмады. Тамыздың 16-сында жалпы Өзбекстан бойынша енгізілген жаңа мектеп формасының үлгісі жарияланды. Өзбекстанда хиджабқа салынған тыйым күшінде қалатыны содан-ақ белгілі болды.
ПІКІРЛЕР