Соңғы жылдары Қырғызстанда "Йакын инкар" қозғалысының жақтаушылары оқу бағдарламасы шариғатқа сәйкес келмейді деп, балаларын мектепке жібермей жатқан оқиғалар жиі кездесіп қалады. Олар билікке де талап қоятынды шығарған. Ыстықкөл олбысындағы Ананьево ауылының тұрғыны Бакытгүл Абдрахманова - сол көзқарасты қолдайтындардың бірі. Ол екі қызын мектепке жібермей отыр.
- Бәрі жақсы болғанын қалаймын. Бірақ балаларымның мектепке баруы мәселесіне келгенде Алланың заңын аттай алмаймын. Сабаққа жіберейін десем, қарамайсыздар ма, Конституция мен шариғат бір-біріне сәйкес емес. Жақсы, біз заң бойынша өмір сүруге келісеміз. Қарсы емеспіз. Өз пікірімді айтуға да құқығым жоқ. Бірақ Алланың алдына барғанда сұраққа алады ғой. Ол "менің бұйрығыммен неге өмір сүрмедің, адамдардан неге қорықтың?" деп балаларым туралы сұраса, өзіме жауап бере алмай тұрып, балаларыма қалай жауап берем? - дейді ол.
Бұған дейін құқық қорғау органдары Ыстықкөл ауданының Ананьево, Садыр аке, Темир және Бостери ауылдарында төрт отбасыдан сегіз бала мектепке бармай қалғанын хабарлаған. Жергілікті билік бұл отбасыларға бастапқыда түсіндіріп көрмек болған, кейін нәтиже шықпаған соң ата-аналарына айып салынды, кейбірі қылмыстық жауапқа тартылды.
Булан институтының жетекшісі Чолпон Орозобекова бұрын балалар мектепке кедейлік пен ата-аналарының жұмыссыздығы себебінен бармаса, қазір басқа қауіп пайда болғанын айтады.
- Бұл балаларды ата-аналары өздерінің діни көзқарастары үшін мектепке жібермей, үйде ұстап отыр. Бұрын бір ауылда осындай бір-екі шаңырақ болса, кейін олардың саны ақырындап көбейе түсті. Сондықтан мәселеге қоғам назарын аудару үшін осы конференцияны ұйымдастырдық. Жиында Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігінен де өкіл бар, діни қайраткерлер мен педагогтар да қатысып отыр. Біз осылай бетпе-бет отырып "не істеу керек?" деген сұраққа жауап тапқымыз келді. Мысалы, Ыстықкөл ауданында үш шаңырақтың асыраушысы сотталды. Енді бұдан соң мәселе толық шешіле ме деген сұрақ туады - дейді Орозобекова.
Чолпон Орозобекованың айтуынша, мұндай оқиға кейбір ата-аналардың құқықтық тұрғыда сауаты жоқтығынан пайда болады. Сондықтан түсіндіру шараларын жүргізе беру керек деп есептейді.
Қырғызстан мұсылмандары рухани басқармасының бұрынғы мүфтилерінің бірі Чубак Жалилов ислам білім алуды шектемейтінін айтты.
- Ислам пайғамбары "білім алу әрбір мұсылманға міндетті" деген. Егер бір адам мұсылман боп туса - мейлі ол еркек, не әйел немесе гермофродит болса да олардың бәріне білім алу міндет. Ұлы жаратушының кітабы Құран Кәрімде "қолдарыңнан келгенше ұрпаққа отанды, рухты, ар-намысты, ғасырлар бойы жиналған бар байлықты аман-есен жеткізуге тырысыңдар" деген аят бар. Демек, дін ешқашан, еш уақытта білім алуға бөгет қоймайды. Керісінше, оқу міндетті, қасиетті және пайдалы іс боп саналады6 - дейді дін өкілі.
Педагогика ғылымының докторы Жанкороз Каниметов "өзінің діни көзқарасы үшін балаларын мектепке жібермей қою мемлекетке қауіп төндіретін құбылыс, қоғам бұл мәселеге жеңіл қарамауы керек" деген пікірде.
- Мүфтият классикалық исламды сақтап қалуы керек. Ал жергілікті билік қай үйде, қандай бала, не себепті мектепке бармай қалғанын біліп отыруы тиіс. Білімсіз елдің келешегін елестету мүмкін емес. Білімді ел ғана дами алады - деді ол.
Қырғызстан Білім және ғылым министрлігінің өкілі Гүлшан Абдылдаеваның айтуынша, 2017-2018 оқу жылында 2117 бала мектепке бармаған.
- Қазір олардың білім беру мекемелерінде неге тіркелмей қалғанын анықтау үшін жергілікті билікпен бірлесе үлкен жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, 2117 баланың 300-дейі аурушаң болса, медреселерде, мектептерде, шіркеулерде тәрбиеленіп жатқан 866 бала анықталды, - деді өкіл.
Гүлшан Абдылдаева діни оқу оқып жатқан мыңға жуық бала орта білім алғаны туралы аттестат ала алмайды деді.
Қырғызстан мұсылмандары рухани басқармасының өкілі Куштарбек Маматов басқарма жанындағы діни оқу орындар 9 сыныпты аяқтады деген аттестаты барларды ғана қабылдайтынын айтты. Ал Ыстықкөлдегі "инкаршылардың" әрекеті туралы "жалпы исламның көзқарасы емес" деді.
Балаларын мектепке жібермей қойып, айыппұл төлеуге міндетті болған ата-аналар Қазақстанда да бар. 2017-2018 оқу жылының басында Ақтөбе, Түркістан облыстарында жүзден аса, Талдықорған, Павлодар, Орал қалаларында бірнеше бала мектепке орамал тағып келгені үшін кіре алмаған. Оған Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы себеп болған. Ал Тәжікстан былтыр хиджаб киюге тыйым салған.
(Мақала қырғыз тілінен аударылды. Түпнұсқа мына сілтемеде)
ПІКІРЛЕР