Азаттық: Қазанның 31-і күні АҚШ-та болған терактіге 29 жастағы Өзбекстан тумасы айыпталып жатқан тұста Орталық Азия аймағында тұратын жастардың діни радикалдану проблемасы өзекті тақырыпқа айналды. Бұл - Орталық Азиядан шыққан деп болжанатын адамдар ұйымдастырған төртінші теракт. Бірнеше жыл бойы аймақтың түрлі елдерінде, Қазақстан қалаларында зерттеу жүргіздіңіздер. Сіздің пікіріңізше, Орталық Азия жастарының өмірінде діннің қазіргі рөлі қандай?
Толғанай Үмбетәлиева: Егер 2014-2015 жылдары жүргізген зерттеуіміздің нәтижелеріне сүйенсек - түпкілікті нәтижелерін 13 қазанда таныстырамыз - [Орталық Азия жастарының өмірінде] дін онша үлкен рөл атқармайды. Мұны бірнеше көрсеткіш бойынша бағалауға болады. Оның біріншісі – "Дінге деген көзқарасыңыз қандай?" деген сұраққа жауап. Мысалы, Қазақстанда [сұралған] респонденттердің бар-жоғы 6,5 пайызы, Өзбекстанда бес пайызы ғана өзін діндармын, үнемі мешітке барып тұрамын, жораларды қалтқысыз орындаймын деп жауап берді. Қырғызстан мен Тәжікстанда мешітке баратын және дін талаптары мен жоралғыларының бәрін орындаймыз деп санайтын жастар көбірек. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 20,3 пайызға тең, Тәжікстанда – 30,9 пайыз.
Азаттық: Есептеріңізде келтірілген дерекке сәйкес, респонденттердің көпшілігі өздерін мұсылман санайтын 14-29 жас аралығындағы жас жігіттер екен. Сіздер олар «құдайға сенеді, өздерін діндар санайды, бірақ күнделікті өмірде шариғат шарттары мен жораларды орындауға әлі әзір емес» деп көрсеткесіздер. Таяу жылдары бұл жағдай өзгеруі мүмкін деп болжауға себеп бар ма?
Толғанай Үмбетәлиева: Респонденттерден діннің аймақтағы болашақ рөлін 1-ден 7 балға дейін бағалауды өтінген едік. Төрт ел - Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда көрсеткіштер мынадай болды: Қазақстанда жас респонденттердің 40,6 пайызы, Өзбекстанда 40,3 пайызы 4-5 деген балл қойған. Ал Тәжікстанда респонденттердің 39,3 пайызы, Қырғызстанда 35,6 пайызы ең жоғары, яғни 7 балл қойған. Жастардың пікірінше, өздері тұратын елдің қоғамдық өмірінде діннің рөлі барған сайын күшейе түседі. Әлгі деректерге сүйенсек, [Орталық Азияда] жастардың дінге деген ықыласы артады деп болжауға болады.
Азаттық: Есепте "дін қоғамдық өмірде үлкен рөл атқаруы тиіс" деп санайтындар саны қарама-қайшы көзқарастағы жастар санынан шамамен үш есе артық екен. Бұл неліктен деп ойлайсыз?
Толғанай Үмбетәлиева: Қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында әр түрлі позиция мәлімделгенімен, бұл жастардың дінге қатысты айқын позициясы қалыптасқанын көрсетеді. Бір жағынан, тәуелсіздік алғаннан кейін аймақ елдерінде дінге деген ықылас артты. Бірақ, екінші жағынан, кейбіреулер исламмен байланыстыратын терроризм туралы ақпарат та қаптап кетті. [Кейбір] жастарды террорлық ұйымдармен немесе исламның радикалды түрімен байланысты туған осы үрей мен күдік үркітеді. Бір жағынан, олар [Орталық Азияда] дінге деген ықылас артып келе жатқанын көріп отыр. Бұған қоса, бұл жастардың дінді мәдени элемент ретінде түсінуіне ықпал етеді. Олар өздерін діндар санағанымен, діни жораларды толық орындамайды.
"Жастармен әңгімелессеңіз, олардың дін туралы үлкендерден әлдеқайда көп білетінін байқайсыз".
Азаттық: Социологиялық зерттеу қорытындысы бойынша әзірлеген есептеріңізде "жастардың дін туралы түсінігі бұлыңғыр" деген ұйғарым жасапсыздар. Бұл нені білдіреді?
Толғанай Үмбетәлиева: Бәлкім, бұл мемлекет пен қоғамда [діннің елдегі рөліне қатысты] айқын позицияның жоқтығынан болар. Қоғамда дінге қатысты қилы пікірталастар жүріп жатқанын, түрлі әлеуметтік топтар бұл мәселеге түрлі көзқараспен қарайтынын байқап отырмыз. Бірақ егер жастармен әңгімелессеңіз, олардың дін туралы үлкендерден әлдеқайда көп білетінін байқайсыз. Біз совет заманында - атеизм кезеңінде өмір сүрдік, сондықтан бізге әрине оның әсері тиді. Үлкен кісілердің бұл мәселеден хабары аз. Үлкендерде діни білімнің жоқтығы жастардың көзқарасынан білінеді. Ал жастар дін туралы көбірек білгенімен, бұл өзінің өміріне қалай әсер етуі мүмкін немесе қалай әсер етуі тиіс екенін онша түсінбейді.
Азаттық: Орталық Азия елдерінде жастардың радикалдану тенденциясы шынымен байқалады деп айта аламыз ба?
"Қазақстанда дін қайраткерлеріне сенім деңгейі орташа".
Толғанай Үмбетәлиева: Әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне қарағанда, бұлай емес. Бұған қоса, дін қайраткерлеріне деген сенім деңгейіне қатысты сұрақ бар. Сенім деңгейі онша жоғары емес. Қазақстанда мысалы діни жетекшілерге деген сенім деңгейі - 5,8 балл (ең жоғарғы балл - 10). Бұл жастардың дін қайраткерлерінің қызметіне енжар қарайтынын білдіреді. Ең жоғары көрсеткіш Тәжікстанда – 7 балл, демек дін қайраткерлеріне жастардың көпшілігі сенеді. Қырғызстанда – 5,6 балл, Өзбекстанда - 5,2 балл. Қазақстанда дін қайраткерлеріне сенім деңгейі орташа. Ал діни кемсіту мәселесін алсақ, жастар арасында дін кемсітудің себебі болып саналмайды. Зерттеуіміздің нәтижесі бойынша қазір Орталық Азияда жастар діни радикалдануға бейім деген ұйғарым жасай алмаймыз.
Азаттық: Сұхбат бергеніңізге рахмет.