Accessibility links

Билік партиясы екіге жарылды. Соңы не болмақ?


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан парламентінде саяси көпшілік болып отырған Социал-демократиялық партиясы бір жылға созылған ырың-жырыңнан соң ақыры екіге ажырап тынды. Бірінің басында – қазіргі, екіншісінің басында – бұрынғы президент тұр.

Қазіргі Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың арасындағы тайталас тұтас елдің бірлігіне қатер төндіретін мәселеге айналғандай. Жеке бас араздығы ушыға түскенін әйгілеген соңғы оқиға наурыздың 18-інде Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) оппозицияға қосылуы болды.

Парламенттегі 120 мандаттың 38-ін иеленіп отырған ҚСДП - 18 орын алған Қырғызстан партиясымен, 13 орынға ие "Онугуу-Прогресс" партиясымен және 12 мандатты "Бір Бол" партиясымен коалиция құрған еді.

Қырғызстан парламенті. Көрнекі сурет.
Қырғызстан парламенті. Көрнекі сурет.

1993 жылы құрылған ҚСДП – тәуелсіз Қырғызстандағы алғашқы саяси ұйымдардың бірі. Атамбаев партияны 1999 жылдан бері басқарып келеді. 2011-2017 жылдары президент болған кезінде конституцияға сәйкес екі мансапты қатар иелене алмағандықтан уақытша төрағалықтан кете тұрған.

2018 жылғы наурызда Атамбаев ҚСДП-ның төрағасы болып қайта сайланып, съезде Жээнбековке «аға ретінде кеңес» айтқан еді. Бұл кеңесі сол уақытта президент қызметіне кіріскеніне төрт-ақ ай толған Жээнбековті сынау болып шыққан. Атамбаев өзінен кейінгі билік иесіне отбасы мүшелерін саясатқа араластырмауды ескертіп, 2010 жылы биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиевті мысал еткен.

Сайлау кезінде Атамбаев Жээнбековтің кандидатурасын қолдап, өзінің саяси мұрагері ретінде көрсеткен. Бұл сөзінен Атамбаев өзіне ыңғайлы адамды сайлатып, билік басында қала бермек екен деген пікір туған. Бірақ Жээнбеков 2017 жылғы қараша айында ант беріп, президент қызметіне кіріскен соң Атамбаевтың кезіндегі жетекші үкімет мүшелерін жұмыстан шығара бастаған. Былтыр наурызда президент аппаратының жетекшісі Фарид Ниязов қызметтен кеткен Атамбаев кезеңінің соңғы өкіліне айналған. «Ағалық кеңес» айтылған ҚСДП съезі үш аптадан кейін өткен еді.

Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсімінде сөйлеп тұрған Алмазбек Атамбаев. 24 қараша 2017 жыл.
Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсімінде сөйлеп тұрған Алмазбек Атамбаев. 24 қараша 2017 жыл.

Бұл кезде Атамбаев билік құрған жылдары бекітілген бірнеше келісім-шартқа қатысты қылмыстық іс қозғалып жатқан. 2018 жылғы қаңтарда Бішкектегі жылу электр станциясында болған апат себептері де тексеріле бастаған. Бұл станция кезінде Қытайдан алынған 386 миллион АҚШ долларының есебінен жөнделсе де, қыстың суық күндері істен шығып қалған. Бас прокурор Откурбек Жамшитов осы жобаға салынған ақшаның 111 миллионы жымқырылған деп мәлімдеген.

Атамбаев кезеңінің жауапты мемлекет қызметкерлері, бірнеше премьер-министр осы тексеру кезінде тергеуге шақырылып, кейбірі қамалған. Сол кезде түбінде Атамбаев та жауапқа тартылады екен деген сыбыс тараған.

Былтыр сәуір айында Жээнбеков Атамбаев кезеңінде тағайындалған премьер-министр Сапар Исаковты қызметтен босатып, екі айдан соң Исаков жемқорлық айыбымен абақтыға жабылған.

Мамыр айында Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы алғашқы ұсыныс жасалған. Кейін бұл бастама бірнеше рет қайталанды.

Екі саясаткердің арасындағы кикілжің күшейе түсетіндей көрінген. Көптің болжамы расталды.

Биылғы наурыздың 17-сінде Қырғызстан тарихында алғаш рет саяси қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындар қаны төгілді деп саналатын Ақсыдағы қайғылы оқиғаның 17 жылдығы атап өтілді. Жергілікті саясаткерді түрмеден шығаруды талап еткен наразы топқа полиция оқ атып, алты адам қаза тапқан еді. Бішкекте өткен ресми шара кезінде Атамбаев көпшілік алдында сөз сөйлеп, кезінде Жээнбековтің кандидатурасын қолдағаны үшін кешірім сұрады.

Ақсы оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасында сөйлеп тұрған Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 17 наурыз 2019 жыл.
Ақсы оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасында сөйлеп тұрған Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 17 наурыз 2019 жыл.

«Сооронбай Жээнбеков,... халықты екіге бөліп отырсың. Ел-жұрт оңтүстік пен солтүстік болып бөлінбесін, басы біріксін деп сені Оштағы Қара Құлжадан алып келіп едім» деді Атамбаев.

Бұл Атамбаевтың Жээнбековті президент қызметіне өзі әкелгенін, елдің солтүстік пен оңтүстік болып бөлінетінін бірінші рет айтуы емес. Былтыр желтоқсанда «Апрель» телеарнасына берген сұхбатында да осылай деген.

Бұл мәлімдеменің жүгі ауыр. Өйткені 2017 жылғы қазанда өткен сайлауда Жээнбеков 54 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланғанда қырғызстандықтардың көбі таңырқап қалған. Сайлау алдындағы әлеуметтік сауалнамалар екінші тур болу ықтималдығы зор екенін көрсеткен. Сайлау науқаны кезінде билік "әкімшілік ресурстарын қолданды, Жээнбековке бұра тартты" деп айыпталған. Мемлекеттік телеарналар Жээнбековтің басты қарсыласы болған Омурбек Бабановты қаралап жатса да, ол 33 пайыз дауыс алған.

Жээнбековті билікке қалай «алып өткенін» нақтылап айтпаса да, Атамбаевтың соңғы мәлімдемелері сайлаудың заңдылығы туралы сауалдар тудырған.

Наурыздың 17-сі күні Бішкекте айтқан сөзінде Атамбаев Жээнбековті «отбасы болып билік құрды» деп сөккен.

Жээнбековтің інісі Асылбек – парламенттегі ҚСДП фракциясының депутаты. 2011 жылғы желтоқсаннан ағасы 2016 жылғы сәуірде премьер-министр болып тағайындалғанға дейін спикер болған.

Атамбаевтың сөзінше, Асылбек – парламенттегі депутаттардың бейресми жетекшісі, «отыр» десе, отырады, «тұр» десе, тұрады.

Президент Жээнбеков наурыздың 17-сінде Ақсы оқиғасы болған Боспиек ауылына барған. Ол жиналған қауымға қаратып, 2002 жылғы наурызда болған оқиға Қырғызстан халқына түрткі болып, «өзгеріске жол ашқанын» айтты. Жээнбеков Ақсы оқиғасының «әділетсіздік пен заңсыздыққа наразылық» үлгісіне, 2005 жылы президент Асқар Ақаевты, 2010 жылы Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған күшке айналғанын атап өтті.

Ақсы оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасына барған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. 17 наурыз 2019 жыл.
Ақсы оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасына барған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. 17 наурыз 2019 жыл.

Боспиекке Жээнбековпен бірге кезінде Атамбаевтың саяси қарсыласы болып «төңкеріс ұйымдастырмақ болды» деген айыппен сотталып шыққан Бектур Асанов та барды. Тағылған айыпты мойындамай келген Асанов биыл ақпанда президент рақымшылығымен босатылған еді.

Боспиекте Жээнбековтің жанынан 2002 жылғы наразылыққа түрмеге түсуі түрткі болған жергілікті танымал саясаткер Азимбек Бекназаров та көрінді.

Жээнбеков пен Атамбаевтың тартысы символизмге тұнып тұр. Келесі жылғы парламент сайлауы да дау-дамаймен өтетін сияқты. ҚСДП-ның бірлігіне жік түсті.

Азаттықтың Қырғыз қызметі ҚСДП-ның кейбір депутаты Жээнбековті қолдайтынын, кейбірі Атамбаевты да, Жээнбековті де қолдаймайтынын хабарлады. Партияда «Атамбаевсыз ҚСДП» деп аталатын топ та бар. Бірақ партия төрағасының орынбасары Ирина Карамушкинаның сөзінше, Атамбаев 2020 жылғы парламент сайлауына түсетін кандидаттар тізімін бастап тұр.

Атамбаев ҚСДП-ның келесі съезі сәуірдің 6-сында, 2010 жылы Бакиев биліктен тайған төңкеріске тоғыз жыл толатын күні өтетінін жариялады. Ал ҚСДП-ның парламенттегі фракция жетекшісі Иса Омуркулов партия құрылтайы сәуірдің 3-інде өтеді деп хабарлады.

Жээнбеков-Атамбаев текетіресіне байланысты парламент те толқып тұр. Наурыздың 21-інде парламент спикері, Қырғызстан партиясының депутаты Дастанбек Жумабеков Атамбаевтың наурыздың 17-сі күнгі мәлімдемесіне жауап қайырып, кезінде елге берілген шетелдік несие ақшаның парламенттің назарынан өтпегенін және Жогорку Кенештің «өкілетті теріс пайдалану, қылмыстық істерді қолдан жасау мен бәсекелестерді қудалау» істеріне қатысы жоқтығын мәлімдеді.

"Онугуу-Прогресс" фракциясының жетекшісі Бакыт Торобаев парламентті Атамбаевтың мәлімдемесіне орай ресми ұстаным білдіруге шақырды.

Қырғызстанның солтүстігінен шыққан саясаткер Алмазбек Атамбаев Ақсы оқиғасын еске алу күні елдің солтүстігіндегі Бішкекте сөйледі, ал оңтүстік өңірде туған Жээнбеков осы аймақты аралап жүрді. Екеуі де осы оқиға кезінде сөйлейтін орынды таңдап алғанға ұқсайды. Қырғызстандағы оңтүстік-солтүстік бөлінісі өте даулы саяси мәселе.

Жээнбеков пен Атамбаев арасындағы жанжал басқа саясаткерлердің де беделіне нұқсан келтіреді. Екі саясаткердің бір-біріне таққан жемқорлық пен непотизм айыптары үкіметтің шетелдік компаниялармен келісім-шарттарының және 2017 жылғы президент сайлауының заңдылығына көлеңке түсіреді. Қырғызстанда халықтың билік өкілдеріне деген сенімі онсыз да зор болмаған, бірақ аз-маз сенімнің өзінен түк қалмайтындай.

Тағы бір дағдарысқа ұшырағалы тұрған елде келесі жылы өтетін парламент сайлауы алдында саяси ахуал осылайша ушығып барады.

Блогты жазуға Азаттықтың Қырғыз қызметі жәрдем қылды.

(Автордың көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін).


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG