Accessibility links

"Ханституция" емес пе? Қырғыз президенті Жапаров даулы конституция жобасын жақтады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Өзбекстанға сапарында. Ташкент, 11 наурыз 2021 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Өзбекстанға сапарында. Ташкент, 11 наурыз 2021 жыл.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзі ұсынған конституциялық өзгерістерді мақтап, "тәртіп орнату" үшін мықты билік тармағы керек дейді. Бірақ бұл өзгеріс авторитар басшының пайда болуына әкелуі мүмкін деп алаңдайтындар бар. Елдің бас заңына түзетулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум келесі айға белгіленген.

Қырғызстанда былтыр 4 қазандағы парламент сайлауы толқуға ұласып, саяси дағдарыс орнаған. Салдарынан елдің сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Осыған дейін Жээнбековтен бөлек екі қырғыз президенті дәл осылай наразылықтан кейін билігінен айырылған.

15 наурыз күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Жапаров Қырғызстанда парламенттік-президенттік жүйенің де, парламенттік жүйенің де болғанын айтып, енді бір тармақты күшейтпесе болмайды деді.

"Меніңше, бұл конституция елді алға жетелейтін конституция болады. Мен бұл конституцияның елде тәртіп орнататынына сенемін" деді Жапаров 11 сәуір күні өтетін референдумға шығарылып отырған өзгерістер туралы.

Қазандағы толқу кезінде наразылар түрмеден жазасын өтеп жатқан бірқатар саясаткерді күшпен босатып алған. Сол саясаткерлердің бірі Жапаров болатын. Ол 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен өткен митингі кезінде кісіні кепілге алды деп айыпталып, 2017 жылы 11,5 жылға сотталған. Саясаткер тағылған айыпты мойындамайды.

Қазан айындағы саяси дағдарыс кезінде алдымен премьер-министр болып тағайындалған Жапаров санаулы күннен соң президент міндетін қоса атқаратын болды. Қос қызметті атқарған саясаткер қараша айында конституцияны өзгертуді ұсынды.

10 қаңтарға белгіленген президент сайлауында жеңімпаз атану оған қиынға соқпады. Сол күні сайлаумен қатар өткен референдум нәтижесі де соның пайдасына шешілді – дауыс берушілердің жартысынан көбі президенттік басқару формасына ауысуды қолдады.

Ұсынылып отырған өзгерістер аясында президент билігі күшейіп, бір адамның бір мерзімнен артық президент болуына жол бермейтін шектеу алынбақ. Сондай-ақ президентке бағынатын "Халық құрылтайы" дейтін "кеңесу және үйлестіру органы" құрылмақ. Жаңадан құрылатын органдардың ішінде конституциялық кеңес те бар. Ал парламенттегі заң шығарушылардың саны 120-дан 90-ға дейін қысқармақ.

Өткен аптада қырғыз парламентінің депутаттары конституциялық өзгерістер туралы заңды мақұлдап, жаңа конституцияны мақұлдау жөніндегі референдумды 11 сәуірге белгіледі.

Қырғызстанда конституцияны өзгертуға қарсы шығып жатқандар көп. Олар Жапаров билікті қолына шоғырландырып, авторитарлы жүйе орнатқысы келеді дейді.

Ұсынылған өзгерістерге қарсы шығушылар арасында Human Rights Watch халықаралық ұйымы да бар. Ұйымның пікірінше, жаңа конституция адам құқығын шектеп, теңдік және тежемелік жүйесін әлсіретпек.

"Конституцияның қазіргі жобасы адам құқығының Қырғыз билігі мәлімдейтін жоғарғы стандарттарына сәйкес емес" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Сыйнат Сұлтаналиева 5 наурыз күнгі мәлімдемесінде.

Ал Freedom House ұйымы "Әлемдегі еркіндік – 2021" дейтін баяндамасында Қырғызстанның 11 ұпай жоғалтып "еркін емес" елдер қатарына қосылғанын айтты.

Баяндамада ұсынылған конституциялық өзгерістердің суперпрезиденттік жүйені қайта енгізіп, парламенттің ауқымы мен рөлін азайтатыны айтылған. Сондай-ақ, жаңа конституция үкімет "жалпыадамзаттық моральды құндылықтарға" қайшы ақпаратқа тыйым салу мүмкіндігіне ие болмақ, ал ол құндылықтардың қандай екені айтылмайды дейді Freedom House ұйымы баяндамасында.

"Қырғызстанның мәртебесі "жартылай еркін" елден "еркін емес" елге төмендеді. Өйткені кемшілігі көп парламент сайлауы саяси зорлық-зомбылық пен қорқытып-үркітуге ұласты. Оның шарықтау шегінде жақтастары түрмеде босатып алған сотталған ұлтшыл лидер қалыптан тыс жағдайда билікті басып алды" делінген баяндамада.

Бірақ Азаттыққа берген сұхбатында Жапаров "Қырғызстан демократиялық ел болып қала береді", саясаткерлер мен журналистерді қудалау болмайды деді.

"Біз ешкімді қудаламадық. Біз ешқандай журналисті қудаламадық және ондай жағдай бұрын да болмады. Бұрындары [журналист] Сыргак Абдылдаев пышақталды, аяқ-қолы байланған адамды биік ғимараттан лақтырып жіберу жағдайы болды, адамдар түрмеге жабылды. Қазір мұндайдың біреуі жоқ" деді Жапаров.

Ал саясаткер Жениш Молдокматов мұнымен келіспейді. 15 наурыз күні ол конституциялық өзгеріске қарсы өткен Бішкектегі митингіні ұйымдастырғандардың бірі Тилекмат Куреновтың ұсталғанын айтты. Мәлімдеме ресми түрде расталған жоқ.

Жақында қылмыстық топ жетекшісі Қамчыбек Көлбаевтың тергеу абақтысынан босатылуы да көптеген сұрақ тудырған. Вашингтон оны "трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстың жетекшісі" деп атап, оның қылмыстық желісін бұзуға көмектесетін ақпарат үшін 1 миллион доллар ұсынды.

46 жастағы Көлбаев тергеу абақтысына былтыр қазанда жабылған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті оның "қылмыстық топ ұйымдастыру және қылмыстық топ ісіне араласу" бабымен ұсталғанын мәлімдеді.

Жапаров Көлбаев "ешкімді өлтірмеді" және Қырғызстан өз азаматын шет мемлекетке экстрадицияламайды деді.

"Мен сыртқы істер министрлігі арқылы АҚШ елшілігінен [Көлбаевқа] қарсы істі беруін сұрадым. Мен олардан факті мен дәлел сұрадым. Сонда біз ашық сот процесін өткізе алар едік. Елшілік өкілдері сот процесіне қатыса алады дедім. Ол [Қаржы министрлігіне] белгілі бір көлемде ақша төлеген. Қазір босап шыққан соң одан көп төлеп жатыр. Ол ешкімді өлтірмеді" деді Жапаров.

Бірақ АҚШ елшілігінің мәлімдемесінде Көлбаев "сотталған кісі өлтіруші" деп аталады.

Жапаров сондай-ақ Қырғызстанның халықаралық қарызын төлеуде жемісті саясат жүргізіп отырғанын айтып, Қырғызстан даулы аумақтарды Өзбекстанға беруге келісті деген ақпаратты теріске шығарды.

Халықаралық бақылаушылар қаңтардағы президент сайлауында адамдардың негізгі еркіндігі сақталды, бірақ сайлау толығымен әділетті өтпеді деді. Сайлауда 52 жастағы Садыр Жапаров 79,2 пайыз дауыспен жеңіске жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG