Accessibility links

Жапаров жеңді, президенттік басқару формасы қолдау тапты. Қырғызстандағы сайлау қалай өтті?


Қырғызстан президенті сайлауында жеңіске жеткен Садыр Жапаров пен оның әйелі Айгүл Жапарова дауыс беру учаскесінде. Бішкек, 10 қаңтар 2021 жыл.
Қырғызстан президенті сайлауында жеңіске жеткен Садыр Жапаров пен оның әйелі Айгүл Жапарова дауыс беру учаскесінде. Бішкек, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қырғызстанда 10 қаңтар күні өткен сайлауда ел тұрғындары екі мәселе бойынша дауыс берді. Бірі – президентті сайлау, екіншісі – мемлекеттік басқару формасын анықтау. Алғашқы нәтиже бойынша, президент сайлауында санаулы ай бұрын мемлекет басшысы міндетін атқарған Садыр Жапаров 79 пайызбен жеңіске жеткен, референдум бойынша дауыс бергендердің 81 пайызы президенттік басқару формасын қолдаған.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін баспасөз мәслихатын өткізген Садыр Жапаров жемқорлықпен күресуге, саясатын "ашық" жүргізуге уәде берді.

"Өткен 30 жылда жемқорлық елдегі қоғамдық өмірдің барлық саласын жайлады. Мұндай бассыздыққа енді жол бермейміз. Біз бұрынғы басшылардың қателігін қайталамаймыз. Барлық жұмыс ашық жүргізіледі" деді ол Бішкектегі баспасөз жиынында.

Садыр Жапаров дауыс беру аяқталғаннан кейін баспасөз мәслихатында. Бішкек, 10 қаңтар 2021 жыл.
Садыр Жапаров дауыс беру аяқталғаннан кейін баспасөз мәслихатында. Бішкек, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, әзірге президент сайлауындағы бюллетеньдердің 96,44 пайызы саналған, Садыр Жапаров 79,18 пайыз дауыс алған. Сайлауға Жапаровтан бөлек 17 кандидат қатысқан. Екінші орынды 6,7 пайыз дауыспен Адахан Мадумаров, үшінші орынды 2,4 дауыспен Бабыржан Тольбаев алған.

Қалғандарының дауысы 2 пайызға да жетпеген. Дауыс берушілердің 1,4 пайызы бәріне қарсы дауыс берген.

Мадумаров сайлау нәтижесінің "шындықтан ауылы алыс" деп, "әділеттілікті заңды құралдармен" қол жеткізуге тырысатынын айтты.

Президент сайлауымен қатар өткен референдумда бюллетеньдердің 96,44 пайызы саналған. Ол бойынша, сайлаушылардың 81,29 пайызы президенттік басқару формасына, 10,85 пайызы қазіргі парламенттік басқару формасына, 4,43 пайызы барлығына қарсы дауыс берген.

6,5 миллион халқы бар Қырғызстанда 3,5 миллион адам сайлаушы болып тіркелген.

ДАУЫС БЕРУШІЛЕР САНЫ ТӨМЕН

Садыр Жапаров пен президенттік басқару формасы айқын басымдықпен жеңіске жеткенімен, бұл жолы дауыс берушілердің сайлауға қатысу деңгейі төмендеу болды. Сайлауға дауыс берушілердің 40 пайызға жуығы қатысқан.

Дауыс берушілер санының аз болуы президент сайлауына әсер етпейді, өйткені онда дауыс беруге қатысушылар саны жөнінде төменгі меже жоқ. Мұндай меже референдумда бар. Заңды деп танылуы үшін референдумға дауыс берушілердің кемі 30 пайызы қатысуы керек.

Сайлауға қатысқандардың төмен болуының бір себебі ретінде күннің суық болуы аталып отыр. Ал кей сайлау учаскелерінде техникалық ақауларға байланысты ұзын-сонар кезек пайда болған

Дауыс берушілер санының төмен болуына №2 форма бойынша дауыс беруге тыйым салынуы да ықпал етті деген пікірлер бар. Бұл форма азаматтарға тіркеу орнына байланбай, тұрғылықты жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік береді.

Орталық сайлау комиссиясы 50 шағым түскенін, оның көбі әкімшілік тетіктің пайдаланылуы және дауысты сатып алу жөнінде екенін мәлімдеді.

Президент сайлауына түскендердің бірі Клара Сооронкулованың сайлау ұжымы Ошта "дауыс сатып алу" әрекеттері жөнінде шағым түскенін айтты. Бірақ олар дауыстың қай кандидаттың пайдасына "сатып алынғанын" айтпады.

"Оштың оңтүстік ауданында кей адамдар дауысты сатып алып жатқаны, көлік ішінде отырып [дауыс бергені үшін] қолма-қол ақша төлеп отырғаны жөнінде хабар алдық" деді ұжым мүшесі Гүлгаакы Мамасалиева.

БЮЛЛЕТЕНЬДІ АВТОМАТТЫ СКАНЕРЛЕУ АППАРАТЫ

Қырғызстанда сайлау кезінде бюллетеньді автоматты сканерлеу аппаратын қолданады. Сайлау жәшігінің ішіне орнатылған сканерлер сайлаушының кімге дауыс бергенін бірден анықтап, дауыс беру аяқталғанда нәтижені бірден көрсетеді. Сайлаудың қорытынды нәтижесі үшін бюллетеньдердің бәрі қолмен саналуы қажет.

Қырғызстанда сайлаушылар бюллетенін ішінде сканері бар аппаратқа салады. Дауыс беріп жатқан адамдар. Бішкек, Қырғызстан, 10 қаңтар 2021 жыл.
Қырғызстанда сайлаушылар бюллетенін ішінде сканері бар аппаратқа салады. Дауыс беріп жатқан адамдар. Бішкек, Қырғызстан, 10 қаңтар 2021 жыл.

Kloop.kg ақпарат агенттігі сайлауды бақылау үшін елдегі сайлау учаскелеріне 1,5 мыңнан астам адам бақылаушы жіберген.

Агенттіктің Оштағы редакторы Эльвира Сұлтанмұрат Kloop.kg бақылаушылары байқаған "ақаулардың" көбі бюллетеньді автоматты сканерлеу аппаратының істен шығуы секілді техника мәселелері екенінін айтты.

"Кей жерлерде оларды жөндеу 10 минутқа, кей жерлерде одан көп уақытқа созылды немесе қалыпты жәшіктерді қолдануға тура келді. Сайлау комиссиясы мүшелері мұның бәрін күннің суық болуынан көрді, [олар] залдағы температураның әдеттегіден төмен болғанын айтты. Бұл сайлау процесі дұрыс дайындалмағанын көрсетеді" деді Сұлтанмұрат Азаттыққа 10 қаңтар күні.

Сұлтанмұраттың айтуынша, кей учаскелерде сайлау комиссиясы Kloop.kg байқаушыларына дауыс беру залында фото мен видеоға түсіруге тыйым салған.

"Олар бұл үшін арнайы рұқсат сұрады" дейді Эльвира Сұлтанмұрат.

Бішкекте AFP (Agence France-Presse) агенттігінің тілшісі сөйлескен сайлаушылардың көбі Жапаровты қолдайтынын айтқан.

"Ол жалақыны, зейнетақыны көтеруге уәде берді" деді 69 жастағы Вера Павлова AFP агенттігіне. Ол басқа кандидаттарды танымайтынын айтты. "Олардың постерлерін көрмедім. Тек Жапаровтыкін ғана".

Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау жәшігіндегі бюллетеньдерді төгіп жатқан сайлау комиссиясы. Бішкек, Қырғызстан, 10 қаңтар 2021 жыл.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау жәшігіндегі бюллетеньдерді төгіп жатқан сайлау комиссиясы. Бішкек, Қырғызстан, 10 қаңтар 2021 жыл.

КЕЗЕКТЕН ТЫС ӨТКЕН САЙЛАУ

Президент сайлауы кезектен тыс өтіп отыр. 4 қазандағы парламент сайлауы оппозициялық күштердің жаппай нарызылығына ұласып, салдарынан ел президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетуге мәжбүр болды. Осымен үшінші президент толқу кезінде қызметінен кетті.

52 жастағы Жапаровты жақтастары осы толқу кезінде түрмеден шығарып алған. Ол 2013 жылы "Құмтөр" алтын кенішін мемлекеттендіру талабымен митинг өткізіп, Ыстықкөл облысы басшысын кепілге алған. Осы әрекеті үшін Жапаров 2017 жылы 10 жылға сотталған.

Жаппай наразылық кезінде үкімет отставкаға кетіп, билік вакуумы пайда болды. Бұл вакуумды осы Садыр Жапаров толтырып, алдымен премьер-министр атанды, кейін президент міндетін қоса атқарды.

Жапаров президент сайлауына түсетінін айтып, қараша айында заң талабымен президент міндетін атқаруды доғарып, премьер-министр уәкілетін тоқтатып қойды. Бірақ мамандар оның сайлауалды науқанда әкімшілік тетікті қолданғанын, мемлекеттегі шешуші қызметтерге өз адамдарын қойылғанын айтады.

Президенттік басқару формасына өту де – Жапаровтың идеясы. Ол және оның командасы президент билігін нығайтуды ұсынып, сол бойынша белсенді жұмыс жүргізді.

Енді жаңа конституцияны қабылдау жөнінде тағы бір референдум өтеді. Ол әзірге наурыз айында өтеді деп жоспарланып отыр.

10 қаңтар күні Жапаров президент сайлауы қолдау тапса, Конституциялық кеңес 11 қаңтардан бастап жаңа конституцияны әзірлеуге көшеді деп мәлімдеді.

Human Rights Watch ұйымы мен бірқатар заңгер қазіргі парламент сайлауының мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті оның конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтере алмайтынын айтқан. Жаңа парламент сайлауы қашан өтетіні белгісіз.

Жергілікті сыншылар Жапаровтың президенттік басқару формасына өту бастамасы елді Орталық Азияның өзге елдеріндегі секілді авторитарлық режимге әкелуі мүмкін деп алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG