Accessibility links

"Қожайынды сыйлау керек". Ресей Қырғызстанның жаңа билігін неге салқын қабылдады?


Қырғызстанның жаңа сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен сәт. Мәскеу, 23 қазан 2020 жыл.
Қырғызстанның жаңа сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен сәт. Мәскеу, 23 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанның жаңа үкіметі Ресейдің жәрдем күткенімен, үміт ақталмай тұр. Мәскеу Қырғызстанның жаңа билігін толық қолдауға ешқандай ишара білдірмеді. Бұл Бішкек үшін үлкен мәселеге айналды.

Қырғызстанның жаңа премьер-министрі және уақытша президенті Садыр Жапаров Мәскеудің Бішкектегі өзгеріске реакциясына алаңдап отырғандай. Жапаров Ресей сыртқы істер министрімен келіссөзге өз адамын ескертусіз жіберіп, ағат қылық жасаған сияқты.

Қырғызстанның экс-сыртқы істер министрі, қазір Жапаровтың сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Чингиз Айдарбеков 29 қазанда Мәскеуге барғаны хабарланды. Бірақ оны Мәскеуде ешкім күтпеген еді.

Қырғызстандағы 24.kg сайтының бас редакторы Асел Оторбаева сол күні Facebook парақшасында Айдарбековтің "Кремль әкімшілігімен", Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен, Ресей үкіметінің мүшелерімен және Мемлекеттік дума депутаттарымен кездесуді қалағанын жазды. Бірақ "бәрі кездесуден бас тартқан".

"Кабар" мемлекеттік ақпарат агенттігі сол күні бұл ақпараттың айналасындағы талқыны "басуға" талпынып, Айдарбеков "Ресей СІМ және қаржы министрлігі басшылығымен келіссөз жүргізгенін" хабарлады. Бірақ ақпарат құралы Айдарбековтің нақты кіммен кездескенін атамады.

Шынымен Жапаров Айдарбековті Мәскеуге ескертусіз жіберсе, Қырғызстан үкіметінің жаңа жетекшісі не ойлағанын түсіну қиын.

ТҮРМЕДЕН БИЛІККЕ

Ұлтшылдығы басым Жапаровтың түрмеден шыға салып, премьерлікке ұсынылып, екі талпыныстан кейін 14 қазанда үкімет басына келуі, кенеттен билік шыңына шығуы көпті таң қалдырды.

15 қазанда Сооронбай Жээнбеков президенттіктен кетіп, сол күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Мәскеу Қырғызстанға уәде етілген 100 миллион доллар қаржылай көмекті жіберуді тоқтата тұратынын" мәлімдеді.

Қырғызстанның жаңа сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев 23 қазанда Мәскеуге барып, Сергей Лавровпен кездесті. Казакбаев Лавров пен Кремльді Қырғызстандағы жағдай реттеліп келе жатқанына сендіруге тырысқан.

Бірақ бұл кездесу нәтиже бермеді.

Келіссөзден кейінгі баспасөз мәслихатында Лавров "Жээнбеков тұсында келісілген 100 миллион доллар көмекті Қырғызстан жақын арада алмайтынын" баса айтты.

ҚЫРҒЫЗ ТІЛІНДЕ СҰРАҚ ҚОЙҒАН ТІЛШІ ЛАВРОВТАН СӨЗ ЕСТІДІ

Мәскеудегі баспасөз мәслихаты кезінде қырғыз журналисі Казакбаевқа қырғыз тілінде сұрақ қойғанда жағдай тіпті ушықты.

Ресейлік "Коммерсантъ" газетінің жазуынша, журналист нақтылайтын бесінші сұрағын қырғыз тілінде сұрағанда ресейлік министрдің шыдамы таусылды. Лавров "Кешіріңіз, сіз қалай болғанда да қожайынды сыйлау керексіз ғой? Барлық жағынын" деп шамданды.

Қырғызстан – Тәуелсіз мемлекеттер достастығына және ТМД аясында Ресей жетекшілік ететін басқа да ұйымдарға мүше. Бұл ұйымдарда орыс тілі ресми саналады.

Бірақ Қытай, Франция не Германия сыртқы істер министрлері Мәскеуге келгенде сол елдің журналистері өз тілінде сұрақ қойып жүретін. Ол кезде Лавров бұлай шамданбаған еді.

Казакбаев пен Лавров кездесерден бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстандағы жағдайды "қиын" деп, Мәскеу жағдайды "аяушылықпен әрі алаңдаушылықпен" бақылап отырғанын айтқан.

Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Николай Удовиченко 15 қазанда Казакбаевпен, 21 қазанда Жапаровпен кездесті. Бұл кездесулер де Кремльдің Қырғызстанның жаңа үкіметіне жылы қабақ танытуына себеп болмады.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауының соңы Бішкекте наразылық ұласты. Наразылар сайлау нәтижесімен келіспей, парламент пен президент отыратын ғимаратты басып алды. Билік құлады. Ресми шенділердің көбі жұрт көзінен таса болды. Билік басына Жапаров келгенге дейін бірнеше күн бойы ел басқарусыз қалды.

Кремль Сооронбай Жээнбековке көп назар аудармады. Путин 28 қыркүйекте Сочидегі кездесуде 2017 жылдан бері Қырғызстанды басқарып отырған Жээнбековтің есімін шатастырып, "Шариман Шарипович" деген еді.

Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) пен Владимир Путин (оң жақта) Мәскеуде кездескен сәт. 28 қыркүйек 2020 жыл.
Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) пен Владимир Путин (оң жақта) Мәскеуде кездескен сәт. 28 қыркүйек 2020 жыл.

Бәлкім, Ресей үкіметі Жапаровтың билікке келгеніне қарсы емес шығар. Бірақ Мәскеу ТМД елдерінде революция болғанын қаламайды. Ал Қырғызстанның жаңа тарихында үш рет жаппай наразылық болып, билік ауысты.

Путин Сочидегі Жээнбековпен кездесуде "Ресей тарабы Қырғызстандағы тұрақтылықты және сайлаудан кейінгі тыныштықты қалайтынын" айтқан.

Қырғызстандағы сайлаудан кейінгі кезең тұрақты болды дей алмаймыз.

Ал Кремль бұған дейін отқа май құйып, Қырғызстандағы жағдайға әсер ете алатынын көрсеткен. Жапаров елдің экс-президенті Құрманбек Бакиевтің қолдаушысы болған. Бәлкім Жапаров та Кремльдің Қырғызстандағы ресейлік БАҚ арқылы елдің солтүстігінде Бакиевке қарсы жүргізген науқанын білетін болар. Ал 2010 жылы сәуірде революция нәтижесінде Бакиев биліктен кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG