ПРЕЗИДЕНТТІККЕ АЛҒАШҚЫ ҮМІТКЕР
Қырғызстан премьер-министрі әрі президент міндетін уақытша атқарушы Садыр Жапаровтың келер жылы қаңтарда өтетін президент сайлауына қатысатыны туралы мәлімдемесі қырғыз қоғамында даулы тақырыпқа айналды. 25 қазанда Нарын облысының Қошқар ауданына барған сапарында Жапаров:
– 10 қаңтарда президент сайлауы өтеді. Желтоқсанда қазіргі қызметімді тастап, сайлауға қатардағы азамат ретінде қатысамын. Егер өтсем, президент боламын, өтпесем – қатардағы азамат болып қаламын, – деп мәлімдеді.
Жапаров президент сайлауына түсетінін жарияласымен оның қазіргі қызметін – премьер-министр және уақытша президент міндетін кім атқарады деген сауал туындады. Қырғызстан Конституциясы бойынша, президент міндетін атқарушы президенттік сайлауға кандидат ретінде қатыса алмайды. Сондықтан сайлауға қатысқысы келсе, президент қызметінен кетуі тиіс. 4 қазанда өткен даулы парламент сайлауынан кейін 16 қазанда президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткен соң парламенттің қазіргі төрағасы Канатбек Исаев президент болудан бас тартқан еді. Мұнан соң президент міндетін атқару үкімет басшысы Садыр Жапаровқа жүктелген.
Конституцияда премьер-министр қызметтен кеткен жағдайда оның міндеті бірінші орынбасарына жүктеледі деп жазылған. Қазір үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары қызметін Артем Новиков атқарып отыр.
24 қазанда Қырғызстан Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы (ОСК) кезектен тыс президент сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтетіні туралы шешім қабылдаған. ОСК төрағасының орынбасары Абдыжапар Бекматовтың түсіндіруінше, президент сайлауға кандидат ұсыну биыл 15 қарашада аяқталады. Кандидаттар 3 желтоқсанға дейін өзін қолдайтын кемінде 30 мың адамның қолын тапсырып, тиісті құжаттың барлығын 7 желтоқсанға дейін өткізуі тиіс.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен даулы парламент сайлауынан кейінгі наразылықтың соңы биліктің ауысуына әкелген. 5 қазанда ОСК жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысына наразылық білдіріп, Бішкектің орталық алаңына жиналған демонстранттар сол күнгі кешке күш құрылымдары өкілдерімен қақтығысқан. Наразы жұрт парламент пен президент кеңсесі орналасқан Ақ үйді басып алған.
Кейін ОСК парламент сайлауының қорытындысын жойған. Мұнан соң көп ұзамай президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетіп, елдегі саяси дағдарыс кезінде жақтастары түрмеден босатып алған Садыр Жапаров билік басына келген.
ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫН ЫСЫРУ КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАЙШЫ МА?
22 қазанда Қырғызстан Жогорку кеңеші Конституцияға өзгеріс енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасын бір сағаттың ішінде көпшілік дауыспен қабылдады. Елдің премьер-министрі әрі президент міндетін уақытша атқарушы Садыр Жапаров бұл заң жобасына қол қойған еді.
Келесі күні Жапаров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына кезектен тыс президент сайлауы мен парламентке қайта сайлау 2021 жылдың наурызына дейін өтеді деп жазды. Ал екі күн өткенде ол Instagram-дағы парақшасына "парламент сайлауы 2021 жылдың бірінші жартысының соңына дейін болмайды" деген жазбасын жариялады.
"Парламент сайлауы 20 желтоқсанда өтеді деп бұрыс ақпарат таратып жүргендерге сенбеңіздер. 2021 жылдың 10 қаңтарында президент сайлауы өтеді. Одан соң, құдай бұйыртса, реформалар жасалады. Тек онан соң парламент сайлауы болады" деп түсіндірді Жапаров.
Қырғызстан Жогорку кеңешінің өз өкілетін 2021 жылдың маусымына дейін ұзарту туралы шешімі қоғамда қарама-қайшы пікір тудырды.
Парламент депутаттары бұл шешімін елдегі саяси және экономикалық жағдаймен байланыстырып, құқықтық арнаға түсу үшін қажет шара деп түсіндірген. Бірақ жекелеген саясаткерлер, саяси партиялар мен заңгерлер бұл шешімге қарсы шықты.
ОСК 20 желтоқсанда қайтадан парламент сайлауын өткізу туралы қаулысының күшін жойған сот шешіміне қарсы шағым түсірмекші. Бұл туралы 26 қазанда ОСК мүшесі Гүлнара Жорабаева мәлімдеді деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
ОСК мәліметінше, елдегі 48 саяси партия қайта өтетін парламент сайлауына қатысуға тілек білдірген. Бұған дейін, 24 қазанда Бішкектің әкімшілік соты ОСК-ның 20 желтоқсанда парламент сайлауын қайта өткізу туралы қаулысының күшін жою жөнінде шешім шығарған.
Дүйсенбіде Бішкекте ОСК ғимараты алдында өткен наразылық акциясына қатысқан бір топ азамат парламент сайлауын 20 желтоқсанда өткізуді талап етті. Сол күні баспасөз брифингін өткізген бірнеше заңгер парламент сайлауын кейінге ысыру – Конституцияға қайшы келеді деп мәлімдеді. Олар Жогорку кеңеш депутаттары сайлауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған кезде заң талаптары бұзылған деп санайды.
"Әділет" құқық клиникасы ұйымының өкілі Искандер Какеевтің түсіндіруінше, Жогорку кеңеш 5 жыл мерзімге сайланады деп көрсетілген Конституцияда ешкімге сайлау өтетін күнді жылжытуға немесе депутаттар өкілетін созуға құқық берілмеген.
– Сондықтан парламент қабылдаған заң жобасының заңды күші жоқ, себебі ол Конституцияға қайшы. 28 қазанда парламенттің өкілеті аяқталғаннан кейін депутаттар ешқандай заң жобасын, референдум өткізу туралы шешім қабылдай алмайды, – деді Какеев.
Конституциялық құқық бойынша сарапшы Сания Токтогазиева билікті легитимді деп тану үшін барлық саяси іс-шара заңға сай атқарылуы тиіс деп ескертеді.
– Барлық елдер мен халықаралық ұйымдар әлі біздің билікті легитимді деп таныған жоқ. Сондықтан қазір қалыптасқан дағдарыстан шығу керек. Мұның жалғыз заңды жолы – Конституция мен заңға сай қайта сайлау өткізу. ОСК қаулысы заңды болған, біз ол шешімді құқық аясына оралуға талпыныс деп бағалауымыз керек. Егер сайлауды ысыратын болса, биліктің легитимдігіне күмән күшейіп, бұл дағдарысты ушықтырып жібереді, – дейді заңгер.
"Реформа" партиясы Конституциялық сотқасайлау мерзімін ысыру туралы заң жобасын қабылдаған парламенттің іс-әрекетіне баға беруін сұрап жүгінетінін мәлімдеді. Партия жетекшісі Клара Сооронкулова сайлаудың заңда белгіленген мерзімінде өткізу маңызды екенін айтты.
– Жогорку кеңеш үкіметті түзіп, бірқатар мемлекеттік органдар басшыларын тағайындайды. Сондықтан біз қазір жаңа парламентке мұқтажбыз. Қырғызстан билігін халықаралық қауымдастық мойындау үшін де сайлау өткізу қажет. Бірақ қазір конституциялық реформа жасалмайынша сайлау өтпейді деген шешім қабылдады. Өкілеті аяқталған, оның үстіне халықтың сенімінен айырылған парламентке Конституцияға өзгеріс енгізуді қалай сеніп тапсырамыз? Олай қабылданған жаңа Конституция әуелден жарамсыз болады, – деді Сооронкулова.
Парламент сайлауының нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Қырғыз саясаттанушысы Руслан Акматбек жағдайды ушықтырмау үшін биліктің консенсусқа барғаны жөн деп санайды.
– Егер билік пен өкілет мерзімі аяқталатын парламент осы жолымен кете берсе, түбі жақсылыққа апармайды. Билік ауысқаннан кейін жаңа өкімет барлық саяси күштер, партиялар мен азаматтық қоғамды біріктіріп, ұйытқы болуы керек еді. Бірақ егер билік өзімбілемдікке салып, басқалар соның айтқанына құлақ ассын дейтін болса, бұл тағы да ыдырауға әкеледі. Ал оның нәтижесі қандай болатыны бәрімізге белгілі, – дейді сарапшы.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары бойынша әзірленді.
ПІКІРЛЕР