4 қазандағы парламент сайлауынан кейін президенті отставкаға кеткен Қырғызстанда енді тағы бір дауға бас қатырып отыр. Мәселе қырғыз президенті міндетін атқарушының атынан қол қойылған 1 миллион долларлық лобби келісімі төңірегінде. Келісімнің көшірмесі АҚШ әділет министрлігінің шетел агенттерін тіркеу туралы сайтында жарияланған.
Өзін 1970- және 1980-жылдары Израиль барлау қызметіне жұмыс істеген адам ретінде таныстыратын Ари Бен-Менаше қараша айының басында Вашингтонда шетел агенті ретінде тіркелген. Бен-Менаше тіркелуді Қырғыз Республикасына көмек көрсету мақсатында деп түсіндірген және жасасқан келісімінің көшірмесін қоса өткізген.
Келісімге орындаушы тараптан Бен-Менашенің өзі, тапсырыс беруші тарапынан Қырғызстан президенті міндетін атқарушы атынан деп қырғыз кәсіпкері Абдыманап Карчыгаев қол қойған.
Келісім жасалған 30 қазан күні Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы санаулы апта бұрын жақтастары түрмеден шығарып алған Садыр Жапаров болатын. Ол осыдан кейін президент сайлауына түсетінін айтып, президент міндетін атқарушы қызметінен бас тартқан. Қазір ол сайлауалды науқанның көшін бастап отыр.
Бен-Менаше Азаттыққа Абдыманап Карчыгаевпен Ресейде танысқанын айтты. Оның сөзінше, өзін Қырғызстанда жаңа тіркелген "Ренессанс" аграрлық компаниясының жетекшісі деп таныстырған Карчыгаев Қырғызстанға инвестиция тартуға көмек сұраған.
Қазір Канадада тұратын Бен-Менаше лобби қызметін 1 миллион долларға бағалаған. АҚШ әділет министрлігінің сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, ақы 21 желтоқсанға дейін толықтай төленген. Қырғыз кәсіпкері қаржының бір бөлігін Ресейдегі достарының бергенін мәлімдеген.
Карчыгаев лобби келісімі жөніндегі жұмысты қыркүйек айында, Жапаров әлі түрмеде отырғанда бастаған. Ол бұл халықаралық лоббиді Қырғызстанға көмек және инвестиция ретінде 8 миллиард доллар тартуға ықпал етпек деп түсіндірді. Дүниежүзілік банктің дерегіне қарағанда, егер кәсіпкердің дегені орындалса, бұл сома кейінгі 25 жылда елде тартылған тіке шетелдік инвестицияның жалпы көлемінен асып кетпек.
"Мен жаңа жұмыс орындарын ашып, Ресейде жүрген жүздеген қырғызды елге әкелу үшін осы аграрлық корпорацияның аясында бүкіл ел аумағында 100 зауыт пен фабрика ашуды көздедім" деді Карчыгаев 6 қараша күні Бішкектегі тілшілерге. "Консультация қызметін көрсететін мына компанияға осы ойды қаперді ұстап хабарластым. Ресейде 10 жыл тұрдым, олар менің ескі таныстарым".
Бен-Менаше Азаттыққа берген сұхбатында, қазан айында Бішкекте Садыр Жапаровпен үш рет жолыққанын, онымен Карчыгаев қол қойған лобби келісімінің егжей-тегжейін талқылағанын айтты.
Келісімде Карчыгаев пен оған тиесілі компаниялардың пайдасы туралы жазылмаған, бірақ онда Қырғызстанның аграрлық саласына инвестиция тарту қарастырылған. Кәсіпкер келісімнің осы тұсынан түбінде пайда көруі мүмкін.
Бен-Менашенің 1 миллион долларлық келісімі АҚШ заңының міндеттеуімен жария болғанда қырғыз журналистері сұрақ қоя бастады.
Жапаров Бен-Менашемен кездескенін жоққа шығарып, келісімнің жұмысын енді бастаған қызметкердің бюрократиялық қателігі екенін, Карчыгаевты жақын танымайтынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, Карчыгаев қазан айынан бері кабинетіне келген жүзден астам инвестордың бірі болған. Ол Карчыгаевтың осыдан кейін инвестиция тарту жөніндегі ұлттық агенттікке жүгініп, өз бастамасына қолдау білдіруді сұрағанын, ондағы жаңа қызметкердің жағдайдан "бейхабар" күйі хатқа қол қойып жіберіп, сыртқы істер министрлігіне жолдағанын айтты.
"Бұл бір болмашы қателік болды" деді Жапаров. "Қаралауды көздеген адамдар осы болмашы нәрсені ушықтырып, келісімге қол қойылды. Үкімет олармен келісімге қол қойған жоқ" деді ол.
Бен-Менаше Жапаровпен кездескенін айтқан соң, Азаттық кездесудің болған-болмағанын, оның келісімді мақұлдап-мақұлдамағанын анықтау үшін Жапаровтың кеңсесіне сауал жолдады, бірақ жауап болмады.
Вашингтондағы Жедел ден қою саясаты (Center for Responsive Politics, CPR) орталығының зерттеушісі әрі шетелдік лобби жөніндегі сарапшысы Анна Массолья АҚШ заңының жеке тұлғаның басқа бір адамның атынан лобби компаниясына тапсырыс беруіне тыйым салмайтынын айтады.
"Қашқын, санкцияға ұшыраған не сотталған адамдардың шетел агенті ретінде тіркелген арағайыны болуы сирек жағдай емес" деді ол Азаттыққа.
АҚШ, ИЗРАИЛЬ ЖӘНЕ САУД АРАБИЯСЫ
Келісімге қарағанда, Бен-Менаше технологиялық дамуға және коронавируспен күреске грант бөлу, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, несиені төлеуге көмектесу секілді мәселелер бойынша қырғыз президентінің АҚШ шенділерімен төтенше кездесуін ұйымдастыруы тиіс.
Сонымен қатар Бен-Менаше Жапаровты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездестіріп, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен тас жол салуға, кен және мұнай өндірісіне инвестиция тартуға, Эр-Рияд пен Абу-Дабидегі лауазымды тұлғалармен кездестіруге міндеттенген.
Осылайша Бен-Менаше Жапаровтың инвестициялық мүдделеріне жұмыс істеуі қажет болған.
Бірақ бұл оңай шаруа бола қоймайтын көрінеді. Орталық Азиядағы авторитарлық режим орнаған көршілеріне қарағанда Қырғызстанда үкімет жиі ауысады. Кейінгі 15 жылда үш президент отставкаға кетірілді. Елде жемқорлық белең алған.
Ал елдегі ең ірі шетелдік инвестициялық жоба саналатын канадалық Құмтөр алтын кенішіне мемлекеттендіру қаупі төнген. Кенішті мемлекеттенді мәселесін кезінде Садыр Жапаровтың өзі де көтерген. Бұл халықаралық инвесторлар үшін оң белгі емес.
Атлант кеңесі Ғаламдық энергетика орталығының зерттеушісі әрі Сауд Арабиясы жөніндегі сарапшы Эллен Уолд Бен-Менаршенің алдында өзге де қиындықтар тұр дейді.
Уолдтың сөзінше, Сауд Арабиясының Aramco және Бірікке араб әмірліктерінің Adnoc дейтін ұлттық мұнай компаниялары өз елінен тысқары жерде барлау және өндіру жұмыстарын жүргізбеген.
"Aramco корольдік аумағынан тыс газ жобасына инвестициялау жөнін әңгіме қылғаны рас, бірақ бұл бастаманы мұнайы мен газы жоқ саналатын Қырғызстаннан бастау сұраққа толы таңдау болушы еді" деді Уолд Азаттыққа.
"ЖАЙСЫЗ" УАҚЫТ
АҚШ-тағы лоббиге келсек, Вашингтон Орталық Азияға коронавируспен күресте көмек көрсетуге әлдеқашан уәде беріп қойған. Сондай-ақ АҚШ лауазымды тұлғалары Орталық Азия елдері басшыларымен C5+1 форматында жүйелі түрде кездесіп тұрады.
АҚШ сауда министрінің бұрынғы екінші орынбасары (deputy assistant secretary), Орталық Азия үкіметтерімен жұмыс істеген Эрик Стюарт Вашингтондағы кездесулерді тек санаулы жағдайда ұйымдастыру қисынды дейді.
"Тек шешімі Пентагонға қатысы бар өте нақты бір мәселе болмаса, жай ғана кездесу ұйымдастыру жарамайды" деді ол.
Қазір Америкалық және Орталық Еуропалық бизнес ассоциациясының президенті қызметін атқаратын Стюарт лоббидің "жайсыз" уақытта жалданғанын айтады.
Оның сөзінше, қызметке кіріскелі отырған Байден әкімшілігі алдымен кабинет жасақтауға басымдық беріп, Орталық Азияға 2021 жылдың соңына дейін назар аударуға шамасы келмейді.
"Мәселе Қырғызстанда емес. Бұл – өте керемет ел. Бірақ ол [АҚШ үшін] стратегиялық не экономикалық басымдыққа ие емес. Олар тым алыста, тым кішкентай, Қытай мен Ресейге тым тәуелді. Израиль-канадалық лоббиші Қырғызстанның маңыздылығын күшейте алмайды. Қайта керісінше, ортада арағайын жүрген соң әкімшіліктегілердің кейбірі кездесу ұйымдастыруға құлықсыз болуы ықтимал" дейді ол.
ҚАҢТАРДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
Қырғызстанда 4 қазандағы парламент сайлауы халық толқуына ұласып, 14 қазан күні санаулы күн бұрын түрмеде отырған Садыр Жапаров премьер-министр атанды. Келесі күні ел президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетіп, оның міндетін Жапаров атқаратын болды.
Кейінірек ол 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауына түсу үшін президент міндетін атқарудан бас тартып, премьер-министр ретіндегі уәкілетін тоқтатты.
Адам ұрлау айыбымен 12 жылға сотталған Жапаровты сайлаудан кейінгі наразылық кезінде жақтастары Бішкектегі түрмеден шығарып алған. Ол – қазір президент болуға таласып отырған 18 үміткердің бірі.
ЗИМБАБВЕ, КОНГО ЖӘНЕ ЛИВИЯ?
Бен-Менаше лобби қызметін 2001 жылы Канаданың Монреаль қаласында тіркелген Dickens & Madson дейтін компаниясы арқылы көрсетіп келеді. Қырғызстан Dickens & Madson компаниясының алғашқы клиенті емес.
Оның клиенттері қатарында Зимбабвенің бұрынғы авторирар лидері Роберт Мугабе, Конго Республикасының билік басында көп жыл отырған президенті Дени Сассу-Нгессо, Суданның әскери хунтасы, Ливияның өтпелі ұлттық кеңесі және Венесуэланың солшыл-центристік "Прогрессивті алға жылжу" саяси партиясы бар.
Бен-Менаше АҚШ-тың шетел агенттерін тіркеу қызметіне өткізген құжаттарында лобби жұмыстарын АҚШ-пен қатар Ресейде жүргізгенін мәлімдеген. Ресейде конголық Сассу-Нгессоның, ливиялық кеңестің және венесэулалық партияның атынан лобби жасаған. Ресейдің аталған үш елге де ықпалы бар.
АҚШ үкіметі 1989 жылы Бен-Менашені америкалық әскер жүк ұшақтарын Иранға сатпақ болды деген айыппен қамауға алды. Бірақ ол бір жылдан кейін ақталып шықты. Адвокаты Бен-Менашенің барлау қызметінің Израильдің сол кездегі премьер-министрі Ицхак Шамирдің атынан әрекет еткен бұрынғы агенті екенін, ұшақтардың кепілге алынғандарды босату үшін қажет болғанын айтқан. Бұл туралы Washington Post басылымының 1990 жылғы хабарынан білуге болады.
Бірақ АҚШ прокуроры Бен-Менашенің бар болғаны Израиль әскери барлау қызметіне аудармашы қызмет көрсеткенін айтып, уәж айтқан.
New York Times басылымының 2004 жылғы хабарына қарағанда, Иранға қару беру ісін қараған Конгресс тыңдауында Бен-Менаше "талантты өтірікші" деп сипатталған.
ПІКІРЛЕР