Accessibility links

АҚШ қырғызстандық Матраимовты Магнитский тізіміне қосты. Тізімге кіру нені білдіреді?


Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов.
Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов.

АҚШ Қырғызстандағы ең ықпалды әрі дәулетті адам, кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары, қазір үйқамақта отырған Райымбек Матраимовқа санцкия салды.

АҚШ қаржы департаменті 9 желтоқсан күні Қырғызстандағы ауқымды жемқорлық пен заңсыз ақшаның ізін жасыру ісіндегі рөлі үшін Матраимовты Магнитский санкциялық тізіміне қосқанын жариялады.

Департаменттің сөзінше, Матраимов бақылауындағы компания шенеуніктерге пара бере отырып кеден төлемдерін айналып өткен, одан түскен заңсыз ақшаны ізін жасырған. Осылайша елден 700 миллион доллар ақшаны сыртқа шығарған.

"Матраимов Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары болып тұрған кезде құзыретін асыра пайдаланып кедендік схемаға қатысты, нәтижесінде жүздеге миллион доллар пайда көрді" деді АҚШ қаржы департаменті.

Санкция Магнитский заңы аясында салынып отыр. АҚШ билігі 2012 жылы қабылдаған бұл заң адам құқығын өрескел бұзған немесе ауқымды жемқорлыққа қатысы бар азаматтарға жаза қолдануды көздейді.

Өткен жылы Азаттықтың Қырғыз қызметі, қырғызстандық Kloop.kg сайты және Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) бірлесіп жүргізген зерттеу Матраимовтың Қытай азаматы этникалық ұйғыр Айеркен Саймаити арқылы Қырғызстаннан жүздеген миллион доллар ақшаны шығару ісіне қатысы барын көрсеткен.

Саймаити 2019 жылғы 10 қарашада Түркияның Стамбул қаласында атып өлтірген.

Түркия құзыретті органдарының тергеуінен сыртқа шығып кеткен мәліметке қарағанда, Саймаити өлер алдында өзіне қарсы қандай да бір шабуыл жасалса, оған жауапты екі адамның бірі Матраимов екенін айтқан.

Екінші адам – Қытайда туған, тегі ұйғыр Қазақстан азаматы Хабибула Әбдіқадыр. Саимаити Қырғызстаннан шығарылған заңсыз ақшаны кеден магнаты саналатын осы Әбдіқадырға аударғанын айтқан.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ БИЛІК АУЫСУЫНЫҢ МАТРАИМОВ ІСІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Маусым айында Қырғызстанның Саймаитидің өлімін тергеген парламенттік комиссиясы қорытындысын жариялады, бірақ онда қылмыстық мотиві немесе кісі өлтіруге кімнің тапсырыс бергені туралы айтылмады. Ал Матраимов болса, Саймаитиге де, оның өліміне де қатысы барын жоққа шығарды.

Комиссияның бұл қорытындысын сынағандар көп болды. Олар комиссияны журналистік зерттеуде көрсетілген жемқорлықтың дәлелдерін қарастырмады деп айыптады. Матраимов Қырғызстандағы қазан айында болған толқу салдарынан президенттіктен кеткен Сооронбай Жээнбековтің серігі саналады.

Қырғызстанның жаңа билігі Матраимовты жемқорлық айыбымен ұстап, санаулы күннен соң үйқамаққа ауыстырды.

Райымбек Матраимов.
Райымбек Матраимов.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Матраимовтың "жемқорлық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында" ұсталғанын, оның "мемлекеттік бюджетке нұқсан келтірген жемқорлық ісіне" қатысы бар екенін мәлімдеді.

ҰҚМК сондай-ақ Матраимотың мемлекет қазынасына 2 миллиард сом (23,5 миллион доллар) төлеуге дайын екенін, 80 миллион сомды (1 миллион долларға жуық) өз жіберіп үлгергенін хабарлады.

Райымбек Матраимов Қырғызстандағы ең бай әрі ықпалды отбасындағы үш ағайындының бірі саналады. Ол 4 қазандағы даулы парламенттік сайлаудың жеңімпазы атанған "Мекеним Кыргызстан" партиясын, елдің осы сайлаудан кейін отставкаға кеткен президенті Сооронбай Жээнбековті қаржылай қолдаған.

Сайлау бұрмаланды деп ашуланған тұрғындар көшеге шығып, үкімет үйін басып алды да, биліктен сайлау нәтижесін жарамасыз деп тануды және президент Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуін талап етті. Толқудың салдарынан пайда болған билік вакуумын Садыр Жапаров толтырды.

Кісі ұрлаған үшін сотталған Жапаровты сайлаудан кейінгі наразылық кезінде жақтастары түрмеден күшпен алып шыққан. Түрмеден шыға сала ол премьер-министр болып тағайындалды. Санаулы күннен соң Жээнбеков отставкаға кетті де, Жапаров премьерлікпен бірге президент міндетін атқарушы атанды.

Билікке келерде Жапаров президенттік билікті аларда жемқорлықпен күресуге уәде берді. Ал Матраимовтың ұсталуына дейін оның елден қашып кеткен болуы мүмкін екенін айтты.

Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауына түсу үшін президент міндетін атқарушы қызметінен бас тартты. Заң бойынша президент міндетін атқарушы президент сайлауына түсей алмайды.

МАГНИТСКИЙ ТІЗІМІНЕ КІРУ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

2012 жылы қабылданған АҚШ заңы Ресей түрмесінде қайтыс болған Сергей Магнитскийдің құрметіне аталған. Аудитор және заңгер қызметін атқарған Сергей Магнитский Лондонда тіркелген Hermitage Capital инвестициялық қорына жұмыс істеп жүріп, қордың Ресейге төлеген миллиондаған доллар салығы Ресей шенеуніктерінің қалтасына кеткенін мәлімдеген. Артынша Мәскеу Hermitage Capital салықтан жалтарды деп, Магнитскийді түрмеге жапқан. Кейін ол сот алдындағы тергеу изоляторында жатып 37 жасында қайтыс болды. Батыс елдері істі қолдан жасалған, ал Магнитский өз өлімімен өлген жоқ, оны азаптаған деп санайды.

Мәскеудегі митинг кезінде Сергей Магнитскийді суреті бейнеленген плакатты ұстап тұрған әйел. Плакатта "Ұрылардың жүйесімен күресемін деп қаза тапты" деп жазылған. 15 желтоқсан 2012 жыл.
Мәскеудегі митинг кезінде Сергей Магнитскийді суреті бейнеленген плакатты ұстап тұрған әйел. Плакатта "Ұрылардың жүйесімен күресемін деп қаза тапты" деп жазылған. 15 желтоқсан 2012 жыл.

Бастапқыда заң Магнитскийдің өліміне қатысы бар деген адамдарға қарсы бағытталған. Санкция тізіміне кіргендердің АҚШ-тағы мүлкі бұғатталады, оларға АҚШ визасы берілмейді.

2016 жылы АҚШ конгресі заңның аясын кеңейтіп Ғаламдық Магнитский заңын қабылдады. Бұл өзгеріс енді әлемнің түкпір-түкпірінде адам құқығын өрескел бұзғандарға да санкция салуға мүмкіндік берді. Содан бері тізімге Қытай, Доминикан Республикасы, Гамбия және Түркия секілді елдердің азаматтары да кірді. Санкциялық тізімге енген Қытай азаматтары мен компаниялары арасында Шыңжаң мұсылмандарының құқығын өрескел бұзуға қатысы бар деп айыпталғандары да бар.

Матраимовпен бірге санкция тізіміне Макаодан және Либериядан бір-бір азаматтан кірді. Санкцияға сондай-ақ Гонконг, Палау және Камбоджа елдерінен үш компания ілікті.

МАГНИТСКИЙ ЗАҢЫНА ҚОСЫЛҒАН ӨЗГЕ ЕЛДЕР БАР МА?

АҚШ-тың көршісі Канаданың да өз Магнитский заңы бар. Мұндай заңды Еуроодаққа мүше Эстония, Латвия және Литва елдері де қабылдаған.

Ұлыбритания мұндай заңды әлі қабылдаған жоқ, бірақ қарастырып жатыр. Елдің сыртқы істер министрі Доминик Рааб қыркүйек айында Магнитский заңының жобасы Ұлыбритания Еуроодақтан шыққаннан соң ұсынылатынын мәлімдеді. Лондон бұл заң аясында Магнитский өліміне қатысы бар адамдармен қатар Сауд Арабиясының кісі қолынан қаза тапқан журналисі Жамал Хашоггидің өліміне қатысы бар деген адамдарды санкциялауды көздеп отыр. Еуроодақ та өз Магнитский заңын қабылдауды қарастырып жатыр.

МАТРАИМОВ МАГНИТСКИЙ ТІЗІМІНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН БІРІНШІ БОЛЫП КІРІП ОТЫР МА?

Жоқ. 2017 жылғы 21 желтоқсанда Магнитский санкциялық тізіміне Өзбекстандаған ондаған жыл басқарған Ислам Каримовтың қызы Гүлнәр Каримова кірген. АҚШ қаржы департаменті Каримованың ұйымдасқан қылмыстық синдикатты басқарғанын, синдикаттың нарықты монополиялап, бизнесті тартып, пара алу істерімен айналысқанын мәлімдеді. Департамент сондай-ақ Каримованың ақшаны жымқыру, мемлекет қаржысын талан-тараж ету бойынша айыпталғанын айтқан.

Гүлнәр Каримова.
Гүлнәр Каримова.

Магнитский тізіміне Қазақстаннан ешкім кірмеген. Бірақ кейінгі уақытта жергілікті құқық қорғаушылар мен белсенділер елдегі адам құқығын бұзу ісіне қатысы бар деген азаматтарды осы Магнитский тізіміне қосу мәселесін жиі көтеріп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG