Accessibility links

"Медбике не аспаз боласың". Қырғыз мигранттарын Украинадағы соғысқа тартып жатыр


Орталық Азиядан келген мигрант әйел медициналық тіркеу құжатын толтырып жатыр.
Орталық Азиядан келген мигрант әйел медициналық тіркеу құжатын толтырып жатыр.

Ресейде жұмыс істейтін қырғыз әйелдері өздерін Украинадағы соғысқа баруға үгіттеп жатқанын хабарлады. Мигранттарды майданға тарту амалы бүкіл Ресейде, әсіресе әйел қызметкерлер көп аурухана, кітапхана мен мектептерде жүрген.

Нұржамал 10 жылдан бері Ресейдің Хабаров облысында бас аспаз болып істейді. Қырғызстаннан күнкөріс қамымен келген әйелдің ресейлік төлқұжаты жоқ. Соған қарамастан, Украинадағы Ресей әскеріне жұмыс істеу туралы көп ұсыныс түскен.

— Айына 200 мың рубль (2 мың доллар) немесе жылына 1 миллион рубль (10 297 доллар) береміз деді. Ресейдің Украинада соғыста жүрген өз азаматтары бар ғой деп бас тарттым. Олар “Сізге бәрібір емес пе? Ресейге жұмыс істеуге келдіңіз, сізге ақша керек” деді. Ақшадан өмірім қымбат деп келіспедім, — дейді Нұржамал.

Бірақ рекрутерлер оңай беріле қоймаған.

Нұржамалға тіркелмеген нөмірлерден тағы екі рет хабарласып, Украинаға жұмысқа баруға көндірмек болған.

— Ұсыныстарынан бас тарттым. Ресей азаматтығын алмаса да, кей қырғыз мигрант соғысқа кетті. Рекрутерлер азаматтық алып береміз, 1 миллион рубль төлейміз деп қызықтырады. Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғыздардың көбі жұмысқа баруға келіспеді, тіпті, рекрутерлердің қысымынан қашып, Қырғызстанға кетіп қалғандар да бар, — дейді ол.

Әйелдерді соғысқа баруға үгіттеген ұнпарақ.
Әйелдерді соғысқа баруға үгіттеген ұнпарақ.

Орталық Азиядан шыққан мигранттар Ресейдің әскери науқанының басты нысанына айналды. “Вагнер” тобы түрмедегі тұтқындар арасынан әскер жинады.

Қырғызстанда жұмыссыздық деңгейі жоғары болғандықтан, жүздеген мың қырғыз азаматы жан бағу үшін Ресейге кеткен.

СОҒЫСТАҒЫ "ҚАСҚЫРЛАР"

Ресейде түрмеде отырған қырғыз әйелдің туыстары Азаттық тілшісіне тұтқынның хаттарын көрсетті. Онда қырғыз азаматы түрмеге Ресей қорғаныс министрлігінің өкілдері келіп, әйелдерді соғысқа баруға үгіттегенін жазады.

— [Қорғаныс министрлігінің шенеуніктері] аты-жөнімізді жазып алып, еріктілердің тізімін оқыды. Ұзақ жылға қамалғандардың көбі түрмеден босаймыз деген үмітпен соғысқа баруға келісті. Мен бас тарттым. Құдай қаласа, Қырғызстанға қайтқым келеді, — дейді Ресейде жұмыс істеп жүріп, есірткі саудасы үшін 12 жылға қамалған қырғыз әйел. Ол жазасын Владимир облысында өтеп жатыр.

Ресейлік журналист әрі құқық қорғаушы Ольга Романованың айтуынша, Украинаның оккупацияланған территориялары мен Ресейдің оңтүстік-батысында түрмеде отырған әйелдердің көбі Ресей бақылауда ұстап отырған Украинаның аудандарына жұмысқа кеткен.

— Украинаның оккупацияланған аудандары — Донецк мен Снежныйдан 50, Ресейдің оңтүстігіндегі түрмелерден 100 әйелді майданның алдыңғы шебінде жұмыс істеуге көндірген. Олар өздерін “қасқырлар” деп атайды. Бұл әйелдер аспаз, медбике не фельдшер болып істемейді, шабуылдаушылар қатарында соғысады. Липецк облысындағы колония тұтқындарын да соғысқа тартып жатқаны белгілі болды, — дейді Романова.

Рекрутерлер Ресейде 10 жылдан бері істейтін Айнұрдың (кейіпкердің аты өзгертілді) да үйіне барып, күйеуі екеуін Украинаға шақырған.

— Қазір үйге келетін болған. Аспаз болып істейсің немесе бір-екі ай оқып, әскери медбике боласың дейді. Кей әріптестеріме де осындай ұсыныс түсті, — дейді ол.

Орталық Азиядан шыққан мигранттардың көбі жеке басы мен отбасының қауіпсіздігін ойлап, соғысқа қатысқанын айтқысы келмейді. Кей адамдар депортациядан қорқады.

Қырғыз азаматы Жұмабек (кейіпкердің аты өзгертілді) кей мигранттарды көшеден полиция ұстап әкетіп, “тәрбиелеу лагеріне” жауып, бір айдан кейін соғысқа жіберетінін айтады.

Ресей әскеріне қосылуға үгіттейтін үнпарақ.
Ресей әскеріне қосылуға үгіттейтін үнпарақ.

— Тамызда қырғыз жігітті көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұстап, қағаздарға қол қойғызып, әскерге жазылуға мәжбүрледі. Ол керек-жарағын сатып алғаннан кейін лагерьге барамын деп, Қырғызстанға қашып кеткен. Еңбек мигранттарының көбі қандай құжаттарға қол қойғанын түсінбейді. Тәжікстан мен Өзбекстанның Ресейде жұмыс істеуге рұқсаты жоқ азаматтары қысымға ұшырап отыр. Қырғыз азаматында Ресейдің төлқұжаты болса, бірақ әскери есепке тұрмаса, оны бірден соғысқа алып кетеді. Мұны ешкім байқамайды, өйткені шенеуніктер бұл ақпаратты құпия сақтауды талап етіп, қағаздарға қол қойғызып алады. Тіпті, телефонын да тәркілейді, — дейді Жұмабек.

Азаттық Орталық Азиядағы жүздеген мигрант Украинаның оккупацияланған аудандарына жұмысқа кеткенін жазды. Орталық Азия үкіметтері өз азаматтарына соғысқа қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен. Киев те ресейлік компанияларға жалданып, жұмысқа келген адамдарды оккупанттардың сыбайласы деп қарастыратынын айтқан. Қырғыз азаматтарының көбі соғыста қаза тауып, туған жерлеріне жерлеуге жіберілді.

Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі мигранттармен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.

Елшіліктің баспасөз хатшысы Назгүл Жүсіпақынованың айтуынша, дипломаттар түрмелерге барып, қырғыз тұтқындармен де кездескен.

— Түрмеде отырған қырғыз әйелдер күшпен әскери қимылдарға тартылды деген хабар алған жоқпыз, — деді Жүсіпақынова.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігінің дерегінше, қаңтарда Ресей түрмелерінде 1077 қырғыз азаматы болған. Бірақ олардың қаншасы әйел екені белгісіз. Сәйкесінше, Украинаға қанша мигрант әйел кеткенін білмейміз.

Қырғызстан билігі өз азаматтарын шетелдегі әскери қимылдарға қатыспауға шақырған. Қылмыстық кодексті бұзған адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Кейінгі айларда Қырғызстанда екі азамат ұсталған, бірі Украинада жалдамалы әскер қатарында болғаны үшін түрмеге жабылды.

XS
SM
MD
LG