Accessibility links

"Болары болып, бояуы сіңгенде" тілге келген Бакиев Бішкекте төгілген қан үшін оппозицияны айыптады


Наразылық шеруіндегілер Құрманбек Бакиевтің суретін жағып жатыр. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.
Наразылық шеруіндегілер Құрманбек Бакиевтің суретін жағып жатыр. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.

Президент Құрманбек Бакиев отставкаға кетпейтіндігін мәлімдеп, елдегі бүліктің жауапкершілігін оппозицияға артты. Қырғызстанда уақытша үкімет орнаса да, тыныштық орнар емес. Бішкек көшелеріндегі жастар Бакиев тың күшпен астанаға қайта соғады деген оймен тарқамай отыр.

БАКИЕВ БИЛІКТЕН БАС ТАРТПАЙДЫ

Қырғызстанның заңды президенті Құрманбек Бакиев, сәрсенбі күні Бішкекті тастап шыққанан кейін алғаш рет, бейсенбі күні кешкісін елдегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.

Қырғыздың «24.kg» ақпарат агенттігіне Құрманбек Бакиев: «Оппозиция лидерлерінің жауапсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде біздің ел үлкен қасіретке душар болды. Бейкүнә адамдар, жастар, құқық қорғау қызметкерлері қаза болды. Мен бұл трагедияға қатты қайғырып, қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтамын» деп мәлімдеді.
Ереуілде жараланғандар ауруханада. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.
«Эхо Москвы» радиостанциясына берген сұхбатында Құрманбек Бакиев өзін жеңілдім деп мойындамайтындығын, президенттіктен бас тартпайтындығын айтты.

«Мен мемлекеттің сайланған басшысымын және ешқандай жеңіліс дегенді мойындамаймын» деген Құрманбек Бакиев ресейлік радиоға берген сұхбатында өзінің қазіргі таңда республиканың оңтүстігінде екендігін айтқан, алайда нақты қай елдімекенде екендігін атамаған.

Бұған дейін Құрманбек Бакиев өзінің туған жері – Жалал-Абадқа оралды деп хабарланған еді. Алайда бұл мәлімет расталған жоқ.

Бейсенбі күні Жалал-Абад қаласында 5 мыңға жуық кісі жиналған митинг болып өтті. Тұрғындардың бір бөлігі Бакиевті жақтаса, екінші бөлігі оған қарсы шықты.

Мұның қарсаңында Құрманбек Бакиев Жалал-Абадта халық алдында сөз сөйлейді деген ақпарат тараған еді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қырғыз президенті бұл маңнан табылмады. Митингке жиналғандар тыныш тарқады.

УАҚЫТША ҮКІМЕТКЕ ҚОЙЫЛҒАН ТАЛАП

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Бішкек тұрғындары арасында екінші күн қатарынан ел астанасындағы жағдайды реттей алмаған уақытша үкіметке наразылық танытушылар көбейді. Мыңдаған жастар әлі де болса Бішкек көшелерінде тәртіпсіздік жасауларын доғарған жоқ.
Уақытша үкіметтің қаржы министрі Темір Сариев (оң жақта) пен вице-премьер Өмірбек Текебаев (сол жақта) баспасөз-мәслихатында. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.


Қаладаға көптеген дүкендер жабылған, базарлар бос тұр, көшелерде тәртіп сақшылары жоқ. Осыдан бес жыл бұрынғы көтеріліс кезінде генерал Феликс Кулов қалада бір күннің ішінде тәртіп орнатқан болатын деп есептейді бішкектіктер.

Топтасқан жастар болса сәрсенбі күні өз еркімен отставкаға кеткен премьер-министр Данияр Үсеновтің жазалануын талап етті. Олар жаңа үкіметтің үштен бірі жастардан құралуын қалайды. Алаңда көпшіліктің алдына шыққан уақытша билік өкілдері де жастардың екпінін бас алмады.

Бейсенбі күні мыңдаған адам Бішкектегі ішкі істер басқармасының ғимаратына шабуыл ұйымдастырған. Азаттық тілшісі екі жақтан да оқ атылғандығын хабарлады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, үш мыңға жуық адам Бішкек көшелерін босатпай отыр. Олардың көбі қаладан тыс ауылдардан келгендер. Жастар президент Құрманбек Бакиев қолдаушыларын жинап Бішкекке қайта соғады деген пікірді ұстанады.

АЗ ҰЛТТАРҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТУ

Қырғызстанның аймақтарында да тонаушылық, тәртіп бұзушылық әрекеттір тіркелген. Мысалы, Тоқмоқ қаласында үкіметке қарсы баскөтерулерге қатысқандар аз ұлт өкілдері – дүнгендер мен ұйғырлардға қысым көрсеткен. Түнде жастар дүкендер мен кафелерді, сондай-ақ қоғамдық мекемелерді талқандап, тонаған.
Сауда орталығының өртенген орнын қарайлап жүрген жұрт. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.


Тоқмоқта қалалық ауруханаларға жараланған 11 адам түскен, олардың бесеуіне оқ тигені анықталып отыр. Қаладағы тәртіпсіздік бейсенбі күні де тиылмады деп хабарлады Азаттыққа оппозиция өкілі Бақыт Нұраалыуулу.

Қырғызстанның адам құқығын қорғау одағы уақытша билік басшысы Роза Отунбаеваны елде қоғамдық тәртіп орнатуға шақырды. Адам құқығын қорғаушылар БАҚ арқылы құқық қорғау органдарының мәртебесін белгілеп, қоғамдық тәртіпке жауапты кісілерді анықтау керек деп есептейді.

Уақытша үкімет елдімекендерде түнгі тәртіпті қадағалайтын қоғамдық ұжымдар құрылып жатқандығын мәлімдеп отыр.

Қырғыздың денсаулық сақтау министрлігі елдегі қақтығыстардан қаза болғандардың саны 74-ке жетті деп хабарлады.

Қанды қақтығысқа ұласқан дүрбелеңнен кейінгі Бішкек жайындағы видеоны қараңыз, 8 сәуір 2010 жыл.

Бішкек қанды қақтығыс дүрбелеңнен кейін
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:24 0:00
Жүктеп алу

XS
SM
MD
LG