АҚ ҮЙГЕ ШАБУЫЛ
Азат Еуропа/Азаттық радиосы қырғыз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстанның аймақтарында басталған оппозициялық баскөтерулер ел астанасы – Бішкек қаласына да жетті. Қалада наразылық баскөтерулерге жиналғандар саны 10 мыңға жетті деп хабарланды.
Сәрсенбі күні олар Бішкектегі Қырғызстан президентінің резиденциясы - Ақ үйді шабуылдай бастады деп хабарлады Азаттық тілшісі. Дәлқазір үкімет үйінің алдында қарулы ұрыс жүріп жатыр. Тілші мәліметі бойынша, Ақ үй ғимараты алдында бес адам оққа ұшқан.
Мұның қарсаңында үкімет үйіне милиция кіргізілгендігі мәлім болды.
ТАЛАСТЫҚТАР МИНИСТР ОТЫРҒАН ҒИМАРАТТЫ ОТПЕН АТҚЫЛАУДА
Бұл уақытта Талас қаласындағы наразылық баскөтерулері полициямен арадағы қақтығыстарға ұласты.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы облыстық әкімшілік ғимаратын тазартуға талпыныс жасады. Бірақ олар ғимаратқа бекінген жұртшылықтың қарсылық іс-әрекетіне тап болды.
Оппозиция жақтастары әкімшілікті сейсенбі күні басып алған болатын. Сәрсенбі күні көшеге шыққан халықтың саны жеті мыңға жуықтағандығы хабарланып отыр.
Баскөтерушілер жергілікті полиция ғимаратын тағы да шабуылдады деп хабарлады Азаттық тілшісі. Бір күн бұрынғы осындай әрекет нәтижесін аяқталған болатын.
Милиция қызметкерлері мекеме ғимаратына бекінген. Солардың ішінде ішкі істер министрі Молдомуса Конгантиев те бар.
Таластықтар министрдің шығуын және оппозиция белсендісі Болот Шерниязовты босатуын талап етті. Баскөтерушілер арнайы жасақтың қару-жарақтарын тартып алды деп хабарланып отыр.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, баскөтерушілер полиция ғимаратына қарай май құйылған шөлмектерге от тұтатып лақтырып, мекеменің ішіне баса көктеп кірді. Милиция қызметкерлері оларға қарсылық көрсетіп жатыр. Қақтығыстар барысында қанша адам жараланғандығы әзірге белгісіз.
Қалалық аурухана басшылығының Азаттық тілшісіне хабарлауынша, Таластағы баскөтерулер барысында 30-ға жуық кісі жараланған. Олардың арасында ауыр халде жатқандары да бар. Арнайы жасақ наразылыққа шыққандарға қарсы көзден жас ағызатын газ бен шуылдақ жарылғыштар қолданылды деп хабарланған еді.
НАРЫНДА БИЛІК ХАЛЫҚ ҚОЛЫНА ӨТТІ
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәрсенбі күні Нарын тұрғындары жалпыхалықтық құрылтайға жиналды. Аудан әкімшілігінің ғимаратының алдын торуылдаған халықтың саны екі мыңға жуықтайды. Сонымен бірге ондаған салт атты бар.
Наразылық шарасын үйлестіруші Әзімбек Бекназаров аймақта «халықтық үкімет» құруға уәде берді. Оппозиция өкілі губернаторға «халықтың» жағына шығуды талап етті.
Алайда аймақ басшылығы көпшіліктің бұл талаптарын орындаудан бас тартқан. Құрылтайға жиналғандар ғимаратты басып алды. Олар оппозициялық «Ата Мекен» партиясының өкілі Адыл Эсенбековты «халық губернаторы» етіп тағайындады.
Алайда қырғыздың Ішкі істер министрлігі әкімшілік ғимараты халықтың қолына өтті деген ақпаратты жоққа шығарып отыр. Министрлік өкілі әкімшілік алдына мыңдаған адам жиналған, мұнда ешқандай қоғамдық тәртіп бұзылмаған деп мәлімдеді.
Оқиға орнынан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Нарында аудан әкімшілігін басып алушылар ішкі істер басқармасының ғимаратына қарай бет алған.
ЖАППАЙ ТҰТҚЫНДАУЛАР БАСТАЛДЫ
Бұл уақытта қырғыздың құқық қорғау органдары оппозиция белсенділерін тұтқындау іс-шарасына көшті деп хабарланды.
Ұсталғандардың арасында оппозициялық «Ата Мекен» партиясының төрағасы Омурбек Текебаев, “Улуу биримдик” партиясынын төрағасы Эмил Қаптағаев, оппозициялық саясаткерлер - Дүйшөн Чотонов, Анвар Артыков, Болот Шерниязов бар.
Қырғызстан премьер-министрі Данияр Үсенов елде коменданттық сағат орнатылғандығын жариялады.