Accessibility links

ҰҚК «балалардың жоғалуын» Бангладештен көреді


Жұма намазға келген балалар. Бішкек, 25 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет).
Жұма намазға келген балалар. Бішкек, 25 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет).
Қырғызстанның арнайы қызметі елдегі жоғарғы діни орган – мүфтиятты «қырғыз балаларын Бангладештегі діни медреселерге оқуға заңсыз түрде жіберген» деп айыптады. Бірақ мүфтият пен мешіт басшылығы бұл айыптарды теріске шығарып отыр.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚК) ақпараттары бойынша, Нарын облысында соңғы бір жылда жоғалған 10-15 жастағы бірнеше бала шетелге діни оқуға жіберілген болуы мүмкін.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қырғызстан мен Бангладеш арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық келісімі жоқ.

«БАНГЛАДЕШТЕГІ ДАҒУАТ»

Қауіпсіздік қызметінің айтуынша, «қырғызстандық балалардың шетелге заңсыз жіберілуіне Бішкектің орталық мешіті мен «Таблиғи Жамағат» ұйымының да қатысы бар болуы ықтимал».

– ҰҚК тарапынан Нарын облысының 10-15 жас аралығындағы балаларды Бангладеш республикасындағы діни оқу орындарына апарылған фактілер тексеріліп жатыр. Оған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымы мен мүфтияттың қатысы бар болуы мүмкін, – дейді ҰҚК-нің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Нұрлан Тоқталиев.

Жергілікті халықтың көпшілігі бұл туралы біле бермейді. Нарын облысының басшысы Қанатбек Муратбеков «соңғы жылдары аймақта жоғалған балалар
Мешітте намаз оқып отырған жамағат. Бішкек, 8 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Мешітте намаз оқып отырған жамағат. Бішкек, 8 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
шетелге жасырын жіберілген балалар арасынан табылуы мүмкін» деп үміттеніп отыр.

– Әзірге бұл – тек болжам. Әлі анықталып, тексеріліп жатыр. Өткен жылдары жоғалып кеткен балалар сол жақтан табылуы ықтимал, – дейді Қанатбек Муратбеков.

Нарын облыстық діни қазылығы Бангладешке оқуға кеткен балалар туралы «еш мәлімет білмеді».

Нарын қаласындағы «Ықылас» мешітінің имамы Нуролло Мамбетов төрт ай Бангладешке барып келген. Бірақ ол «қырғыз балалары шетелге, нақтысын айтқанда, Бангладешке діни оқуға жасырын жіберіліп жатыр» деген ақпаратты растаған жоқ.

– Қазір елдің түсінігі осындай болып қалған. Егер сен шетелге шығып келсең болды, «А, бұл – «Таблиғи жамағат» деп ойлайды. Көршің де шетелге барып келсе, «Е, ол да – «Таблиғи жамағат» дейді. Сондай түсінік қалыптасқан қазір, – дейді имам.

Нуролло Мамбетов екі жылдан бері Бангладешке барып «дағуат жасайтынын» айтты.

БІР АЙДА ЖЕТІ БАЛА ЖОҒАЛҒАН АУДАН

2010 жылдың 19 мамырында Қырғызстан жастар, еңбек және жұмыспен қамту министрлігі Нарын облысы өкілдігінің басшысы Бақыт Егембердиевтің екі баласы жоғалып кеткен еді.

Ол соңғы кездегі хабарлардан құлағдар екенін, бірақ «тиісті шаралар дереу қолға алынбай жатыр» деп алаңдап отырғанын айтты.

– Мұндай хабарды естідім, бірақ ішкі істер органдары мұны қаншалықты тексеріп, анықтай алатынын білмеймін. Себебі ішкі істер органдарының өзі де коррупцияға ұрынған, – дейді ол.

Нарын облысы басшылығы соңғы жылдары бірнеше баланың жоғалып кеткенін растады.

Азаттық радиосының Қырғызстандағы тілшілері «балалар жоғалды» деген Жумгал ауданына хабарласты. Аудан әкімінің орынбасары Динара Асанованың айтуынша, «бұл аймақтан бір айда жеті-сегіз бала Бангладештің діни оқу орындарына жіберілгені анықталған». Бірақ ол балалардың қалай және кім арқылы шетелге жіберілгені тексеріліп жатыр.

Арнайы қызмет бұл іс бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG