Accessibility links

Отунбаева: «Саясатқа оралар күнім жақын»


Қырғызстан президенті Роза Отунбаева Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің Бішкек бюросында. 4 сәуір 2012 жыл
Қырғызстан президенті Роза Отунбаева Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің Бішкек бюросында. 4 сәуір 2012 жыл

Роза Отунбаева былтыр осы айда Қырғызстан президенті қызметінен кеткен еді. Қазір жеке қор құрып, әлеуметтік проблемаларды шешумен айналысып жүр.

Роза Отунбаева оппозициялық тұлғадан революциялық жетекшіге дейін өскен, Орталық Азиядағы тұңғыш әйел президент ретінде ел есінде қалды.

Ол 20 айға созылған уақытша президенттік міндетін абыроймен аяқтап, 2011 жылы желтоқсанда мемлекет тізгінін басқа саясаткерге демократиялық жолмен өткізіп берді. Биліктің бұлай ауысуы бұл аймақта бірінші рет болды.

Бірақ баспасөз беттерінде жиі көрінетін 62 жастағы Отунбаеваның ықпалы әлі күнге дейін жоғалмағаны айтылады.

Таяуда Вашингтонға барған сапарында Азаттық тілшісіне сұхбат берген Роза Отунбаева қазір жұрт көзіне көрінбей-ақ үкіметтің кеңесшісі ретінде маңызды істер атқарып жүргенін, президент Алмазбек Атамбаевпен және премьер-министр Жантөре Сатыбалдиевпен тұрақты түрде кездесіп тұратынын айтты.

Роза Отунбаева шетелдерге барып келген соң және халықпен кездескен соң түйген ой-пікірлерін де Бішкекке ескертеді екен.

«КҮРЕСКЕ ДАЙЫНБЫЗ»

Оның қазіргі ұстанған жаңа бағыты негізінен бұқара халықпен етене араласу болғанымен, сәтін салған күні саясатқа қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

– Мен болашақта саясатқа оралатын күнім алыс деп ойламаймын. Біз ұстанған бағыттың жемісті болуы үшін күресе береміз. Сондықтан мұны орта жолда күйретіп қоя алмаймыз. Осы мақсатқа жету жолында күреске дайынбыз, – деді Роза Отунбаева.
Роза Отунбаева Билл Клинтонмен кездесіп отыр. Литл-рок, 18 желтоқсан 2012 жыл
Роза Отунбаева Билл Клинтонмен кездесіп отыр. Литл-рок, 18 желтоқсан 2012 жыл

Отунбаеваның ықпалы, Батыстың алдындағы мәртебесі оның президенттіктен түскен соң АҚШ-қа жасаған алғашқы сапарында анық көрінді.

Ол осы сапарында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонмен, мемлекеттік департаменттің басшыларымен кездесті.

«Мұндағылар Отунбаеваның «Energizer bunny» («жігерлі адам») деген лақап атын әлі ұмытқан жоқ» дейді мемлекеттік департамент қызметкерлері.

ОТУНБАЕВАНЫҢ ҰЙЫМЫ

Бірақ Роза Отунбаева АҚШ-қа барған сапарында бизнеске де көңіл бөлді.

Ол қазір Бішкектегі үкіметтік емес ұйымын тіркеуге мұқтаж. Егер ұйым тіркелсе, АҚШ-тан көмек қаржы алар еді. «Роза Отунбаеваның бастамасы» ұйымы 2011 жылдың аяғында құрылғалы Отунбаева көп уақытын соның жұмыстарына арнады.

– Жеке қорым құрылғалы оның жұмысы бір минутқа да тоқтаған емес. Мен алдыңғы жылдары президент болып тұрғанымда қатты қарбалас болды. Бірақ соның өзінде жұмысты тоқтатпадық. Себебі берген уәделерді орындап, алға қойған мақсатымызға жету өте қиын. Халықтың бізге артқан үмітін тастай алмаймыз, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Роза Отунбаеваның Ош облысына барған сапары
Роза Отунбаеваның Ош облысына барған сапары

Роза Отунбаева ара-арасында йога жаттығуларын жасау үшін жұмысында үзіліс жасайды. Ол үкіметтік емес ұйымы соншалықты сәтті құрылмағанын мойындайды. Бірақ сонда да болашақта ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Қор елдің асқынып тұрған әлеуметтік проблемаларын шешкісі келеді. Отунбаева шешуді көздеп отырған проблемалардың тізімінде мынадай өзекті мәселелелер бар: бастауыш мектептегі білімнің нашарлығы, елдегі азаматтардың жұмыс іздеп сыртқа ағылуы, сауатты адамдардың шетел асуы, қоғамда әйелдер үшін мүмкіндіктің аздығы, жастардың мәдени өмірін байытуға жол ашу, көрші елдермен сауда-саттық деңгейінің нашар болуы.

Ол жетістіктері ретінде Бішкекте жаңадан құрылған Қырғыз диаспорасының конгресін, тамыз айында бірінші рет кездесу өткізгендерін, жастарға классикалық музыканы таныстыратын Қырғыз ұлттық консерваториясымен бірлесіп жұмыс жасап жатқандарын айтты.

Роза Отунбаеваның бұдан өзге де талай жоспары бар.

– Алдағы жыл біз үшін шешуші жыл болмақ. Себебі қырғыз балаларына міндеттелген бастауыш білім беру жүйесін енгізуді негізгі мақсат етіп отырмыз, – деді ол.

«МЕН ЖАСАЙТЫН ЖҰМЫС КӨП»

Елдің ішіндегі асқынып тұрған, Роза Отунбаева ұйымы реттей алмай жатқан тағы бір әлеуметтік проблема – ұлтаралық татулық. Отунбаеваның үкіметі «қырғыздарды өзбектерге айдап салып, соңы 2010 жылғы қанды қақтығысқа ұласқан толқуды тоқтата алмады» деген айыппен сынға ұшыраған.

«Қазіргі үкімет осы мәселені қалай шешті?» деген сауалға ол президент Атамбаевпен келіспейтінін айтты.
Роза Отунбаеваның Швейцарияда емделіп жатқан жас қырғыз қыздың көңілін сұрай барған сәті
Роза Отунбаеваның Швейцарияда емделіп жатқан жас қырғыз қыздың көңілін сұрай барған сәті

– Ол «Елді экономикалық тұрғыда тұрақтандыруым керек. Аздап болса да мемлекеттік тұрақтылыққа қол жеткізу керек. Ал ұлтаралық проблемалар кейіннен шешіле жатар» деп ойлайды. Бәлкім, бұл да бір дұрыс тәсіл шығар. Бірақ мен оның орнында болғанда мәселені барлық тараптан шешуге тырысар едім. Ол «ең әуелі маңызды проблеманы шешіп алған соң ұлтаралық проблемаға қайта айналып соғамын» деп ойлайды. Мен екі әдісті қатар қолданар едім. Бұл мүлде басқаша шешім болар еді, – дейді Роза Отунбаева.

Бұл мәселе бойынша президент Алмазбек Атамбаевөқа ақыл-кеңес бергенін айтқан Отунбаева өзінің жаңа міндеті жайлы:

– Биліктің тізгіні менің қолымда бола ма, болмай ма – мәселе онда емес. Мен жасайтын жұмыстар жетеді, – деп жауап берді.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG