Accessibility links

Саяси одақтардың бұлыңғыр болашағы


Kyrgyzstan Bishkek Torobaev Tashiev Madymarov Keldibekov united august 7, 2017
Kyrgyzstan Bishkek Torobaev Tashiev Madymarov Keldibekov united august 7, 2017

Қырғызстанда ертеректе біріккен "Онугуу-Прогресс", "Бүтүн Кыргызстан" және "Ата-Журт" партияларының жетекшілері жаңа партия құратындарын мәлімдеді. " Онугуу-Прогресс" жетекшісі Бакыт Торобаевтың хабарлауынша, жаңа партияға "Кайра жаралуу" ("Қайта өрлеу") атауы таңдалған, жуырда жаңа ұйымнан Қырғызстан президенттігіне ортақ кандидат ұсынылады.

Ал бірер күнде басталатын үгіт науқаны қарсаңында президент сайлауына түсетін өзге кандидаттардың да келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болды. Сайлау қарсаңында құрылып жатқан саяси одақтардың болашағы қандай болмақ?

"Онугуу-Прогресс", "Бүтүн Кыргызстан" және "Ата-Журт" партиялары бірігіп құрған жаңа партия атауын президенттікке кандидат Бақыт Торобаев хабарлады. Ол Facebook желісіндегі парақшасында конкурс нәтижесі бойынша "Кайра жаралуу" ("Қайта өрлеу") атауын таңдауды ұйғардық деген пост жариялады.

«Жаңа партия құрылтайшылары Адахан Мадумаров, Ахматбек Келдибеков, Камчыбек Ташиев төртеуіміздің талқымызға партия атауы мен эмблемасы бойынша жарияланған конкурсқа түскен жобалардың 20-сы ұсынылды. Жаңа партияның атауы мен эмблемасы жобасының авторы – Алмаз Азимбеков» деп жазды Торобаев.

Бұған қоса, Бақыт Торобаев қазанның 15-і өтетін президент сайлауына жаңа құрылған альянс атынан ортақ кандидат ұсыну келісімі әлі күшінде екенін де айтты.

"Онугуу-Прогресс" партиясы жетекшісі қыркүйектің 11-і күні жаңа партияның ортақ кандидат есімі жарияланатын алғашқы съезі болады деп хабарлайды. Бірақ жоғарыда аталған саясаткерлердің дәл қайсысы кандидат болатыны әзірше белгісіз.

Кей дереккөздердің мәлімдеуінше, төрттік ішінен ортақ кандидатты белгілеу мәселесі әлі шешілмеген. Бірақ альянстың өзге мүшелері Бақыт Торобаевтың мәлімдемесін әзірше растаған я теріске шығарған жоқ.

Саясаттанушы Марс Сариевтің пікірінше, «Бақыт Торобаев жаңа партиядан бірыңғай кандидат ретінде өзін ұсынады деп үміттенеді, сондықтан бастаманы ықпалынан шығарып алмауға тырысады».

- Бұл саяси төрттік ішіндегі ең белсендісі - Торобаев. Бұған қоса, оның парламентте өз фракциясы бар, қаржылық ресурстары да бар. Сондықтан ол ықпалдан айырылып қалмауға тырысады. Ал бірлестіктің өзге мүшелеріне келсек, қазір олардың ықпалы онша мықты емес. Сондықтан Торобаев шешуші тұлға болып тұр, - дейді ол.

"Онугуу-Прогресс" партиясы жиынында сөйлеп тұрған Бакыт Торобаев. Бішкек, 27 маусым 2017 жыл.
"Онугуу-Прогресс" партиясы жиынында сөйлеп тұрған Бакыт Торобаев. Бішкек, 27 маусым 2017 жыл.

Бірақ жаңа құрылған альянстың өзге мүшелері бұған келісе қояр ма екен деген заңды сұрақ туады. Мысалы, "Бутун Кыргызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров президент сайлауына түсетінін мәлімдеген. Осы аптада ол Қырғызстан президенттігіне кандидат болып ресми түрде тіркелген.

Бұдан бөлек, "Бутун Кыргызстан" жетекшісі Адахан Мадумаров алдыңғы аптада саяси серігі Бақыт Торобаевтың жаңа үкімет құрамын бекіту мәселесіне қатысты шешіміне наразылық білдірген.

- Әрине, әркімнің өз пікірі болуы тиіс, бірақ тұрақтылық бәрібір қажет. Сайлау қарсаңында атқарушы билікті сенімді, өзіне қажет адамдардан ғана қалыптастыру дұрыс емес. Сондықтан Бақыт Торобаев тым болмаса бейтарап дауыс беруі керек еді. Егер ол биліктің кадр саясатын құптаса, онда неге өзін балама кандидат ретінде ұсынады? Онда біртұтас командаға айналу керек, - дейді ол.

Сапар Исаков қандай өзгерістер ұсынады?

Сапар Исаков қандай өзгерістер ұсынады?

Қырғызстанның жаңа премьер-министрі Сапар Исаков Қырғызстанды бес жыл ішінде өзгертемін деп уәде етеді. Оның "Жаны доорго кырк кадам" ("Жаңа дәуірге 40 қадам") бағдарламасын парламент құптаған болатын.

Тамыздың 25-і күні Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті ) кезектен тыс сессияға жиналып, Сапар Исаков басқаратын жаңа үкімет құрамын бекіткен. Сол күні "Онугуу-Прогресс" оппозициялық фракциясы жаңа министрлер кабинетін бір ауыздан қолдаған. Бақыт Торобаев бұл шешімін Сапар Исаковтың командасына берілген "саяси аванс" деп түсіндірген. Бірақ кей БАҚ-тар саясаткер билікпен келіссөз жүргізгеннен кейін осындай шешім қабылдады деп жазған.

Президент сайлауына түскелі отырған "Ак шумкар" партиясы жетекшісі Темир Сариев те осы төрттікпен келіссөз жүргізген. Саясаткердің сайлауалды штабы өкілдері "келіссөз әлі жүріп жатыр, ал кей мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жетті, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ" деп хабарлайды.

Ал бірер күнде басталатын үгіт науқаны қарсаңында президент сайлауына түсетін өзге кандидаттар да бір-бірімен келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болды. Мысалы, парламенттегі "Республика-Ата Журт" фракциясы жетекшісі Омурбек Бабанов пен өзге бірнеше кандидат келіссөз жүргізіп жатыр деген хабар тараған.

Ертеректе президент сайлауына түсуге өтініш берген әрі бақылаушылар осы келіссөздерге қатысушылардың бірі деп атайтын "Жаны доор" партиясы жетекшісі Улукбек Кочкоров Азаттыққа әлгі қауесетке қатысты комментарий берді.

- Негізі, бірлестіктер болуы тиіс. Бірақ бұрын айтқанымдай, идея төңірегінде топтасу керек. Ал егер мақсат кез келген амалмен билікке келіп, қызметті бөліске салу болса, онда ешқандай нәтиже шықпайды. Ондай альянстың ертең тарап кетпесіне кепілдік жоқ. Ал бізге келер болсақ, келіссөз өтті деп айта алмаймын, жай ақылдасып, кеңесіп жатырмыз, - дейді ол.

Қырғызстанда президент сайлауы қазанның 15-і күні өтеді. Сайлауға түсуге өтініш бергендер саны шамамен екі есе азайып, қазір 24 кандидат қалды. Олардың жетеуі (қыркүйектің 2-сі күнгі дерек бойынша) - президенттікке кандидат болып ресми тіркелгендер. Олар – бұрынғы премьер Сооронбай Жээнбеков, "Республика - Ата Журт" фракциясы жетекшісі Омурбек Бабанов, "Ақ шумкар", "Онугуу-Прогресс" және "Бутун Кыргызстан" саяси партияларының жетекшілері Темир Сариев, Бакыт Торобаев және Адахан Мадумаров, Бішкектің бұрынғы вице-мэрі Эрнис Зарлыков пен Азимбек Бекназаров.

Жақтастарының қолын жинау кезінде қаржыландыру тәртібін бұзғаны үшін орталық сайлау комиссиясы "Ата Мекен" партиясының қамауда отырған жетекшісі, Жогорку Кенеш депутаты Омурбек Текебаевты сайлаудан шеттетіп тастады.​

Бакыт Асановтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG