Accessibility links

Халықаралық коалиция күштері Каддафиге қарсы шабуылды бастады


Ұлыбританиялық "Торнадо" әскери ұшағы Солтүстік Шотландиядағы базадан Ливияға ұшып шықты. 18 наурыз 2011 жыл.
Ұлыбританиялық "Торнадо" әскери ұшағы Солтүстік Шотландиядағы базадан Ливияға ұшып шықты. 18 наурыз 2011 жыл.

Батыс елдерінің қарулы күштері Ливия азаматтары мен оппозициялық топтарына қарсы қару қолданған ел президенті Муаммар Каддафиге әуеден де, теңізден де шабуыл жасай бастады.


Бұл - араб әлеміндегі 2003 жылы АҚШ басшылығымен Иракқа жасалған шабуылдан кейінгі ең ірі шара.

Әскери операция Ливиядағы жағдайға арналған Париж арнайы саммиті біткен соң үш сағат өте бере басталды. Ол саммитке Европа елдерінің, бірнеше араб мемлекетінің және АҚШ-тың басшылары, БҰҰ бас хатшысы қатысты. «Кездесуге жиналғандар Ливияны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясына көндіру үшін барлық қажетті шараны, тіпті әскери шараны да қолдануға келісті» деп түйіндеді Франция президенті Николя Саркози бұл жиынды.

Саркозидің айтуынша, коалицияның әуе күштері Каддафи ұшақтарының Бенгази тұрғындарына қарсы агрессиясына қарсы тұрады. Француздық қосымша ұшақтар бейбіт халыққа күш қолданбақ болған беренді техникаға да шабуыл жасауға дайын. Франция ұшақтары ұшуға тыйым салынған аумаққа енген кез-келген ливиялық ұшақты атып түсірмек.

«РАХМЕТ, САРКОЗИ!»

Ливияда бүгін де халықаралық коалицияның әуе шабуылдары жүріп жатыр. Француздың «Шарль де Голь» ұшақ тасығыш кемесі наурыздың 20-сы күні Францияның оңтүстігіндегі Тулон қаласынан шығып, Ливия жағалауына тартады. Сицилия, Корсика және Крит аймағында Каддафиге қарсы операцияға қатысуға келіскен НАТО елдерінің қарулы күштері жиналып жатыр.

Отқа оранған ливиялық бомбалаушы ұшақ. Ливия, Бенгази қаласы, 19 наурыз 2011 жыл.
АҚШ вице-адмиралы Билл Гортни Ұлыбритания мен АҚШ-тың Ливиядағы әуе қорғанысына қатысы бар 20 шақты нысанға бағыттап, әскери кемелер мен сүңгуір қайықтарынан 110 «Томагавк» қанатты зымыранын атқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, әуе шабуылдары – операцияның алғашқы сатысы ғана. Бұл жолғы шабуылдың мақсаты - Ливияның әуе соққысына қарсы қорғанысын талқандау.

АҚШ бұған дейін операцияны жақтайтынын, бірақ құрлықтағы ұрысқа қатыспайтынын мәлімдеген еді.

Операция бастала бере Ливия да тез арада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиналысын өткізуді талап етті. «Зымыран шабуылы басталғандықтан коалиция сүйенген БҰҰ резолюциясы күшін жойды, сондықтан Триполидің де өз әуе күштерін қолдануға хақы бар» деп мәлімдеді Ливия билігі.

Муаммар Каддафи Ливияның мемлекеттік телеарнасынан сөйлеген сөзінде халықаралық коалицияның «агрессиясына» қарсылық ретінде бүкіл Жерорта теңізі аумағындағы азаматтық және әскери нысандарға соққы беремін деп доқ көрсетті. Каддафи елдегі қару-жарақ қоймасы Ливияны «варварлық шабуылдан» қорғағысы келген кез-келген адамға ашық дәп мәлімдеді. Ол батыстық коалицияның әрекетін «кресшілердің отарлаушы агрессиясы» деп бағалады.

Ливияның Джана мемлекеттік ақпарат агенттігінің айтуынша, полковник Каддафидің туған қаласы Сиртке де әуе шабуылы жасалған.

Ливия телеарнасының хабарлауынша, коалицияның Ливияға қарсы әскери операциясынан аз дегенде 48 адам мерт болып, 150 адам жараланған.

Бенгази сияқты көтерілісшілер қолына өткен Тобрук қаласының тұрғындары француз авиациясының алғашқы соққыларын «әл-Жазира» телеарнасының тікелей эфирінен, қаланың орталық алаңына орнатылған экраннан тамашалады. Алаңға жиналған жұрт «Рахмет, Саркози!», «Бір, екі, үш! Саркози!» деп ұрандатып тұрды деп хабарлайды RTL француз радиосының тілшісі.

Муаммар Каддафи португал телеарнасына сұхбат беріп отыр. Триполи, 17 наурыз 2011 жыл.
Халықаралық коалицияның операциясы бастала бере Каддафиді жақтаушылар да Триполидегі халықаралық әуежайға және Каддафидің Баб-әл-Азизиядағы сарайына жиналып, «көсеміміз бен елімізді қорғаймыз» деп, ұлттық туларын көтеріп тұр.

ҚАЛЫС ҚАЛҒАН РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ «ӨКІНІШІ»

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі наурыздың 17-сінде бейбіт халықты қорғау үшін «қажетті амалдың бәрін» қолдануға шақырған, Ливияда соғысты тоқтатуды талап еткен, Каддафиге бағынышты әуе күштерінің ұшуына тыйым салынған аумақты белгілеген резолюцияны мақұлдаған болатын.

Резолюцияны қабылдауға Каддафи әуе күштерінің бейбіт халық тұратын ауданды бомбалауы, Ливия құрлық әскерінің Каддафиді биліктен кетірмек болған оппозиция жасағына қарсы оқ атқаны түрткі болды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Ресей мен Қытай наурыздың 17-сі күні осы резолюцияға қатысты дауыс бергенде қалыс қалған бес елдің арасынан табылды. Бұл құжатты Қауіпсіздік кеңесінің 10 мүшесі жақтады, ешбір ел қарсы шықпады.

Қалыс қалған Ресей мен Қытай наурыздың 20-сы күні халықаралық күштердің Ливияға қару қолдануына байланысты «өкінетіндерін» мәлімдеді.

Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Мәскеудің Қауіпсіздік кеңесі шешімін «асығыс қабылданды» деп білетіні айтылған.

Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Қытай үкіметі «халықаралық қарым-қатынаста күш қолдануға келіспейді».

КАДДАФИ ОБАМАНЫ «ӨЗ ҰЛЫНДАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕ БЕРЕДІ»

Ливия басшысы Муаммар Каддафи наурыздың 19-ы күні халықаралық қауымдастыққа хат жазып, ескерту жасады. «Ливия сендердікі емес. Ливия – ливиялықтардыкі. Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясы жүрмейді» делінген Каддафидің Франция мен АҚШ президенттері Николя Саркози мен Барак Обамаға, Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмеронға, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунге жазған хатында.

«Біздің ішкі ісімізге араласуға ешқандай хақыларың жоқ. Ондай құқықты кім берді сендерге? Ішкі ісімізге араласуды доғармасаңдар, өкінесіңдер» дейді Муаммар Каддафи Батыс елдерінің басшыларына.

Каддафи АҚШ президенті Барак Обамаға: «Егер «әл-Қаида» сіздің қалаларыңызда жүрсе не істер едіңіз, президент Обама? Не болса да, сізді бұдан былай да өз ұлымдай жақсы көре беремін» деген сөздерін арнапты.
XS
SM
MD
LG