Accessibility links

"Байланыс, жарық жоқ, дәрі-дәрмек қат". Ресей басып алған Бердянск қаласының жай-күйі


Азаттық тілшісі Бердянск қаласының орталығындағы алаңда тігулі тұрған Украина туын қара күләпара киген екі баланың жұлып алғанын көорген.
Азаттық тілшісі Бердянск қаласының орталығындағы алаңда тігулі тұрған Украина туын қара күләпара киген екі баланың жұлып алғанын көорген.

Ресей әскері Украинаның Бердянск қаласын соғыстың басында-ақ бақылауға алған. Қаланы телефон байланысынан ажыратып, көшеге күзет қойған. Коммендант сағаты тәртібін енгізіп, Ресей телеарналарын қосқан. Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі қаланың қазіргі тіршілігін көріп қайтты.

Бердянск көшесін Ресей әскері күзетіп жүр. Ұялы байланыс істемейді. Теледидардан Ресей арналары ғана көрсетіледі. Азов теңізі жағасында орналасқан қала тұрғындарының балық аулауына шектеу қойылған. Қала мэрі жоғалып кеткен. Наурызда Ресей әскері оккупанттарға қарсы митингіде оқ атқан соң наразылықтар да сиреген. Міне, Украинаның Бердянск қаласының қазіргі өмірі осындай.

Бердянск қаласы босап қалған Мариупольдің батысында, Ресей қолындағы Қырым мен Украинаны байланыстырып тұрған жермойнақтың шығысында орналасқан. Ресей әскері Украинаға шабуыл жасаған соң төрт күннен кейін қаланы басып алған. Өткен айда Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Виктория Рощина жүз мың халқы бар қалаға барып қайтты.

Ресейдің бақылау бекеттерінен өткен соң оны Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) бір апта қамауда ұстап, Украина қауіпсіздік қызметінің жалшысы деп атаған.

Қалада Ресей әскери техникасы көп. Ресей күштері үкімет ғимараттарын басып алып, жедел базаға айналдырған. Сондай-ақ қала көшесіне күзет қойған.

Бердянскіде қазір табиғи газ да, мобильді байланыс та жоқ. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай қат. Алыстан жарылыс дауыстары естіліп жатады. Қаланы оккупациялаған әскери қызметкерлер өз арасындағы командирді мэр деп атап жүр.

Оккупацияға қарсы шыққан адамдарды ұстап, тұтқындап жатыр. Сөз еркіндігі де тұншығып жатыр: әскер жергілікті радиостанцияны басып алған, ал теледидардан тек Ресей арналары көрсетіледі.

Азаттық тілшісі Украина үкіметінің қолындағы Запорожьеден Бердянск қаласына бара жатқанда Ресей әскері бақылауындағы жиырмадан астам бақылау-өткізу бекетінен өткен. Олардың көбінде Шешенстан әскері мен Донецк облысының сепаратистері тұрған.

Сондай бақылау бекеттерінің бірінде ер адамдарды шешіндіріп, денесіне Украина күштерінің белгісін татуировка қылып салған-салмағанын, ал саусақтарында оқ-дәрі ізінің бар-жоғын тексеріп жатыр. Сондай-ақ ұялы телефон мен басқа заттарды да тексереді.

Бердянскіден жүз шақырым жердегі Пологи қаласында біршама Ресей әскері жиналған. Шешен әскері агрессия көрсеткен. Телефонынан Украина шекарашысының Қара теңіздегі Ресей әскери кемесін сыбаған мем табылған, шекарадан өтпек болған бір адамды түрмеге отырғызатынын айтып қорқытып, азаптаған.

Бақылау бекетінде тұрған сарбаздардың бірі Азаттық тілшісіне әлі әйел тұтқындардың болмағанын айтып, оны ұстап алмақ болған. Бірақ ақыр соңында өткізіп жіберген.

Бердянск қаласына отыз шақырым қалғанда мобильді байланыс істемей қалады. Жергілікті тұрғындар Ресей әскерінің қалаға Ресей байланысын орнатып, SIM-карта таратуға уәде бергенін айтады. Біреу "Қазір әлемнен оқшауланып отырмыз" дейді.

Телефон байланысы болмаған соң қала тұрғындары жедел жәрдем шақыра алмайды. Ауруханадағылар дәрі-дәрмек жеткілікті болғанымен, бұл көпке созылмағанын айтады. Дәріханаларда да препараттар жетпей жатыр дейді.

Бердянскідегі дәріхана сатушысы Галина Бойко.
Бердянскідегі дәріхана сатушысы Галина Бойко.

"Жеткізушілер ештеңе әкелмей жатыр. Өзіміз [әкеліп] көрдік, бірақ аз ғана мөлшерде ғана шығып жатыр. Сұранысқа ие дәрі-дәрмектің ешбірі жоқ. Енді не болатынын білмеймін" дейді жергілікті дәріханашы Галина Бойко.

Газ болмағандықтан электр желісіне көп күш түскен. Сөйтіп, электр жарығы жиі сөніп қалатын болған.

Нан шығаратын және ет өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр, бірақ онда да азық-түлік жетіспей жатыр.

"Дүкендер бос тұр. Делдалдар тым қымбатқа сатып жатыр... базарда да бәрі қымбат" деді тұрғындардың бірі.

Банк алдында да кезек қалың. Бірақ олар банкке емес, Wi-Fi желісіне қосылуға келген. Ресей сарбаздары да байланысқа қосылу үшін сол жерге барып тұрады.

Банктер жұмыс істемейді. Тұрғындардың кейбірі қалаға Ресей әскері кірмей тұрып зейнетақысын ала алмаған. Тұрғындарға бір банктен ақша шешіп алуға болатынын айтқан, бірақ ол үшін мобильді қосымшаға кіру керек.

Адамдар қайда барып көмек сұрарын білмейді. Кейбірі Ресей билігіне, кейбірі әскерилер қолына өтпеген әлеуметтік бюроға барып жатыр. Мариупольға жетпей қалған гуманитарлық көмекті осы жерде халыққа таратады.

Ресей әскері басып алған Украинаның Бердянск қаласы. 2022 жылдың көктемі.
Ресей әскері басып алған Украинаның Бердянск қаласы. 2022 жылдың көктемі.

Қаладан кеткісі келгендерге тек Ресей оккупациялаған Қырымға ғана бара алатынын айтқан.

Тағы бір қат тауар – ақпарат.

Қаланы басып алған соң Ресей күштері бірден жергілікті журналистерге барған. Оларды қамауға алып, тұтқында ұстаған, қысым көрсетіп, әріптес болуға көндіруге тырысқан. Әскерилер жергілікті басылым басшысын соққыға жыққан.

"Олардың телефондарын, құжаттарын алып кеткен, компьютерлерін тінтіген" дейді жергілікті белсенділердің бірі. Оның сөзінше, қалада тек Ресей телеарналарын көріп, ресейлік радионы тыңдауға болады.

Қаладағы жастар орталығы босқындарға көмек көрсету орнына айналған. Онда негізінен Мариупольден келген адамдарға жылы киім-кешек пен қажет заттар, қандай да бір кеңес береді.

Орталық директоры Олег Балабан жұмысшылар келген адамдарға оларды ешкім ұмытпағанын көрсетуге тырысып жатыр дейді.

Бердянскідегі балалар мен жастар орталығы директоры Олег Балабан.
Бердянскідегі балалар мен жастар орталығы директоры Олег Балабан.

"Біз ғана емес, бүкіл ел осылай күн көріп жатыр, – деді Балабан. – Тұрғындар өзін жақсы сезінуі үшін қолымыздан келгенінің бәрін істеп жатырмыз".

Бірақ бәрі жақсы емес екеніне дәлел жетіп артылады.

Қала мэрі жоғалып кеткен. Қалалық кеңестің бұрынғы мүшесі Владимир Безверхный кей әріптестерінің жоғалып кеткені жайлы хабарлама тарағанын, бірақ нақты айту қиын екенін мәлімдеді.

"Бір сөзбен айтқанда, бұл – соғыс, – деді ол. – Өкінішке қарай, ең қатты жапа шегетіндер – ең әлсіздер мен қолында қаруы жоқтар".

Қала ішінде үйін тастап босып кеткендерге арналған ондаған лагерь құрылған.

Мариупольден келген 25 жастағы Кирило өзі құрылыптас адамдардың көбі жарақат алғанын айтты. Бұл қала орыс басқыншылығынан қатты жапа шеккен. Адамдардың көбі бос қалған қаладан кетіп қалған, көбі қаза тапқан. Тірі қалғандар онда жантүршігерлік оқиғалар болғанын айтып жүр.

"Балалардың көбі не болып жатқанын түсінбейді. Негізінен, далаға шықпаған, қаланың қирағанын, атыс пен мәйіттерді көрмеген, – деді ол. – Бәрі адамның рухының мықтылығына байланысты, себебі кей ересектердің өзі үрейленіп, жылап, бұрыштарға тығылып жүрді".

Фамилиясын айтқысы келмеген Кирило өзі тұрған үймен бірге бірнеше көршісінің өртеніп кеткенін айтты. Бір ер адам үшінші қабаттың терезесінен секіріп тірі қалған, бірақ отбасын құтқара алмаған.

Тағы бір босқын адамдарды Мариуполь маңындағы ауылдардан Ресей мен сепаратистер қолындағы Донецк облысына әкетіп жатқанын айтты.

Бердянскіні оккупациялаған ресейлік билік жергілікті жұртты аулаған балығының 30 пайызын соларға беруді міндеттеп, "босқындарға қажет" деп түсіндірген. 2022 жылғы наурыз.
Бердянскіні оккупациялаған ресейлік билік жергілікті жұртты аулаған балығының 30 пайызын соларға беруді міндеттеп, "босқындарға қажет" деп түсіндірген. 2022 жылғы наурыз.

Салдарынан қауіптеніп, аты-жөнін толық атамауды сұраған Александр Бердянск қаласында жиырма жыл бойы балық аулаумен айналысқан. Ол қаланы оккупациялаған билік жергілікті жұртқа ауланған балықтың отыз пайызын оларға беруге міндеттеп, "босқындарға қажет" екенін айтты дейді.

Басқыншылық пен соғысқа наразылық ретінде ол балық аулауды доғарып, 23 ақпаннан кейін теңіз жағасына бармаған.

"Әзірге шыдап келеміз. Ресей федерациясымен келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз" деді ол.

ФСБ Бердянск қаласындағы аудандық әкімшілік ғимаратын басып алған. Ал Ресей әскері Украина қауіпсіздік қызметі [СБУ] ғимаратын, қала кеңесін, полиция учаскесі мен түрмені бақылап отыр.

Олар полиция ғимаратына "Әскери қолбасшылық" деген жазу іліп қойған. Ресей сарбаздары қала орталығын күзетіп жүреді. Қалада комендант сағаты тәртібі енгізілген.

Ресей командирі Александр Сауленко гуманитарлық көмек келіп жатқанын айтып, коммуналды қызметтің жұмысын жарнамалап отырады. Ол қалада жаңа кеңес құрылды дейді.

Бүкіл қала бойынша ілінген хабарламаларда "Ресей Украина халқымен шайқасып жатқан жоқ", "Ресей сендерге бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді" деген жалған мәлімет айтылады. Ал кейбірі Украинаның демократиялық жолмен таңдалған үкіметіне сенбеуге шақырады.

Азаттық тілшісін қамауда ұстаған офицерлер оған "Украина енді жоқ" деп өтірік айтқан.

Оккупация басында Бердянск қаласының тұрғындары Ресей әскеріне қарсы жиі наразылыққа шықты. Бірақ наурыздың үшінші аптасында Ресей күштері оқ атқан соң ұйымдастырушылар мен белсенділер із-түссіз жоғалып кеткен. Қамауға алынған адамдарын кейбірін кейін босатқан.

Бердянскідегі шіркеулердің бірінің қасында Мариупольден босып келген адамдарға гуманитарлық көмек көрсететін орын ашылған.
Бердянскідегі шіркеулердің бірінің қасында Мариупольден босып келген адамдарға гуманитарлық көмек көрсететін орын ашылған.

"Оларды ұрып-соққан, жауап алған, электр тоғымен қинаған" деді митингіде болған жергілікті тұрғын. Ол Ресей күштерінен қауіптеніп аты-жөнін атамауды сұрады.

Азаттық тілшісі қаладан кетпес бұрын қара күләпара киген екі баланың орталықтағы алаңда тігулі тұрған Украина туын жұлып алғанын көрген. Ал әр бақылау бекетінде оған әскерилер "Украинаға неге барасыз? Осында қалыңыз" деумен болған.

Бақылау бекеттерінің бірінде Мариупольдан шыққан адамнан Запорожье қаласына неге бара жатқанын сұрады. Оны Украина бақылауындағы қалалар Мариупольдің кейпін киеді деп қорқытты.

Бердянск қаласындағы тағы бір балықшы Сергей әріптестерімен тағы бір ай шыдай алатынын айтты. "Ресей федерациясымен әріптес болмаймыз" деді ол.

Азаттықтың Украина қызметінің тілшісі Виктория Рощинаның материалы бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG