Accessibility links

"Камера алдында қуану, әскерден қашу және экономикалық тоқырау". Донбасс халқы соғысты қалай өткеріп жатыр?


Мариуполь қаласынан кетіп жатқан адамдар. 20 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласынан кетіп жатқан адамдар. 20 наурыз 2022 жыл.

Донбастағы өзін тәуелсіз республика деп жариялаған облыстар соғыстың психологиялық, экономикалық және әскери салдарын сезініп жатыр.

"Пасечник пен басшылар не айтып жүргенін, олардың Ресейге қосылу туралы қандай референдумды меңзеп отырғанын түсінбеймін?! Сайлаудың бәрі мектепте өтеді. Қазір мектептер босқындарға лық толы. Қаламыз шағын. Бізге Мариупольден келген 200 және 250 адамнан тұратын екі босқындар тобының өзі тым көп. Қазір мектеп директорлары әжетхана, душ дайындап жатыр. Адамдарға жуынатын жер керек қой… Асханалар сонша адамға тамақ тауып беруі қажет. Қайдағы референдум? Аудандық аурухана Горловканың түбінде жараланғандар, ресейліктер мен жергілікті тұрғындардан босамайды. Күзет қойылған қабатта жараланған украиналық жауынгерлер жатыр" дейді Киевтің бақылауына кірмейтін Донецк облысындағы Харцызска қаласында тұратын шенеуніктердің бірі.

27 наурыз, жексенбі күні өзін өзі жариялап алған "Луганск халық республикасы" (ЛХР) сепаратистік құрылым басшысы Леонид Пасечник өзін тәуелсіз республика деп жариялаған территориялар Ресей федерациясына жедел қосылу туралы референдум өткізетінін хабарлады. Әдетте мұндай мәлімдемелер Мәскеуден түскен бұйрық негізінде жасалады және Донецк, Луганск халық республикаларында қатар жүзеге асады. Украина зымыран шабуылының астында қалып, елдің оңтүстігі, солтүстігі мен шығысында соғыс жүріп жатқанда, ЛХР мен ДХР-да өтетін референдум жаңа салмақты қауіп деп бағалауға келмейді.

Мәскеу референдум арқылы "әскери операциядағы" Донецк және Луганск облыстарын Ресейге қосып алу деген жаңа мақсатын белгіледі. Алдағы уақытта саяси және әскери сәтсіздіктер көбейсе, осыған дейінгі өзге жоспарлар сияқты бұл мақсат та қайта қаралуы мүмкін.

Мариуполь қаласында қаза тапқандарды жаппай жерлеу. 9 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласында қаза тапқандарды жаппай жерлеу. 9 наурыз 2022 жыл.

"Босқындардың жайы қиын, бәрі бір күнде далада қалған адамдарға қолынан келгенше көмектесуге тырысып жатыр. Оларды тексеру үшін полицияға апарады. Босқындардың бір бөлігі тіркеуге тұрғысы келмейді, жолын тауып, Украинаға кетеміз деп үміттенеді. Қырымға немесе сол жақ арқылы басқа қалаға қашқан үш отбасыны білемін. Қазір бәрі түсініксіз. Қала қаңырап бос қалды, ер адамдар әскерден қашып жүр. Мобилизацияның екінші толқыны басталған жоқ, 55 жастағы таныстарым әлі әскерге шақырылған жоқ" дейді Харцызск қаласындағы ақпарат көзі.

Ондаған мың босқынды толықтай қиратылған Волновахи және Мариуполь қалаларынан алып кетіп, оларды бірнеше елдімекендегі мектептерге орналастырудың экономикалық және гуманитарлық салдары байқала бастады: ДХР кәсіпкерлерді тағы да уақытша Украина гривенін қабылдауға міндеттеді. Өйткені басқа қалалардан келген босқындардың гривеньнен басқа ақшасы жоқ.

"Бұл сұмдық қой, не бізде, не Ростовта гривеньді жақсы бағамда табу қиын. Гривеньді барлық жерде бірдей ауыстырмайды, ақша қабылдайтын жер табылған күннің өзінде арзан бағамда алады. Тауарларды бұрынғыдай Ростов қаласындағы көтерме базалардан рубльге сатып аламыз" дейді Макеевкадағы сауда нүктесінің қожайыны.

Қазір Донецк, Макеевка және Горловкада мобилизацияның екінші толқыны жүріп жатыр: енді 65 жасқа дейінгі адамдарды да соғысқа әкетуге болады. Медбикелер мен дәрігер әйелдер де әскерге шақырылып жатыр. Донецкіде үш баланың анасы, қалада сирек кездесетін кәсіби эндокринолог дәрігерге әскери комиссариаттан шақырту келген. Бұл оқиға қоғамдық резонанс туғызды. В.К.Гусак атындағы жедел және қалпына келтіру хирургиясы институтында бұл маманның қабылдауына бірнеше апта бұрын жазылу керек. Донецкіде сегіз жылға созылған тоқырау мен мамандардың жаппай сыртқа ағылуынан кейін санаулы дәрігер ғана қалған. Жақсы дәрігерлердің телефоны қымбат валютамен пара-пар. Енді осындай бағалы дәрігерді майданға әкеткелі жатыр.

"Жұмыста соғысты талқыламаймыз және бұл мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінен қорыққанымыздан емес. Мобилизация барлық мәселеден асып түсті, қазіргі ең өзекті тақырып – осы. Әскерге шақырту кез келген адамға келуі мүмкін" дейді ДХР үкіметі аппаратының қызметкері.

Мемлекетке еңбегі сіңген, кәсіби мамандардың өзі әскерден босатылмайды. Жауынгерлер қатарына шақырылғандар тізімінде прокуратура, үгіт-насихат және пропаганда бөлімінің қызметкерлері, металлургтер мен кеншілер де бар. Мәскеудегі жетекшілер Ресейдің бақылауындағы территориялардың экономикалық жағдайына мүлде алаңдамайды. Олардың басты міндеті – қарапайым азаматтар есебінен майданға қосымша күш жіберу, қантөгісті қамтамасыз ететін жаңа бағыттар ашу.

Макеевка мен Донецкінің мөлтекаудандары мен жұмысшы ауылдарында өзара көмек желілері құрылып жатыр. Олар әскери патруль мен мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің азаматтық киімдегі өкілдерін анықтап, ер азаматтарды жасыруға көмектеседі. Қазір әскерге шақырылған азаматтарды іздеп жүргендер көп.

"Ағам 10 күн бұрын көшеде жоғалып кетті, содан бері хабар ала алмай отырмыз. Кеше хабарласып, жиырма секунд ғана сөйлесті. Тірі екенін, Украинада Николаевка маңында жүргенін айтып үлгерді. Не істерімді, ағамның жайын кімнен сұрарымды білеймін" дейді Татьяна.

Татьяна 24 ақпанға дейін Донецкідегі халықаралық миссиялардың бірінде жұмыс істеген. Бірақ енді Татьянаның ЕҚЫҰ, БҰҰ, Халықаралық Қызыл крест сияқты ұйымдармен байланысынан еш қайыр жоқ. Өйткені қазір Донецкіде аталған ұйымдардың ықпалы жүрмейді, олардың қандай да бір ақпарат алуға да шамасы жетпейді. Донбаста 2014 жылдан бастап құрылған делдалдар мен халықаралық бақылаушылар жүйесі енді жұмыс істемейді.

Халықаралық миссия құрамында істеген Татьянаның жағдайы осы болса, 2022 жылдың 24 ақпанына дейін ешқандай басымдыққа ие болмаған қатардағы азаматтардың күйі жөнінде не айтуға болады?

"Ауылда амалдап, тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз: ер азаматтар велосипедпен жүретін болды, кешкісін қолдарына шам алып, шаруаларымен шығып кетеді. Жолдың бәрі шұрқ тесік, Макеевкадағы жағдай мәз емес. Қазір бәрі "ТикТок" қарайды: онда біздің адамдар туралы видеолар жиі кездеседі. Қазір Сумнан Николаевкаға дейінгі барлық жерде біздің тұтқындар жүр. Видеода көрсетілген азаматтардың бірі біздің ауданда тұрады, оны бәрі таниды. Қазір ол Херсонға апаратын жолдың бойында камерада отыр. Достарымыздың баласы ішкі істер министрлігінің академиясында оқиды. Олардың отряды Мариупольге кіреберісте болат құятын жұмысшыға арналған ескерткіш жанында тұр. "Жастардан құралған арнаулы жасақ" отырған автобус минаның үстімен жүріп, жарылыс екі жігіттің аяғын жұлып әкеткен. Оларды тікұшақпен Донецкіге жеткізбек болған, бірақ жігіттер жолда көз жұмған. Күн сайын біреу жараланып не қаза тапқанын естиміз. Досымыздың баласы хабарласады, бірақ оқ пен зеңбірек үнінен дауысы дұрыс естілмейді! Оқу-жаттығуының түрі – осы" дейді Макеевка тұрғыны Андрей.

Өзін тәуелсіз республика деп жариялаған территорияларда интернетке қолжетімділік Ресеймен салыстырғанда жақсы: әзірге Instagram да, YouТube та жұмыс істеп тұр, сегіз жыл ішінде адамдар VPN пайдалануды да үйренген. ДХР-дан майданға жіберілген азаматтарға 1971 жылы шыққан болат каска, әлсіз бронежилет берілген, оларға азық-түлік те дұрыс жеткізілмейді. Әскерге алынғандарды Мариупольдің айналасындағы блокпосттарға, Запорожье облысындағы полицияның жазалау отрядына пайдаланып жатыр. Сум және Николаев облыстарында шабуылға немесе маңызды жолдар торабын күзетуге осындай әскери дайындығы жоқ, қарапайым азаматтарды жібереді. Олар Украина күштерінің соққысына ұшырайды.

Осындай хабарлардан кейін халық әскерге барудан ат-тонын ала қашады.

"Мектепте Украинаны жақтайтын үш мұғалім бар. Басқалары әлдеқашан кетіп қалған не зейнетке шығып кеткен. Қалған мұғалімдер соңғы сәтке дейін көптің қатарында жүрді. Енді олардың күйеулері мен балаларын соғысқа алып кете бастады. Арасындағы белсенділері әскерге шақырылған ұлдарын жеке секторға жасырып қойды. Мұны бәрі біледі, бірақ айтпайды. Бұл үнсіздік ұжымнан біреу өлтірілгенше жалғасады деп ойлаймын. Өткен аптада камера алдында Гранитное ауылының тұрғындары болып, өзі тұратын аумақтың азат етілгеніне қуанған кейіп танытуға еріктілерді жинады. Бізден екі адам ғана жазылды. Олар 18 наурыз күні митингіге барып қайтты. Бұл шара Қырымды қосып алу мерейтойымен байланысты болса керек" дейді Куйбышев ауданындағы мектептердің бірінде істейтін, аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген мұғалім.

18 наурызда Гранитное ауылында өткен митингіге Донецкінің әр ауданынан 50 адамнан жинағанын аудандық атқару комитетіндегі ақпарат көзі де растады. Донецк үшін қаһармандарды жерлеу рәсіміне немесе митингіге адам жинау – қалыпты жағдай. Бірақ қазір бұл тәжірибе оккупацияланған территорияларда қолданылып жатыр. "Донецк республикасы" қоғамдық қозғалысының пропагандистері Мәскеудегі жетекшілерінің алдында Украинаны қолдайтын митингілер өтіп жатқан Мелитополь, Каховка, Херсонмен салыстырғанда жақсы жұмыс атқарғанын мақтан тұтады. Ұйым мүшелері Украина гарнизоны бір аптадан бері қоршауда соғысып жатқан Мариупольден "Единая Россия" партиясының өкілдігін ашқан. Ғимарат жанындағы трасса бойында Ресей әскері басып алған аудандарда тұратын адамдарды эвакуациялау жүріп жатыр: пропагандистер ары-бері өткен жүргіншілерге телефонын қуаттап, үгіт-насихат материалдары мен гуманитарлық көмек алуды ұсынады.

Бастапқыда Донецкідегі жергілікті шенеуніктерге берілген бұйрық бойынша, әскерге шамамен 55 мың адам шақырылуы керек еді. Қазірге дейін әскерге қанша адам алынғаны белгісіз. Ер адамдар көшеге шықпауға тырысады, тіпті су алуға да бармайды. Олар су көтерген әйелдерін подъезден күтіп алады. ДХР қалаларында әлі күнге су жоқ.

Донецк іргесінде үш аптадан бері ұрыс жүріп жатыр. Жергілікті "мамандардан құралған" жаяу әскерді Марьинка мен Авдеевкаға қарсы шабуылдың алдыңғы шебіне қойған. "Град" пен артиллерия дауысы бәріне естіледі. Ал қаза тапқан азаматтарды жерлеу рәсімі ың-шыңсыз тыныш өтеді.

Донецк түнде ғана емес, күндіз де бос қалғандай көрінеді. Ара-тұра қолына құжат ұстаған ер адамдар өтеді. Олар әскерден босатылғанын растайтын құжатпен жүреді. Тұрғындардың жүйкесі әбден жұқарған: "әскери операция" теледидардан уәде етілгендей жақсылық әкелген жоқ. Ел аузынан Мариупольдің толықтай қирағанын естіген жұрт соғысқа кеткен азаматтардан хабар күтеді. Бірақ жауынгерлер хабарласа алмайды, өйткені әскерге барған бірінші күні олардың телефонын алып қояды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG