Accessibility links

Ресейдің "екпе дипломатиясы", Қытайдың "лас өндірісті экспорттауы" және Қазақстанды басып озатын Өзбекстан



Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 15 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 15 сәуір 2019 жыл.

Ресей коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының көмегімен Орталық Азияға ықпалын қайта арттыруға талпынып жатыр. Ал Қытай жобасы аймақ экологиясына үлкен зардабын тигізуі ықтимал. Өзбекстан өңірдегі басты интеграциялық күшке айналуы мүмкін. Осы аптада шетел басылымдары не жазды?

АЙМАҚТАН ҚЫТАЙДЫ ЫҒЫСТЫРҒАН "СПУТНИК V"

Коронавирус пандемиясы кезінде Қытай Орталық Азия елдеріне көмектесу арқылы аймаққа ықпалын күшейте түскен. Енді өзінде жасалған "Спутник V" вакцинасы арқасында Ресей Орталық Азия үшін "бәсекеде" алдыңғы орынға шықты. Жапониялық Nikkei Asian Review басылымы осындай тұжырым жасады.

"Пандемия кезінде Пекин жұмсақ күшіне арқа сүйеп, инвестор және сауда әріптесі ретінде өз ықпалы үздіксіз артып жатқан Орталық Азия елдеріне медициналық тауар мен өзге де көмекті жеткізген. Ал бұл аймақты өз жерінің шеті деп үйреніп қалған Ресей вакцина көмегімен өзінің бар екенін тағы бір рет көрсетті" делінген басылымда.

Қазақстан – Ресейде шыққан "Спутник V" вакцинасын жаппай егуді ұйғарған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Мұның үстіне, Қазақстан Қарағанды фармацевтика кешенінде осы вакцинаны өзі де өндірмек.

Басылымның жазуынша, Қазақстанның "вакцина дипломатиясында" Ресейге бірден ойысуының екі факторы бар. Біріншісі – "Ресей оның басты саяси одақтасы, сондықтан олар Ресей вакцинасын ең басынан қабылдауға тиіспіз деп сезінеді". Бұл пікірді PRISM саяси тәуекелді басқару орталығының сарапшысы Бен Годвин айтқан.

"Ресей вакцинасын таңдауға ықпал еткен екінші фактор – Қазақстан қоғамының Қытайға күмәнмен қарауы. Соңғы жылдары Пекиннің ықпалына, Қытай экспансионизміне наразылардың қарсылығын көп байқап жүрміз. Демек, Қытайда өндірілетін вакцинаға да жаушыл көзқарас болатын сияқты" деп жазады Nikkei Asian Review.

Басылымның болжауынша, Қырғызстан жұрты да қытай екпесіне қарсы шығуы мүмкін, себебі мұнда да Қытайға наразылық байқалады. Былтыр қазанда елде бүлік болып, президент орнынан кеткен соң Қытай мен Қырғызстан арасы "күрделене түскен". Сол тұста қытай шахталары мен мұнай өңдеу зауытында "бопсалау мен қорқытып-үркіту болған". Қырғызстан әзірге ДДСҰ-ның табысы төмен елдерді екпемен қамтамасыз етуге арналған COVAX бағдарламасы аясында Oxford-AstraZeneca вакцинасын алуды жоспарлап отыр. Ресейдің "Спутник V" вакцинасы елде әлі тіркелмеген.

Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон жаңа жылмен құттықтауында елдің коронавирусты толық жеңгенін мәлімдеген. Соған қарамастан, бұл ел COVAX бастамасы аясында 1,8 миллион доза екпеге тапсырыс берген, әрі қазір Ресейдің "Спутник V" вакцинасын алуды ойластырып жатыр.

Ал Орталық Азия елдері ішінен Ресей вакцинасын алғаш мақұлдаған ел – Түрікменстан. Өткен аптада Ашғабатқа "Спутник V" екпесінің алғашқы легі жетті, мұнда вакцина егу 15 ақпанда басталмақ.

Орталық Азия елдерінен Қытайдың "ковид дипломатиясына" есігін ашқан жалғыз ел – Өзбекстан" деп жазады басылым. Себебі, "Қытаймен экономикалық қарым-қатынас президент [Шавкат] Мирзияевтің өзбек экономикасын дамыту жөніндегі амбициялық жоспарының маңызды бөлігі" дейді сарапшы Годвин. Дегенмен Өзбекстан халқының көпшілігі Covid пандемиясымен күресте Ресейге көбірек сенім артады деп жазады Nikkei Asian Review.

ҚЫТАЙ ЖОБАЛАРЫ АЙМАҚҚА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ ӘКЕЛМЕЙ МЕ?

Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылым жобасы Орталық Азияда табиғатты ластап, су тапшылығына әкелуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенген Eurasianet басылымы осындай болжам айтты. Квинсленд университетінің зерттеушісі Мелинда Дэвис пен Лондон Корольдік колледжінің ғалымы Натаниэль Мэтьюздің ғылыми журналдағы мақаласына сенсек, Қытайдың "шет-шегі жоқ, құбылмалы кластерлер жобасы" Совет заманындағы бөгеттер, шахталар және "апат әкелген мақта алқаптары" сияқты үлкен зиянын тигізуі мүмкін.

"Бір белдеу - бір жол" жобасын талқылау үшін Қытайға келген Орталық Азия елдерінің басшылары. 27 сәуір, 2019 жыл.
"Бір белдеу - бір жол" жобасын талқылау үшін Қытайға келген Орталық Азия елдерінің басшылары. 27 сәуір, 2019 жыл.

Авторлардың айтуынша, "кейде жемқорлыққа белшеден батқан елдерге" қаржы салатын бұл жоба "Орталық Азиядағы онсыз да тұрақсыз су жүйесіне қаншалық әсер етеді?" деген сұраққа аймақтағы елдердің үкіметтері де, Қытай да жауап бермеген.

"Жобаның жолындағы ең үлкен проблема – су болар... бірақ бұл жоба арқылы келетін даму және онымен бірге жүретін жылдам экономикалық өсім суды басқарудың онсыз да шашыраңқы әрі жарымжан жүйесіне ауыр соққы болып тие ме, жоқ па, анық болмай тұр" дейді ғалымдар.

Олардың айтуынша, Совет одағы тарағалы бері Орталық Азияның бес елі қат су ресурстары үшін өзара дүрдараз болып келеді. 2016 жылы Өзбекстанда билік ауысып, ең күрделі деген конфликтілер шешілгенімен, көп мәселе сол күйі қалып отыр. Бұл шиеленістің түйінін тарқатуға Қытайдың қауқары жетпейді. Оған себеп – "аймақтағы келісімдер жабық түрде жасалады, БББЖ мердігерлері арасында үйлесім жоқ, ал қытайлық девелоперлер олардың мақсатына деген скептицизм тым жоғары болған кездерде де қоғамдық пікірді ескере бермейтінімен белгілі" деп жазады авторлар. Олардың айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде-ақ шекараның арғы бетінде Ертіс пен Іле өзендерін қолдану мәселесіне алаңдап отыр.

Қытайдың басқа аймақтардағы осы тақылеттес жобаларын бажайлап, мамандармен, тараптармен сөйлескен ғалымдар оларда "болмай қоймайтын олқылықтардың" орнын толтыруға деген "байыпты ұстанымның" жоқтығын байқаған. Мәселен, өзеннің жоғары ағысында әлдеқандай үлкен жобаны жүргізген олар төменгі сағасындағы ауыл шаруашылығы алқаптарына су жетпей қалу қаупіне назар аудармаған. Оның үстіне, жобаға қатысты құжаттар мен ұсыныстардың бірде-бірінде су ресурстары және оларды басқару жайы қарастырылмаған" дейді ғалымдар.

Авторлар әсіресе цемент өндірісінің жосықсыз дамуынан қауіп етеді. "Қытай өз экономикасын дамыту мақсатында ауаны ең көп ластайтын өндірісін экспорттап жатыр ма деген қауіп бар" дейді олар. Мәселен, соңғы бес жылда Тәжікстанда цемент өндірісі он есе өскен, бірақ ел үкіметі "өндірісті реттеуге, азаматтық қоғам өкілдерін келіссөзге шақыруға еш ниет танытып отырған жоқ" делінген мақалада.

Авторлар Қытайдың суды тиімді пайдалану тәжірибесін Орталық Азияға алып келеріне күмәнмен қарайды.

"ӨЗБЕКСТАН БАСТЫ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛУЫ ЫҚТИМАЛ"

Өзбекстан Қазақстанның алдын орап, аймақтағы басты интеграциялық күшке айналуы ықтимал, оған бұл жолда Қытай көмектесуі мүмкін. Сарапшылар Натан Хатсон мен Марша Макгро Олив Eurasianet сайтындағы мақаласында осындай тұжырым жасайды. Өзбекстанның жетекші орынға шығуына мүмкіндік беретін бірнеше фактор бар.

Ең біріншісі – адам капиталы. Шамамен 33,5 млн халқы бар Өзбекстан – "адамдар шашырай қоныстанған" Орталық Азиядағы халқы ең көп ел. Бұған қоса, еңбек жасындағы жастарының үлесі және еңбек күшінің арзандығы жөнінен де Ташкент басқалардан алда тұр. "Қытай инвесторлары Өзбекстанның өндіріс секторындағы жалақының төмендігіне де қызығады" дейді авторлар.

Солдан оңға: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 21 мамыр 2017 жыл.
Солдан оңға: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 21 мамыр 2017 жыл.

Тағы бір маңызды фактор – Қытай инвестициясына деген халықтың көзқарасы. Таяуда жүргізілген Central Asia Barometer сауалнамасына сүйенген авторлар Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда, Өзбекстанда Қытайға деген күдіктен гөрі үміт басымдау деген болжам айтады. Сауалнамаға қатысқан өзбектердің 75 пайызы "Қытай инвестициясы жұмыс орындарын ашуға көмектеседі" дегенге аздап сенетінін айтқан. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш тек 24 пайыз болған.

Оның үстіне, "қазіргі экономикалық климатта Қытайдың өндіріс компанияларымен әріптестік орнатуда Қазақстанға қарағанда Өзбекстанның позициясы күштірек" дейді автор. Бұған себеп – "орта табысты елдердің алдыңғы легіндегі" Қазақстанның экспорт "кәрзеңкесі анағұрлым қарабайыр".

"Әртараптандыру әрекеттеріне қарамастан, Қазақстандағы өндіріс тоқырап тұр. Қазақстан ресурс рентасына байланған жоғары жалақылы, орта табысты елдердің тұзағына түскені айқындалып келеді. Соның салдарынан оның экспорттағы бәсекеге қабілеті төмендеген" деген авторлар Нұр-Сұлтанның шикізат экспорттаумен шектеліп қалғанын алға тартады. Есесіне, Өзбекстанның автокөлік өндірісін жандандыруға мүмкіндігі бар дейді олар.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен түскелі бері "Қазақстанның лидерлік позициясы айқын болмай қалды". Ел басшылығы Қазақстанның "құрлықаралық транспорт дәлізіндегі рөлін пайдаланып, аймақтағы экономикалық байланыстардан гөрі Ресеймен және Қытаймен екіжақты қарым-қатынасты жақсартуға басымдық берді" дейді ғалымдар.

Оның үстіне, Өзбекстан Қазақстан мен Ресейдегі және бүкіл Орталық Азиядағы өзбек диаспорасы "экономикалық кластерінің" "игілігін көріп отыр". "Шашырап жатқан өзбек халқы Еуразия интеграциясының айрықша векторын құрды" дейді авторлар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG