Accessibility links

Мәскеудің "көңілін қалдырған" Нұр-Сұлтан және Ресейге ағылған Қазақстан жастары


Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыдағы аймақаралық ынтымақтастық форумында. 7 қараша, 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыдағы аймақаралық ынтымақтастық форумында. 7 қараша, 2019 жыл.

Қазақстанның Еуразия одағын "саясиландырмау" туралы мәлімдемесі Кремльдің көңілін қалдырды ма? Елдің білімді жастары неге шетелге жаппай көшіп жатыр? Криптовалюта өндірушілердің Қытайдан Қазақстанға ойысу себебі не? Бұл аптада батыс басылымдары осы тақырыптарды сөз етті.

"БЫЛЫҚҚА АРАЛАСҚЫСЫ КЕЛМЕЙТІН" ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) "саясиландырмау" туралы Ресейге қарата айтылған мәлімдемесі жақын одақтас саналатын Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасындағы дипломатиялық тартысты анық аңғартса керек. Шетел басылымдары өткен аптада бұл оқиғаға әркелкі баға берді.

3 маусымда Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Батыстың Ресей мен Беларуське салған санкцияларына Еуразия экономикалық одағының бірлескен жауабы пысықталып жатқанын айтқан. "Үшінші елдердің ЕАЭО [мүшелеріне] қарсы достыққа бастамайтын санкциялық әрекеттеріне қарсы жауап шаралары күн тәртібіне қойылды, бұл мәселе қаралып жатыр және қарала бермек" деген ол. Бұған жауап берген Қазақстан "ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестер тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды қолдайтынын" айтып, бірлестікті "саясиландыруға қарсылық" білдірген.

Еуразия экономикалық одағы саммитіне қатысушылардың ресми фотосы. Сочи, Ресей. 14 мамыр, 2018 жыл.
Еуразия экономикалық одағы саммитіне қатысушылардың ресми фотосы. Сочи, Ресей. 14 мамыр, 2018 жыл.

Қазақстан тарапынан "қолдаудың жоқтығы Ресейдің көңілін қалдырары анық" деп жазады Eurasianet бұл жөнінде.

Автордың жазуынша, Қазақстанның жауабы "қарапайым, яғни бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ, тұрмайды да".

"Дегенмен, ЕАЭО мүшелеріне бұл ауқымды геосаяси тартыстан тыс қалу қиын болып бара жатыр. Әсіресе Қазақстанның валютасы Ресей рублінің ықпалына көп түседі. Ресейдің импортты алмастыру бағдарламасы кесірінен болған инфляция қысымы соңғы жылдары азық-түлікті солтүстік көршісінен көбірек алып жүрген Қазақстанда да байқалады" деп жазады басылым.

2014 жылы құрылған Еуразия экономикалық одағына Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан кіреді. Қазақстандағы сарапшылар бұл одақ құрамында болудың экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін жиі айтады.

Дегенмен, автордың айтуынша, Мәскеу санкцияға жауап беру мәселесі бойынша одақтастарына қатты тізе батырып отырған жоқ.

"Алайда, (кей сарапшылардың болжағанына қарамастан), Кремль Батысқа қарсы біртұтас майдан ашу бойынша серіктестеріне қатты қысым жасап отырған жоқ сияқты. Оның себебі, олар бұл әрекеті сәтсіз болатынын білетін тәрізді" деп жазады Euraisanet.

"Адам құқықтары ахуалы жылдам нашарлап жатқан Беларусь өрт ошағында тұрған қазіргі сәтте Ресей блок мүшелері арасындағы ынтымақ риторикасын басқа бағытқа бұру мүмкіндігін байқағанға ұқсайды. Нұр-Сұлтанның әбжіл қарсы жауабы [Мәскеуді] қуантпасы анық" дейді автор.

Америкалық Diplomat Нұр-Сұлтанның Мәскеудің санкция салған елдерге "бірлескен жауап" туралы мәлімдемесіне реакциясын "қатаң жауап" деп сипаттайды.

Автор Кэтрин Путцтың ойынша, Қазақстан Батыстың санкцияларын саяси негіздегі әрі ЕАЭО-ға емес, нақты елдерге қарсы бағытталған нәрсе, демек ол "Еуразия одағының мәселесі емес" деп түсінген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің "бірлескен жауап" туралы мәлімдемесі "Ресей мен Беларусьтің әсіресе Протасевич (Беларусь жолаушы ұшағын күштеп қондыру арқылы тұтындаған оппозициялық журналист – Ред.) ісі бойынша оқшауланып жатқанын аңғартады. Қазақстанның қатаң қарсылығы Нұр-Сұлтанның Ресеймен жақын саяси, экономикалық және мәдени байланыстарға қарамастан, Еуропадағы бұл былыққа араласқысы келмейтінін білдіреді" деп жазады Путц.

ТАЛАНТТЫ ЖАСТАР РЕСЕЙГЕ КЕТІП ЖАТЫР МА?

Diplomat Қазақстандағы өнерлі де білімді жастардың шетелге жаппай көшіп жатқанына тоқталып, бұл миграцияның себептерін анықтауға тырысқан.

Автор бұрынғы Совет одағы елдері ішінен алғаш болып халықаралық "Грэмми" музыка жүлдесін жеңіп алған павлодарлық Иманбек Зейкеновтің Ресейдегі компаниялармен келісім-шартқа отырғанын және Ресейдің үміт күттері жастары рейтингіне енгенін мысалға келтіреді. Оның жазуынша, "қазақстандық әртістер Ресейдегі басқа әртістермен араласып, этностық және ұлттық даралығын жоғалтады әрі Қазақстанның емес, Ресейдің жұмсақ күшін арттыра түседі".

Әңгіме тек өнер адамдары туралы ғана емес, жалпы білімділердің кетуі туралы болып тұр.

Автор мәжіліс депутаты Александр Милютиннің деректерімен бөліседі. Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстаннан шетелге біржола көшіп кеткендер саны артқан. Депутаттың дерегі бойынша, сыртқа кеткендердің 54 пайызы университетте білім алған жоғары білікті маман. Шетелге қоныс аударатындар саны жыл сайын өсіп барады. Олардың 90 пайыздайы Ресейді таңдаған. Қазақстандықтар көп көшкен өзге елдер қатарында Германия мен Польша бар.

Автордың айтуынша, "Қазақстанның ұлт құрылысына басымдық беруі және жалпы саяси-экономикалық жағдай елдегі аз ұлттарды қанағаттандырмайды, олар басқа елдерде, соның ішінде өз атажұртында мүмкіндік көбірек деп ойлайды".

Білімді жастарды шетелге кетуге мәжбүрлеп жатқан және бір фактор – елдегі білім және жұмысқа орналасу мәселелері. Қазақстанда 100-ден аса жоғары оқу орны болса, солардың тек екеуі ғана университеттердің әлемдік рейтингіне кірген. "Оның үстіне Қазақстан университеттеріндегі оқу ақысы біршама қымбат, Ресей, Чехия және Қытайдағы мүмкіндіктермен салыстырсақ, Қазақстанда білім алу тіпті мүмкін емес сияқты көрінеді" дейді автор.

"Қазақстандағы ақыл-ойдың Ресейге жылыстауы түсінікті де болжалды жайт болса керек, себебі Ресей – білімді де білікті адамдар үшін көбірек мүмкіндік беретін үлкен ел. Бірақ бұл тренд жалғаса берсе, Қазақстанның ең озық та ақылды адамдары Қазақстанға зиян келтіріп, Ресейдің болашағын жарқын ете бермек" деп қорытады Diplomat.

ҚЫТАЙДАН ҚАЗАҚСТАНҒА ОЙЫСҚАН "КРИПТОМАЙНЕРЛЕР"

Fortune сайтының жазуынша, криптовалюта өндіретін компаниялар Қытайдан Қазақстанға ауысуға ықылас таныта бастаған. Дегенмен, таза энергияны қолдайтын бәсекелестер болса, Қазақстанда энергияның көбі көмірден алынатынын айтып, бұларды сынауға бейім.

Криптовалюта майнингі – аса күрделі математикалық есептерді шешу жолымен жаңа монета жасап шығару процесі. Бұл іске аса қуатты есептегіш құралдар, жылдам интернет және өте көп электр энергиясы қажет. Сондықтан "майнерлер" крипто-майнинг қызметін ұсынатын хостинг провайдерлерін іздеуге мәжбүр. Олар үшін электр энергиясының неғұрлым арзан болғаны тиімді, сонда криптовалюта өндіру шығыны да, тарифі де арзан болады.

Криптовалюта – цифрлық валютаның бір түрі, оның материалдық не электрондық формасы жоқ, ол – белгілі бір есептік бірліктер жиынтығы. Биткоин – әлемдегі ең әйгілі криптовалюталардың бірі.

Криптомайнерлердің Қытайдан көшуіне саяси жағдай себеп болған. 21 мамырда Қытай мемлекеттік кеңесінің отырысында елдің вице-премьері Лю Хэ әлеуметтік және қаржылық тәуекелі көп болғандықтан, криптовалюта өндіруге және оны саудалауға шек қоюға шақырды. Сол оқиғадан соң елдегі компаниялар тарифті өсіріп жіберген.

Криптовалюта өндіру орталығының ішкі көрінісі. Көрнекі сурет
Криптовалюта өндіру орталығының ішкі көрінісі. Көрнекі сурет

"Қытай жоғалтқан нәрсе оның батысындағы көршісі Қазақстанға тиімді болуы мүмкін" деп жазады автор. Қазақстандағы бірнеше майнинг операторы Қытайдағы өндірушілерден көп ұсыныс түсе бастағанын айтқан.

Қытайдағы осы мәлімдемен бір апта өткен соң Қазақстандағы крипомайнинг провайдері Xive-тің негізін қалаушы Дидар Бекбауов Twitter-де "Қытай майнерлерінің Қазақстанға миграциясы" басталатынын айтты.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы криптовалюта өндірушілердің 10-20 пайызы Қазақстанға ойысуы мүмкін. Қытайдағы биткоин өндіруші майнерлердің 36 пайызы Қазақстанмен шекарадағы Шыңжаң ауданында орын тепкен, сондықтан, оларға құрал-жабдықты бергі бетке өткізу әлдеқайда жеңіл.

Әзірге бұл ықтимал "крипто-миграцияның" экономикалық, қаржылық, әлеуметтік және демографиялық ықпалы туралы болжамдар жоқ.

Автордың жазуынша, Қазақстандағы майнинг орталықтары "өте арзан электр энергиясын ұсынады", бұған ең алдымен энергияның көмірді пайдаланатын станцияларда өндірілуі себеп болса керек. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан үкіметі сәуір айында электр энергиясының тарифін 15 пайызға өсірген, бірақ мұның салыстырмалы түрде арзан, "бұл криптомайнерлерді Қазақстанда жұмыс істеуіне кедергі бола алмайды".

Бұған қоса, криптовалюта өндіретін майнерлер Қазақстанда 20 пайыздық корпоративтік салықтың орнына ІТ компания ретінде тіркеліп, табысының 1 пайызын ғана төлей алады. "Мұндай шарттар бүкіл әлемдегі криптомайнерлерді қызықтырады" дейді автор. Қазір Қазақстанда Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Франция және Ресей майнерлері өте көп.

Дегенмен, Балтық елдері мен Солтүстік Еуропадағы "таза энергияны" қолдайтын шағын ойыншылар "көмірді пайдаланатын" майнерлерге көп кедергі жасауы мүмкін, "себебі критовалюта, әсіресе биткоин өндірісінің көмірсутегіне тәуелділігі көп сынға ұшырайды. Қазақстандағы электр энергиясының 70 пайызы көмірден алынады, яғни крипто-"фермалардың" қазба отын негізінде өндіріледі".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG