Accessibility links

Леонид Савин. "Москва" крейсері суға батқанда хабарсыз кеткен тағы бір әскери теңізші


Леонид Савин – "Москва" крейсерінде мерзімді әскери борышын өтеп жүргенде хабарсыз кеткен әскери теңізші. Бауырының фотосын Владимир Савин берді.
Леонид Савин – "Москва" крейсерінде мерзімді әскери борышын өтеп жүргенде хабарсыз кеткен әскери теңізші. Бауырының фотосын Владимир Савин берді.

Ресейдің Қара теңіздегі әскери-теңіз флотының флагманы болған "Москва" крейсері 14 сәуірде суға батып кеткеннен кейін, кеме экипажының кейбір мүшелері жайлы туыс-жақындарының айтқаны әлеуметтік желіде тарап жатыр. Қазірге дейін кемінде алты адамның хабар-ошарсыз кеткені және бір адамның қаза тапқаны белгілі. Мәскеу ол туралы тіс жармай отыр.

"Настоящее время" басылымының журналистері "Москва" крейсерінде қызмет атқарған тағы бір әскери теңізшінің аты-жөнін анықтады.

Қырымдағы Альпука қаласының тумасы Леонид Савин Ресей әскери-теңіз күштері қатарына 2021 жылғы 2 шілдеде шақырылған. Ол әскери келісімшартқа отырмаған, мерзімді әскери борышын өтеуге барған дейді туыстары. Олардың сөзінше, Савин "Москва" крейсерінде жабдықтаумен айналысқан, экипажға ас әзірлеуге көмектескен.

"Настоящее время" журналистері Леонид Савиннің туған бауыры Владимир Савинмен сөйлесті. Оның айтуынша, "Москва" крейсері апатқа ұшырағанға дейін, шамамен бір ай бұрын Леонид үй-ішіне хабарласқан.

"Олар оқ-дәрі алуға келген кезде телефон шалып: "Бәрі жақсы" деп қана айтты. Наурыздың ортасы болатын, дәл қай күні екені қазір есімде жоқ. Біз одан: "Қазір қай жердесіңдер? Қайда барасыңдар?" деп сұрадық. Ол жауап бермеді, біраз үнсіз тұрып, "Папа!" деді, болды. Әрине, телефонмен айтуға болмайды ғой"дейді әскери теңізшінің туыстары.

Леонид Савиннің үй-ішіне жазған хаты. Бұл фотоны оның туысы Владимир Савин берді.
Леонид Савиннің үй-ішіне жазған хаты. Бұл фотоны оның туысы Владимир Савин берді.

"Москва" крейсері өртеніп, суға батқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін, Леонидтің ата-анасы дивизия командирінің орынбасары Алексей Бугорскиймен сөйлескен. Ол әуелде әскери матростың туыстарын тыныштандырып, сабырға шақырғанымен, бір күннен кейін жайсыз хабар жеткізген.

"13 сәуірде кеме суға батып кетті, оған не болғанын білмеймін, біз әлгі Бугорскийге хабарластық, алдымен SMS жазып сұрадық, ол "Тірі, аман-есен"деп жауап берді. 14 сәуірде ол [Леонид] хабар-ошарсыз кетті деді. Біз госпитальға да, [әскери] бөлімдерге де хабарластық, бірақ еш жерден табылмады: қаза тапқандар тізімінде де, жаралылар тізімінде де жоқ. Тірі қалғандар арасында да жоқ. Яғни ұшты-күйлі жоғалған".

Леонид Савиннің үй-іші мен әскери дивизия командирінің орынбасары Алексей Бугорскийдің бір-біріне мессенджермен жазғаны. Скриншотты Владимир Савин берді.
Леонид Савиннің үй-іші мен әскери дивизия командирінің орынбасары Алексей Бугорскийдің бір-біріне мессенджермен жазғаны. Скриншотты Владимир Савин берді.

Леонид Савиннің отбасы мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздарды өзге елдегі қарулы шайқасқа жұмсағандар жауапқа тартылып, жазасын алуы керек дейді. Владимир туысын Украинадағы соғысқа (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын "арнаулы әскери операция" деп атап, "соғыс" сөзін қолдануға тыйым салған – ред.) жібергендерге ашулы.

"Бұрын да онша жақтырмайтын едім. Біздің қолымыздан басқа не келеді? Мұның бәріне біз қалай ықпал ете аламыз? Оның үстіне бауырым хабарсыз кетті. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандар бармайды деп айтты ғой. Ал ол сол жақтан бір-ақ шықты" дейді Владимир.

Владимир Савин Севастопольдегі әскери бөлімдер мен ауруханалардың бәрін аралап шыққанын, бірақ туысын еш жерден таба алмағанын айтады. "Хабар-ошарсыз кетті" дегені тастай суық суға кетіп, "қаза тапты" дегенді білдіреді-ау деген күдік бар, мұны сарбаздың отбасы да түсінеді. Савиндер Қырымның әскери комиссариатына хат жазған, енді осы оқиғаға жауаптыларды жазалауды сұрап, Севастополь әскери прокуратурасына шағым түсірмек.

Леонид Савиннің (әскери теңізші киімінде) туыстарымен бірге түскен суреті. Владимир Савин берген фото.
Леонид Савиннің (әскери теңізші киімінде) туыстарымен бірге түскен суреті. Владимир Савин берген фото.

Леонид Савин мектепті бітірісімен бірден әскери борышын өтеуге аттанған, туыстарының сөзінше, кейінге ысырмай, армия қатарына ертерек барып келуді ұйғарыпты. Үй-ішіне жазған соңғы хатында Леонид ата-анасына өсімдіктерге су құюды ұмытпауды тапсырып, жақында жүздесеміз деп үміттенетінін айтыпты. Оның әскери қызметінің мерзімі биыл шілде айында аяқталуы тиіс болған.

Ресейдің Қара теңіздегі әскери-теңіз флотының флагманы болған "Москва" крейсері 14 сәуірде теңізе батып кетті. Оның алдында, 13 сәуір кешке Украина билігі крейсерді екі "Нептун" ракетасымен атып өртегенін хабарлаған.

Бір күннен кейін Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде өрт шығып, салдарынан кемедегі оқ-дәрі жарылғанын растады. Бірақ өрттің шығуына не себеп болғанын айтпады. Көп ұзамай Ресей билігі зақым келген кеменің "портқа сүйреп келе жатқан кезде суға батып кеткенін" хабарлады.

Ресей әскерилері крейсер экипажы түгелдей дін аман деп мәлімдеген, бірақ көп ұзамай кемінде бір адамның – мичман Иван Вахрушевтің қаза болғанын Азаттықтың Орыс қызметі анықтады. Ялта тұрғыны Дмитрий Шкребец "Москва" крейсерінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген ұлы Егор Шкребецтің хабар-ошарсыз кеткенін айтты. Егор әскери кемеде аспаз болған.

"Москва" крейсерінде мерзімді әскери борышын өтеген 21 жастағы Сергей Грудинин де хабарсыз кеткен.
"Москва" крейсерінде мерзімді әскери борышын өтеген 21 жастағы Сергей Грудинин де хабарсыз кеткен.

"Москва" крейсерінде мерзімді әскери борышын өтеген тағы бір ресейлік – 21 жастағы Сергей Грудинин де хабар-ошарсыз кеткен. Ол әскер қатарына Украина шекарасынан шамамен 9 мың километр жерден – Ресейдің Амур облысындағы Благовещенск қаласынан шақырылған. "Настоящее время" тілшісімен сөйлескен оның анасы Тамара Грудинина Ресей билігінің Украинадағы "арнаулы әскери операцияға" мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер бармайды деген сөзіне сеніп қалғанын айтты. Ол ұлына армиямен келісімшартқа отырмауын ескертіпті.

"Соңғы рет 10 сәуірде сөйлескенімде оған: "Тек келісімшартқа отырушы болма!" деп айтқам. Ондайға ол өзі де құлық танытпаған, тезірек үйге қайтқысы келген. Оның ешқандай келісімшартқа қол қоймағанына 100 пайыз сенімдімін" дейді Тамара Груднинина.

Қазірге дейін "Москва" крейсері суға батқанда хабар-ошарсыз кеткен кемінде алты әскери теңізшінің аты-жөні белгілі болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG