Accessibility links

«Бизнес деген тек алу мен сату емес» дейді кәсіпкер ғалым


Моңғолиялық кәсіпкер Алаубек Әбділұлы. Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.
Моңғолиялық кәсіпкер Алаубек Әбділұлы. Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Германияда докторлық қорғаған моңғолиялық қазақ Алаубек Әбділұлы қазір бизнеспен айналысады. Ол мұны «ғылыми ізденістерімді іс жүзінде пайдаланып көргім келді» деп түсіндіреді.

Моңғолияда тұратын 38 жастағы этникалық қазақ Алаубек Әбділұлы 1994 жылы ондағы мемлекеттік университеттің математика факультетін бітірген соң ғылыммен шұғылданған. Германияның Дармштадт техника университетінде информатика саласында доктор атанған азамат кейін бизнеске кетіп қалған. Ол Азаттыққа берген сұхбатында ғылым мен бизнестің бір-бірімен байланысы жайлы да айтты.

Азаттық: - Алаубек мырза, әңгімемізді балалық шағыңыздан өрбітсек? Қандай сәттер есіңізде қалды?

Алаубек Әбділұлы: - 1978 жылы мен туғанда әке-шешем Моңғолияның астанасы Улаанбаатардағы «Дэнжийн мянгат» ауылында пәтер жалдап тұрыпты, одан кейін «100 ауыл» деген жерде киіз үйде өмір сүріпті. Мен ес білгенде әке-шешем бір бөлмелі пәтер алған.

Мектепте математика, физика пәндеріне жетік болдым. 9-сыныпта оқып жүргенімде 10-сыныптың есептерін қиналмай шығара беретінмін. Соны білетін ұстаздарым университетке құжат тапсыруға кеңес берді.

Өскен ортам тек моңғол ұлтының өкілдері болды. Сол себепті ана тілімде аздап қиналатыным бар. Мектепке жеті жасымда бардым, оқуға озат болдым. Мектепте математика, физика пәндеріне жетік болдым. 9-сыныпта оқып жүргенімде 10-сыныптың есептерін қиналмай шығара беретінмін. Соны білетін ұстаздарым университетке құжат тапсыруға кеңес берді. Сол себепті 9-сыныпты бітіргеннен кейін бірден 10-сыныптың емтихандарын тапсырып, куәлік алдым. Өз қатарластарымнан бұрын орта мектепті аяқтап, 16 жасымда Моңғолия мемлекеттік университетіне студент боп қабылдандым.

Азаттық: - Моңғолияда экономикалық ахуал нашарлаған 1990 жылдары студент болу қиын соқпады ма?

Алаубек Әбділұлы: - 1990-жылдардың басы анық есімде. Тамақ аз, ақша жоқ, нанға май жағып, үстіне себетін қант тапсақ торт жегендей болушы едік. Әсіресе өтпелі кезеңдегі мен сияқты жастар үшін тіпті қиын. Студенттер арасында сабаққа көңіл бөлгендер аз, мұғалімдер сабақ үйрету мен сауда жасаудың арасында теңселіп қалған. Оқуға толығынан мойынсұнып, қозғалмай сабақ жаттайтын мүмкіндік аз болды. Математика – тұрақты оқып, көп ойлап, аз сөйлеуді талап ететін пән. Менің мінезім де соған сәйкес – ауыр, аз сөйлейтін, шұқшиып көп ойланып отыруды жақсы көретінмін.

Азаттық: - Университетті аяқтаған соң ғылыммен шұғылданған екенсіз. Ол салада қандай жетістікке жеттіңіз?

Алаубек Әбділұлы: - Университет бітіргеннен кейін өзім білім алған оқу орнында, сондай-ақ менеджмент академиясында сабақ бердім.

2001 жылы қызметімді тастап Германияға кетуге бел будым. Өйткені ғылым жағынан Германия университеттері – Еуропаның алдыңғы қатарында. Оның үстінде университетке ілесіп шыдасаң, оқу тегін. Тіл үйрену, зерттеу жасау негізгі мақсатым еді. Дюссельдорф қаласындa неміс тілінің жедел курсында тіл үйрендім. 2003 жылы Бонн университетіне арнаулы зерттеуші болып жұмысқа қабылдандым. 2004 жылы Дармштадт теxникалық университеттің информатика факультетінде зерттеу жұмысымды бастап, 2009 жылы жаратылыстану ғылымдарының докторы (Doctor of Natural Sciences – Dr.rer.nat) дәрежесін қорғап шықтым.

Азаттық: - Бірақ осыншама ғылыми ізденістен кейін бәрін тастап бизнеске кетіпсіз. Оған не себеп болды?

2001 жылы қызметімді тастап Германияға кетуге бел будым. Өйткені ғылым жағынан Германия университеттері – Еуропаның алдыңғы қатарында. Оның үстінде университетке ілесіп шыдасаң, оқу тегін.

Алаубек Әбділұлы: - Менің ізденістерім, ғылым зерттеулерімнің барлығы бизнеспен тікелей байланысты. Бизнес деген тек алу мен сату емес, ол жерде де толып жатқан есеп бар. Ғылыми ізденістерімді практика жүзінде пайдаланып көргім келді. Анамның сонау нарықтық экономика басталған жылдары өз қолымен іргетасын қалаған «Дакал Фарма» компаниясын әрі қарай дамыту керек болды. Сол себепті 2012-2013 жылдары Голландияның (Нидерланд - ред.) Роттердам Эразмус университетінің менеджмент мектебін бизнес басқару магистрі мамандығы бойынша оқып шықтым. 2013 жылдан бастап компанияда директор орынбасары, қазір директоры қызметін атқарып келемін. Компаниямыз орташа ғана. Негізгі қызметі – ауруханаға қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді жеткізіп беру.

Азаттық: - Отбасыңызда өзіңізден басқа ғылыммен шұғылданатын адам бар ма?

Алаубек Әбділұлы: - Жұбайым Раиса Каирдегі Америка университетінің бакалавриатын, Лондон университетінің шығыстану және Африканы зерттеу институты магистратурасын тәмамдаған, Роттердам менеджмент мектебінде қаржылық басқару магистрі мамандығын алған. 2015 жылдан бері Улаанбаатардағы халықаралық орта мектепте басқарма мүшесі.

Екі балам бар. Үлкені – тоғызда, кішісі – бір жаста.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG