Accessibility links

Қуғын көргендер ұрпағы Сталинді дәріптеуге қарсы


Ресейдің Сургут қаласында өткен "Мәңгілік полк" шеруіне қатысушылар. Фото авторы - Владимир Сальников.
Ресейдің Сургут қаласында өткен "Мәңгілік полк" шеруіне қатысушылар. Фото авторы - Владимир Сальников.

Ресейдің Сургут қаласында Сталин мүсінін орнататын жер іздеуге кірісті. Совет билігі тұсында жер аударылғандардың ұрпағы бұл бастамаға қарсы.

Ресейдің Сургут қаласында совет диктаторы Иосиф Сталиннің мүсінін орнататын жер іздеп жатыр. 2016 жылы жергілікті сталиншілдер мүсін жасауға ақша жинап, кейін оны жергілікті биліктің рұқсатынсыз Обь өзені жағалауындағы 1930-жылдары жер аударылған алғашқы отбасылар тұрақтаған бұрынғы Черный Мыс кентінің орнына қойған. Бірақ үш аптадан соң жергілікті билік қоғамның талабымен мүсінді алып тастап, орманды алқап шаруашылығы қалалық басқармасы қоймасына жіберген. Екі жарым жыл қоймада жатқан Сталин мүсінін жақында иелері алып кеткен. Мүсінді орнатуға қолайлы жер іздегендерді аймақтық думаға Ресей федерациясы коммунистік партиясынан сайланған депутаты қолдап отыр.

Сургутта Жеңіс күні қарсаңында совет диктаторы мүсініне қатысы бар белсенділер Сталинге алғыс жазылған ұрандар мен оның портретін ұстап "Мәңгілік полк" акциясына қатысты.

Олар репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары халықтың тарихи жадын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алған шақта осындай әрекет жасап жатыр.

Сталиндік репрессия жылдары билік Сургут ауданына кулактар мен "халық жауларын" жер аударған. Оларға мұнда "арнайы көшірілгендер" мәртебесі берілді. Жер аударылғандардың көбі тірі қалған жоқ.

"ӨМІРІМІЗДІ АСТАН-КЕСТЕН ЕТТІ"

Сургут қаласы мен Сургут ауданында жер аударылғандар мен ұрпақтары "Наша память" қоғамын құрған. Жақында "​Ссыльный край Сургут" сайтын ашқан қоғам белсенділері жер аударылғандар тұрған жерлердің интерактивті картасын жергілікті өлкетану музейімен бірлесіп жасап жатыр.​.

Сургут қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш.
Сургут қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш.

1930 жылдары жер аударылғандарды тасыған жүк кемелері аймақтағы барлық ауылдардың жанында аялдаған. Қазір Сургут қаласы мен Сургут ауданында жер аударылғандардың 800-ге жуық ұрпағы тұрады.

- 1931 жылдың күзінде әлі іргесі қаланбаған ауылдың орнына жүк кемелері келіп тоқтаған. Кемеден Свердловск және Челябинск облыстарынан жер аударылған, ұзақ жол мен аштықтан әбден титықтап, қажыған адамдар түскен. Кейін қариялар өздері тұратын жерді көргенде халықтың дауыстап жылағанын еске алып отыратын. Бәрі осы сәттен бастап, бұрынғы қамсыз күндері аяқталып, өмірлерінің жаңа кезеңі басталғанын түсінген. Жер аударылғандардың артында туған үйі, достары мен жақындары қалған. Болашағы беймәлім оларды ауыр еңбек, қытымыр қыс пен аштық күтіп тұрды, - дейді Сургут тұрғыны Вера Исаева.

Обь өзені бойындағы Сытомино ауылы.
Обь өзені бойындағы Сытомино ауылы.

- Мен Оралдағы Рудное ауылында дүниеге келдім. Жағдайы жақсы шаруа отбасы едік, - дейді Сургут ауданындағы Сытомино ауылына ата-анасымен бірге жер аударылған Антонина Рыткина. - Ата-анамның менен басқа алты баласы болды. Шаруа қожалығымыз үлкен болатын: жылқы да, сиыр да бар, тұрмысымыз түзу еді. 30-жылдар ауыр тиді. Билік колхоз құра бастады да, бар мүлкіміз сонда өтті. Ата-анам да колхоз жұмысына шықты. Бізді жер аударғанда сегіз жаста едім. Қолда барымызды колхозға тартып алғандары аздай, олар бізге тамаққа қадалған сүйектей деп қарады. Өміріміздің астаң-кестеңін шығарды. Ол кезде адамды мал құрлы көрмейтін. Коммунистер адам өмірінің құнын көк тиынға балады. Отбасымызды мал таситын вагонға тиеп, ары қарай Обь өзені бойымен Тобылға дейін ескі, тар кемеде, соңында ат арбамен алып жүрді. Соңғы тоқтаған жеріміз – Ханты-Мансийск қаласы (ол кезде Остяко-Вогульск деп аталатын). Ол жақта адамдарды бөліп, ары қарай кімді қайда жіберетіндерін шешті. Қара күз болатын. Ешкім ештеңе білген жоқ. Бәрімізде "тек тірі қалсақ" деген ой ғана болды.

Лазарь Фарносов ата-анасымен бірге үш жасында солтүстікке жер аударылған. Қазір 90 жастағы қария ата-анасының әңгімесінен өздерін Лямина ауылынан сәл жоғары жерде пароходтан түсіріп кеткенін біледі.

Лазарь Фарносов
Лазарь Фарносов

- Қазылған шұңқырға ағаш қойып, үстіне сабан төсеп, сонда тұрдық. Кейінірек жер аударылғандар Песчаныйға соқпақ жол салып, ағаш үйлер тұрғыза бастады. Бір үйге төрт отбасыдан орналастырды. Жаңа үйлер салынып біткен соң бір баспананы тек екі отбасы ғана бөлісетін болды. Жат жерде көп қиындық көрдік – жейтін ештеңе жоқ, аштық болды, тіпті, бұл жердегі өзеннен балық аулайтын құралымыз да болмады.

Лазарьдың әкесі Лука Фарносов қолдан ау тоқып, балық аулаған. Балықтан бөлек, жер аударылғандар ағаш кесіп, жиһаз, арба мен шана жасап күнелткен. Аштан өлмес үшін қолдан келгеннің бәрін кәсіпке айналдырған.

1941 жылы Лазарь Фарносов 13 жасқа толады. Жергілікті төрт сыныпты мектепті бітірген оған бесінші сыныпты Тундрино ауылына барып оқуға тура келген. Бірақ күзге қарай Песчаныйға қоршаудағы Ленинградтан балаларды көшіріп әкеліп, оларға арнап бесінші, алтыншы сыныптар ашқан. Сөйтіп Лазарь үйінде қалып, жергілікті өндірістік комбинат директоры оны ер-тұрман дайындауға жұмысқа алған.

- Шөп шабатын уақыт келгенде жан баласын қалдырмай бәрін жұмысқа жегетін. Бір маусымда 2,5 мың тоннаға жуық шөп орып, кепкен шөпті атпен тасимыз. Ағаш кесу бойынша жоспарды орындағандарға күніне 600 грамм нан беретін. Жоспарды артық орындағандарға – 800, орындамағандарға 400 грамм нан тиетін, – деп еске алады Лазарь Лукич.

Лукичтың әкесін соғыс басталғанда тылға жіберіп, Архангельск түбінде ағаш кесіп жүргенде опат болған. Анасы балаларды жалғыз өзі асырап, жеткізген.

Отбасы жайлы мұндай естеліктерді Сургут тұрғындарының көбі айтады.

- Сытоминоға 1931 жылдың жазында Оралдан жер аударылғандарды пароходпен жеткізді, – дейді Сытомино ауылының тұрғыны Мария Мануйлова. – Олардың аз ғана бөлігі Сытоминода қалды. Қалғандарын өзен жағасына орналастырды. Қысқа дайындалып, баспана салып алыңдар деп екі-үш күрек қана берді. Олар барактар салды. Бір барактың жарты бөлігінде балалары бар екі-үш отбасы қоныстанды. Сахаль, Тугаско, Сухой, Сосновый, Зарян және т.б. ауылдарды жер аударылғандар салған. Олар өте еңбекқор еді. Орман шаруашылығымен, балық аулаумен, ауыл шаруашылығымен айналысты. "Халық жауы" болғандықтан олардың әр басқан қадамы коменданттың бақылауында болатын. Жергілікті халыққа бұл адамдармен араласуға тыйым салды. Жер аударылғандар осындай адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп, балаларына білім беріп, тәрбиеледі, Отан соғысы кезінде туған жерін қорғады.

1942 жылы совет өкіметі жер аударылғандарды тылға ғана емес, әскер қатарына да шақыра бастады. "Совет одағының батыры" атағын алған Төлебай Әжімов пен Иван Корольков – Сургут ауданы тұрғындары. Олар репрессияға ұшырағандар отбасынан шыққан.

"ОДАН ДА ТАРИХТЫ ОҚЫСЫН!"

Сургут қаласы мен Сургут ауданында жер аударылғандар мен олардың ұрпақтары"Наша память" қоғамын құрған. Қоғам белсенділері жақында "Ссыльный край Сургут" ​сайтын іске қосты.

- Бұл өңірге жер аударылған адамдардың тағдыры ортақ. Бірде бір жерден қашып кету мүмкін болмаған, – дейді "Наша память" ұйымы жетекшісі Павел Андреев. - Айнала не су, не қар, не ну орман, не батпақ болған. Ауылдар НКВДмен коменданттың бақылауымен салынған. Әкеміз 1950 жылы қайтыс болды. Анам үш баламен жалғыз қалды Анам колхозда айына жүз рубль (бұл 1961 жылғы реформаға дейінгі ескі ақша) алса, соның өзі зор қуаныш болатын. Колхоздағы еңбек күндерінде жұмыс істедік. Үшінші сыныптан бастап жаз келісімен шөп шабуға шығамыз. Болмаса далада жүреміз. Ұл-қыз қатар жұмыс істейтін. Жігіттер кең алқапқа көң төгіп, картоп отырғызатын, барлық ауылшаруашылық жұмыстарына араласатын. 25-27 тамызға дейін шөпте жүреміз. Покур ауылында жеті сыныпты бітірген ағам бұл жерден қашып құтылды. Колхоздан ешкімді жібермейтін. Пароход өтетін жерде колхоз төрағасы жан баласының, әсіресе жастардың жұмыстан қашып кетпеуін қадағалап тұратын. Ал пароход айына бір рет қана келетін. Осындай жүйені бір отбасының үш ұрпағы басынан өткерді: ата-әжем, ата-анам және біз.

Сургутта Сталинге ескерткіш қою бастамасы қызу дау тудырды.

- Сургутта, репрессия кесірінен қаншама адам қаза тапқан жерде, Сталинге ескерткіш қоюға тырысу – өлі мен тіріні қорлайтын қылық, - дейді "Наша память" ұйымы жетекшісі Павел Акимов. - Қаншама жанның өліміне себепкер болған адамға ескерткіш қоюға болмайды. Ең сорақысы, мұндай бастаманы негізінен жастар көтеріп жүр. Бұл ақымақтық сауатсыздықтан басталады. Бәрі өз елінің тарихын жетік білсе, жауыз көсемді аңсап, оған ескерткіш қоюға асықпас еді. Одан да Ресей тарихын оқысын!

2019 жылы наурызда қоғамдық пікірді анықтау мақсатында "Левада-центр" орталығы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, ресейліктердің 70 пайызы Сталиннің тарихтағы рөліне оң баға берген. Сауалнамаға жауап бергендердің жартысына жуығы (рекордтық көрсеткіш) сталиндік қуғын-сүргінді ақтап алуға кетәрі емес екенін білдірген. Респонденттердің 19 пайызы Ресей тарихындағы сталиндік зобалаң туралы айтқан.

Архив мәліметтері және адамдардың естеліктерін жинастырумен отыз жылға жуық айналысып келе жатқан "Мемориал" құқыққорғау ұйымының дерегінше, Сталин билігі кезінде СССР-де кемінде 12,5 миллион тұрғын зардап шеккен.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СТАЛИН БЕЙНЕСІ

Тарихшы ғалымдар келтірген деректерде 20-ғасырда совет билігі тұсында болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен қазақ халқының қатты зардап шеккені айтылған. Кей мәліметтер бойынша, миллиондаған адамды құрбан қылған саясат билікте Иосиф Сталин отырған кезде жүргізілді.

Қазіргі Қазақстан қоғамында Сталинге деген көзқарас бірдей емес екені туралы бұған дейін кей сарапшылар айтқан болатын.

"Мәңгілік полк" акциясына қатысушы ұстап шыққан Сталин портреті. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.
"Мәңгілік полк" акциясына қатысушы ұстап шыққан Сталин портреті. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Биыл мамырдың 9-ы күні Алматыда өткен "Мәңгілік полк" акциясына қатысушылардың кейбірі қолына Сталиннің портретін ұстап шықты. Тәуелсіз Қазақстанда Жеңіс күні мейрамы болып белгіленген бұл күні көпшілік орынға келген кей тұрғындардың үстінде Сталин бейнесі салынған жейде болды.

Мерекелік шарада Иосиф Сталиннің бейнесі салынған жейде киіп жүрген адам. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.
Мерекелік шарада Иосиф Сталиннің бейнесі салынған жейде киіп жүрген адам. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанда Сталинді қолдаушылар 2015 жылы ерекше бой көрсеткен еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толғанда Қазақстанның батысында көлікке Сталиннің портретін іліп шыққан жаппай автожарыс болды. Ал сол жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында Түркістан қаласы маңындағы Ескі Иқан ауылында 1949 жылы қойылып, 2014 жылы "желден құлаған" Сталин ескерткішін жергілікті тұрғынның қайта тұрғызу әрекеті қоғамда дау тудырды.

Ескі Иқан ауылында күресінде жатқан Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, 16 мамыр 2015 жыл.
Ескі Иқан ауылында күресінде жатқан Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, 16 мамыр 2015 жыл.

Сталин бейнесін өз бастамасымен қайта жаңғыртқан ауыл тұрғыны бірнеше күн тұрған ескерткішті биліктің ескертуінен соң алып тастауға келіскен болатын.

Азаттықтың "Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі Андрей Маркиннің материалы негізінде дайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG