Accessibility links

«Бұл - саяси террор құрбандарын қорлау»


Cталинге ескерткіш орнату туралы бастама көтерген топтың жетекшісі Алексей Денисюк
Cталинге ескерткіш орнату туралы бастама көтерген топтың жетекшісі Алексей Денисюк

Новосибирск қалалық мэриясы Сталин ескерткішіне орын таңдауды ұсынды.

Новосибирскіде «Қоғамдық тыңдауға қатысқан қала тұрғындарының көбі Сталинге ескерткіш қоюды қолдады» деп хабарлады қарашаның 2-сі күні қала билігі. Дерек бойынша, 155 адам қолдайтынын білдіріп, 85 адам қарсы дауыс берген. Жиырма күндік талқылауда мэрияға 243 адамнан хат келген.

Сталинді қолдаушылар мүсінді әзірлеп қойған. Олар енді бұл ескерткішті 2019 жылы мамырдың 9-ы күні тұрғызатынына сенімді. Бұған дейін Новосибирск мэриясы ресми сайтында қалалықтарға Иосиф Сталинге ескерткіш қою үшін орын таңдауды ұсынған болатын.

Үш нұсқаның бірінде орталықта, басты көшеге орнату ұсынылған. Қалған екі нұсқада алыс аудандарға қою жайлы айтылады. Бірақ электронды сауалнамада «ескерткіш мүлдем керек емес» деген жауап болмады.

Ескерткіш орнату жөніндегі бастамашыл топ монументті қалалық жол торабына, Бірінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу үшін салынған ғимараттың маңына орнату туралы талап қойып, жаппай үндеу жазуға шақырды. 1917 жылғы революцияға дейін ғимарат «Мүгедектер үйі» деп аталған, советтік кезеңде қорғаныс министрлігіне беріліп, атауы «Офицерлер үйі» деп өзгертілді.

Қала әкімшілігінің хабарлауынша, бастаманы қолдап, мэрияға түскен 155 хаттың 97-сінің мәтіні бірдей болған. Сталин ескерткішін орнатуды қолдаушылар «оның даусыз жетістігін мәңгілік есте қалдыру үшін» ескерткіш қою керектігін айтады.

- Совет халқының Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуін ұйымдастыра алғаны үшін генералиссимус Иосиф Сталинге тарихи маңызы бар жерден, қаланың орталығындағы Офицерлер үйі қасынан ескерткіш қоюды ұсынамыз. Тарихи әділеттік орнауға тиіс. Сталинді еліміздің ең ірі мегаполистерінің бірінде орталықта тұғырға қою көсемнің атын қаралауға және қаһармандыққа толы советтік кезеңімізді терістеуге тоқтау салады, - дейді бастамашыл топтың жетекшісі Алексей Денисюк.

Новосибирскідегі Сталин ескерткішіне жылу жинау шарасы
Новосибирскідегі Сталин ескерткішіне жылу жинау шарасы

«Сталинді қолдаушылардың бәрін оның өзі сияқты оңбаған әрі жексұрын деп санаймын. Егер бұндай ескерткіш Новосибирскіде орнатылса, шамам жеткенше оны қорлауға тырысамын... Қылмыстық және әкімшілік кодекстеріңе түкіргенім бар» деп жазды Facebook парақшасына қала тұрғыны, маркетолог Андрей Поздняков.

«Сибирь.Реалий» тілшісіне берген сұхбатында ол үлкен атасының репрессияға ұшырап, лагерде жоғалғанын, тек 1961 жылы ақталғанын айтты. Онымен бірге жалған шағымның кесірінен ұлы да сотталады, бүкіл соғысты айып батальонымен бірге өткізеді, бірақ жеңістен соң Нарымға жіберіледі. Поздняковтың арғы атасы да 1932-33 жылғы аштықта отбасымен Алтайдан кетуге мәжбүр болған. Тағы бір атасын Қазақстанға жер аударған.

Сталинді қолдаушылар 2000 жылдардың басынан бастап ескерткіш орнатуды талап етіп келеді. Олар 450 мың рубль жинап қойды. Бұл ақшаның бір бөлігі мүсін дайындауға кетті, қалғанын тұғыр мен ескерткішті рәсімдеуге арнамақ. Бұл идея көп жылдан бері қалалық әкімшілік жанындағы көркемдік кеңес жиынында талқыланып келеді. Бірақ бірнеше мәрте сталиншілдердің ұсынысы қабылданбай қалған.

Сталиннің мүсіні
Сталиннің мүсіні

Түрлі сылтау айтылды, бәрі формалды сипатта болды. Біресе олар қалаған алаңда техникалық коммуникация жүргізілетін болды. Тағы да бірде аймақ статусы ондай нысан орнатуға жарамайтын болып шықты. Көркемдік кеңестің басшысы, архитектор Александр Ложкиннің айтуынша, кеңестің шешімінде саяси астар болмаған. 2017 жылдың күзінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар қалалық муниципалитет сайтында көрсетілген үш орынды таңдады.

«Мэрия ұсынған дауыс берудің өзі қалалық биліктің ескерткіш орнату идеясын қолдайтынын көрсетеді» деп санайды қалалық кеңестің бұрынғы депутаты, азаматтық белсенді Тимур Ханов.

Оның пікірінше бұл федералдық заңға да, жергілікті нормативтік актілерге де қайшы. «Ресей Федерациясындағы қоғамдық бақылау негіздері туралы» заңда бұндай талқылауға азаматтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін міндетті түрде қатыстыру керектігі көрсетілген. Белсенді ұсынылған тәртіптің заң нормасына сай еместігін айтады.

- Сауалнамада «Новосибирскіде Сталинге ескерткіш орнатудың қажеті бар ма?» жауап қарастырылмаған. Жауап нұсқалары арасында «Новосибирск қаласының аумағында еш жерге орнатпау» деген жауап болуға тиіс. Дауыс берушілердің кімдер екені белгісіз, хатты қолдан жасау мүмкіндігі бар. Демек, талқылаудың тиісінше өтпеуі мүмкін, дауыс беру нәтижесі дұрыс анықталмайды. Мысалы, қала тұрғындарының пікірін көрсетуді есепке алу тетігі жоқ – хат тиісті орынға жетпей қалуы немесе өңдеу кезінде мазмұны өзгеріп кетуі мүмкін. Новосибирск тұрғыны емес адам түрлі атпен жүз хат жазуы мүмкін, - дейді Тимур Ханов.

Ол Новосибирск мэріне хат жолдап, ескерткішті орнату орнын анықтауды тоқтатып, «мұндай ескерткіштің керегі бар ма?» деген мәселенің басын ашып алуды сұрады.

Анатолий Локоть
Анатолий Локоть

​Коммунистік партияның жергілікті бөлімін басқаратын Новосибирск мэрі Анатолий Локоть өз басы «партия жетекшісі, мемлекет басшысы, жоғарғы қолбасшының қызметіне оң қарайтынын», бірақ сауалнаманың қала тұрғындары бастамасы бойынша өткізіліп жатқанын, сондықтан оны елеусіз қалдыра алмайтынын жеткізді.

Муниципалитет басшысы Сталинге ескерткішті бұған дейін Владимир Лениннің үлкен мүсіні орнатылған РФКП обком аумағына орнатуды ұсынғанын айтты. Оның айтуынша, ескерткіш қоюға бастамашы болғандар «Сталиннің мүсіні көзден таса қалады» деп ол жерге келіспепті.

- Қала тұрғындары қалай ұйғарса, сондай шешім қабылданады. Қажет болса, тағы да 10 жыл талқылаймыз, - деді Анатолий Локоть.

«Адал адамның Сталинмен бір қалада бірге тұруы жиіркенішті әрі қолайсыз» дейді саяси репрессия құрбандарын еске алу жөніндегі аймақтық комиссия мүшесі, тарихшы Константин Голодяев. Ол қалада кез келген ескерткішті орнатуға мораторий енгізуді ұсынады.

- Қала көшесінде мәңгі есте қалдыруға тырысып жатқан адамның әр қырын талқылағым келмейді. Оның қай жерде тұратыны да маңызды емес. Оған деген көзқарасымыз ананың сүтімен, әкеміздің әңгімесімен қалыптасқан, қазіргі өмірдегі қиындықты талқылау арқылы көз жеткіздік. Қала тұрғындарының жартысы Сталинді мемлекет негізін қалаушы, соғыста жеңген адам, елдің жауларымен немесе ұрылармен күрескен адам деп санайды. Екінші жартысы СССР-де әр отбасын шарпыған советтік азаматтарды жаппай репрессия жасауға жауапты дейді. Новосибирскіде репрессия туралы жеке тәжірибесінен білетін ондаған мың адам бар. Қалалықтарды Новосибирскіде екіұшты тұлғаларға ескерткіш қоюға қарсылық танытуға шақырамын. Уақыт кімнің кім екенін нақтылайды, - дейді Константин Голодяев.

Қазанның 30-ы күні Нарым саябағындағы саяси репрессия құрбандары ескерткіші қасына Сталинге ескерткіш орнатуға қарсылар митинг өткізді. Акцияға 200 адам қатысады деп көрсетілгенімен, Нарым саябағына келгендер 30 адамнан аспады.

- Сталинге ескерткіш орнату идеясының өзі – ұйымдасқан террор құрбандарын келеке қылу болып табылады. Әрі-беріден соң заңсыз қамауға алу, көп жыл тұтқында және айдауда болғандарды қорлау. Новосибирскіде адамның ар-намысы мен қоғамдық адамгершілік идеяларын қорлайтын ескерткіштер орнатылмауы керек. Бізде ресми түрде саяси репрессия құрбаны деп танылған мыңдаған адам тұрады, ал жақындарының бекер жапа шегіп, опат болғанын еске сақтаушылар одан да көп. Қылмыстық кодексте ескіру мерзімі көрсетілмеген қылмыстарды ұйымдастырушыны дәріптеу әрекеті қоғам намысына тиеді. Новосибирскіде Сталин мүсінін орнатуға қатысты бүкілхалықтық дауыс беруді өткізу ескерткіштің өзін орнатудан да қауіпті. Қоғам арасында Сталинді ақтап алуға тырысу Новосибирск қаласының беделін түсіріп, ғылым қаласы ретіндегі абыройын құртады, - дейді новосибирсктегі «Мемориал» ұйымының төрағасы Александр Рудницкий.

Новосибирскіде Сталинге ескерткіш орнату туралы соңғы шешімді қарашаның 9-ы күні жиналатын қаланың көркемдік кеңесі қабылдамақ.

(Азаттықтың Орыс қызметінің "Сибирь. Реалии" жобасының мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG