Шахритус ауданы әкімдігінің өкілі Мехринисо Раджабзода Азаттықтың Тәжік қызметіне имамдардың өз еркімен ақша жинап, Ленин ескерткішін қалпына келтіргенін айтқан.
"Имам-хатибтердің өздері бастады. Олар ескерткішті реставрациялап, маңын жақсартып қойды. Ескерткіш жанындағы фонтан да қалпына келді" деді әкімдік өкілі.
Оқиғаны растаған имам-хатибтердің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне аудандық мешітке садақа ретінде түскен барлық ақшаның өткен аптада Ленин ескерткішін реставрациялау үшін жұмсалғанын айтты. Әйткенмен нақты қанша қаржының берілгенін айта алмады.
Имамның айтуынша, апта сайын мешітке садақа ретінде шамамен 1000 сомони (шамамен 100 АҚШ доллары) түседі.
СССР құлаған соң Тәжікстанда Ленин ескерткіштерінің саны азайды. Оның орнында тәжік мемлекетінің негізін қалаушы тұлғалар, ақындар мен батырларға ескерткіштер пайда болды
2016 жылы ақпан айында Шахритус ауданында облыстағы ең биік Ленин ескерткіші алынып тасталған еді. Бұл ескерткіш аудан орталығына 1980 жылы орнатылған.
Аудан әкімдігі сол кезде статуяның совет одағынан қалған тарихи ескерткіш ретінде сақталып келгенін, бірақ жергілікті билік шешімімен оны бөлшектеп, ауылдық әкімдікке жіберілетінін айтқан.
Бірақ билік өкілдері статуяны қайта реставрациялап, Обшоронда (қалалық типтегі елді мекен) орнатылатынын да айтып өткен.
СССР құлаған соң Тәжікстанда Ленин ескерткіштерінің саны азайды. Оның орнында тәжік мемлекетінің негізін қалаушы тұлғалар, ақындар мен батырларға арналған ескерткіштер пайда болды.
Тәжікстанда Ленин ескерткіштері 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап сүріле бастады. Ең бірінші болып Душанбедегі көсемнің статуясы алынды. Елдегі коммунистер мұны "вандализм" деп бағалап, наразылық шараларын ұйымдастырды.
Совет одағының көсемдеріне арналған ескерткіштерді қайта қалпына келтіру талпыныстары Қазақстанда да болған. 2015 жылы Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Ескі Иқан ауылында жергілікті тұрғындар осы ауылда 60 жыл тұрып, «дауылдан құлаған» Сталин ескерткішін өз қаржыларына қайта тұрғызған еді. Бұл қоғамда дау туғызды.
ПІКІРЛЕР