Accessibility links

«Ахмет», «Әлихан», «Міржақып» жоқ Петропавлда үш «Ленин» бар


Лениннің ескерткішін жуып жатқан жұмысшы. (Көрнекі сурет)
Лениннің ескерткішін жуып жатқан жұмысшы. (Көрнекі сурет)

Петропавлда қоқыста қалған Ленин ескерткіші тұрғындардың өтінішімен қала орталығына орнатылды. Ленинді жақтаушылар оның «қазаққа істеген жақсылығын» айтса, басқалар «одан да артық еңбек сіңірген қайраткерлерді ұмыттық» дейді.


Бейсенбі күні Петропавл қаласында Ленин ескерткіші орталық алаңдардың біріне толығымен көшіріліп бітті. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарьдың айтуынша, бұған дейін ескерткіш орналасқан бұрынғы ет комбинаты территориясында қазір аквапарк құрылысы жүріп жатыр. Ал ескерткіштің маңы қоқысқа толып, үйсіз адамдар мекендейтін жерге айналып кеткен.

ҚАЛАДА ЛЕНИННІҢ ҮШ ЕСКЕРТКІШІ БАР

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының айтуынша, ескерткіштің тозып бара жатқанына алаңдаған қалалық ардагерлер кеңесі оны орталық алаңға ауыстыру туралы әкімшілікке өтініш жасаған. Ардагерлердің бұл ұсынысын қалалық мәслихат депутаттары түгел қолдапты.

– Бұл мәселе қала құрылысы кеңесінде қарастырылды. Сөйтіп бұл мүсінді қаладағы халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімі ғимаратына қарсы алаңға орнату туралы шешім шығарды, – дейді Григорий Кухарь тамыздың 25-і күні Азаттық тілшісіне.

Мұндай шешімнің тамыз айының басында қабылданғанын қалалық әкімшілік те растады.

Григорий Кухарьдің айтуынша, қалада Лениннің құрметіне орнатылған бұдан басқа тағы екі ескерткіш бар. «Біреуі – қалалық мәдениет және демалыс орталығында, біреуі – ПЗТМ зауыты басқармасының алдында
Бухарестегі Ленин ескерткішін құлату сәті. Румыния, 6 наурыз 1990 жыл. (Көрнекі сурет)

тұр» дейді ол. Оның айтуынша, «барлық ескерткіштер – қоғам бақылауында».

– Бұл қанша дегенмен біздің тарих қой. Егер Ленин ескерткішін сыртқа лақтырып тастасақ, көзге оғаш көрінер еді, дұрыс болмас еді, – дейді Григорий Кухарь.

«ЛЕНИННІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Петропавл қаласында тұратын ақын Мүтәллап Қанғожин де Ленинді естен шығарғанды жөн көрмейді. Оның пікірінше, қазақ халқы Лениннің істеген жақсылығын ұмытпауы тиіс. Қарт ақын қазіргі Қазақстанның тәуелсіздік алуы да Лениннің арқасы деп біледі.

– 1917 жылы Ресейде болған төңкерістің нәтижесінде қазақ мемлекеттілігі бой көтерді. Лениннің тікелей басшылығымен Қазақ автономиясының шекарасы айқындалды. Оның идеясымен Қазақстан жаппай сауатты, білімді елге айналды. Отырықшылыққа көшіп, заман сұранысына сәйкес келетін қалалар мен ауылдар құрылысы өркен жайды. Егер 1924 жылы Қазақ автономиясы, 1936 жылы Қазақ СССР-і құрылмаған жағдайда, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігі түсімізге кірмес те еді, – дейді Мүтәллап Қанғожин.

«ОРЫСТАРДЫҢ ӨЗІ ОНЫ АЛЫП ТАСТАДЫ ҒОЙ»

Ал Петропавл университеті оқытушысы, тарихшы ғалым Зарқын Тайшыбай Лениннің «халық жадына қайта оралғанын» қаламайды. Ол «қазақ халқына одан да артық еңбек сіңірген қайраткерлерді» қала
Жұмысшылар Лениннің ескерткішін жуып жатыр. Ақтөбе, 22 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

тұрғындарының ұмытып кеткеніне өкінеді.

– Мысалы, Міржақып Дулатовтың осы арада ескерткіші жоқ, көшесі де жоқ. 1909 жылы «Оян, қазақты» ол осы жерде жазған. Біздің Лениніміз – сол. Әлихан Бөкейханов та талай болған. Басқаларды былай қойғанда Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіші жоқ, – дейді оқытушы.

Зарқын Тайшыбай ақын Мүтәллап Қанғожин айтқан, «Лениннің арқасында тәуелсіздік ел болдық» деген пікірмен де келіспейді.

– Ол жалғыз Лениннің еңбегі емес. Мен айтқан кісілер Лениннен де артық еңбек сіңірген. Ал шыны керек болса, Ленин ең әуелі орыс халқына көп еңбек сіңірген. Орыстардың өздері оны алып тастады ғой, – деді Зарқын Тайшыбай тамыздың 25-і күні Азаттық тілшісіне.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG