Accessibility links

"Көсем өлді, бәріміз еркіндік аламыз"


Ескі Иқан ауылында 61 жыл сақталған Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысы, 16 мамыр 2015 жыл.
Ескі Иқан ауылында 61 жыл сақталған Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысы, 16 мамыр 2015 жыл.

Наурыздың 5-і күні Иосиф Сталиннің қайтыс болғанына 65 жыл толды. Сталиннің тұлғасы туралы пікірлер оның тірі кезінде-ақ екіге жарылған. Ал тиянақты көзқарас әлі қалыптасып болған жоқ, айтыс-тартыс көп. Біреулер үшін Сталин – мойнына миллиондаған жазықсыз жанның қанын жүктеген зұлым жендет, қанішер диктатор. Ал оның «темір уысын» әлі күнге дейін көксейтін постсоветтік кеңістіктегі талай адам үшін ол бүкіл совет тарихындағы ең дұрыс, ең көрнекті саясаткер.

КӨСЕМ КЕНЕТТЕН ӨЛДІ

Сталин серіктерінің бірі Лазарь Каганович "Естелік жазбаларында" былай деп жазған еді:

"Сталин кенеттен қайтыс болды. Өмірінің соңғы кезеңінде кейбіреуіміз үйіне сирек баратын болдық. Бірақ оны жиналыстарда, ресми отырыстарда көрген кезде соғыстан қалжырағанына қарамастан, Сталин әлі тың екен деп шүкіршілік ететінбіз. Мәселелерді талқылаған кезде бұрынғысынша сөзі ширақ, өзін сергек ұстайтын".

1953 жылдың басында жергілікті советтерге депутаттыққа кандидаттар ұсынылды. Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігі Сталинді кандидаттыққа ұсынды. «Казахстанская правда» газетінің 1953 жылғы 30 қаңтар күнгі қиындысы.
1953 жылдың басында жергілікті советтерге депутаттыққа кандидаттар ұсынылды. Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігі Сталинді кандидаттыққа ұсынды. «Казахстанская правда» газетінің 1953 жылғы 30 қаңтар күнгі қиындысы.

Қайтыс болар алдында Сталиннің денсаулығында үлкен кінәрат болмағаны ажал аузында жатқан Сталиннің жанындағы бір топ дәрігердің арасында болған медицина академигі Александр Мясниковтің естеліктерінен (оның "Мен Сталинді емдедім: СССР-дің құпия архивтерінен" қолжазбасы 2011 жылы ғана жарық көрді) де байқалады.

"Бір қызығы, Сталин сырқатқа шалдыққанға дейін (шамасы, кейінгі үш жыл болар) дәрігерлердің көмегіне жүгініп көрмепті. Әйтеуір Кремльдің Лечсанупр (емдеу-санитарлық басқарма) бастығы бізге солай деп айтты. <…> Оның Кунцеводағы үлкен саяжайында тіпті қарапайым дәрі-дәрмектер салынған қобдиша да болмаған. Тіпті жүрегі ұстап, қысылып қалса, екі тамшысын іше қойса басылатын нитроглицерин де болмаған" деп жазды.

Ал Никита Хрущев өзінің "Воспоминания. Время. Люди. Власть" ("Естеліктер. Заман. Адамдар. Билік") деген мемуарында Сталиннің денсаулық жағдайын мүлде басқаша етіп көрсетеді.

"Ұлы Отан соғысынан кейін Сталиннің күш-қуаты қайтып, әлсіреп бара жатқаны жыл өткен сайын анық байқала бастады. Әсіресе есте сақтау қабілеті нашарлап кетті, көп нәрсені ұмытып қалатын болды".

Cталин қайтыс болғанда.
Cталин қайтыс болғанда.

1952 жылғы қазанда Мәскеуде өткен ВКП(б) ХІХ съезінде негізгі баяндамаларды Маленков (есеп беру), Хрущев (партия жарғысы туралы) және Сабуров (бесжылдық жоспар туралы) жасады. Сталин съез аяқталар сәтте ғана мінберге шығып, бірнеше минут қана сөйледі. Хрущевтің сөзінше, кейін Орталық комитеттің саяси бюросы мүшелерінің арасында Сталин "Көрдіңдер ме, шамам жетті!" деген екен. Өз мемуарларында Хрущев әлгі сөзге былай деп комментарий береді:

"Оның мінберге шығып сөйлегендегі дәрмені жеті минут сөйлеуге ғана жетті. Бірақ өзі мұны жеңіс деп санады. Сондықтан бәріміз мүлде әл қалмапты ғой деп ойладық. Ал ол әлі мықтымын, жұмыс істеуге шамам бар деп ойлады".

Бірақ Сталиннің ақтық демі үзілерден бір күн бұрын оның айналасындағы адамдардың ешқайсысы Сталин қайтыс болады деп ойламағанын тіпті Хрущев те мойындайды. «Соңғы сенбі күні кешкісін бәріміз жанында болдық, көңіл-күйі көтеріңкі болды. Бізге ол әлі тың сияқты көрінген».

Ресми болжамға сәйкес, Сталин 1953 жылғы наурыздың 2-сіне қараған түні миына қан құйылып құлаған, ал 5 наурызда соның зардаптарынан дүние салды. Бұған қоса, Сталинді у беріп өлтірген деген болжамдар да көп.

Совет үкіметінің басшыларының Сталин қазасында тұрған сәті. 1953 жыл.
Совет үкіметінің басшыларының Сталин қазасында тұрған сәті. 1953 жыл.

АЗА ТҰТУ ТӨРТ КҮНГЕ СОЗЫЛДЫ

6 наурызда КПСС орталық комитеті мен СССР министрлер кабинеті Сталиннің қайтыс болуына орай бүкіл елде төрт күндік қаралы рәсім жариялады. Спектакль, кино, концерттер және өзге де ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Медицина академигі Александр Мясников естеліктерінде "Радиодан үш-төрт күн бойы тек қаралы музыка ғана берді. Шопен, Бетховен, Чайковский, Бах, Моцарттың әсем әуендері ойнап тұрды" деп жазады.

Елдегі еңбек ұжымдарының бәрінде қаралы митингілер өтті. Совет газеттері олар жайлы хабарлар "Шахтерлер серті", "Сталинше өмір сүреміз, Сталинше оқимыз", "Оның есімі мәңгі өшпейді", "Жүрегімізден мәңгі орын алады", "Халықтың зор қайғысы» деген сарындағы тақырыптармен шықты.

Cталинді жерлеу туралы хабарлаған "Правда" газетінің қиындысы.
Cталинді жерлеу туралы хабарлаған "Правда" газетінің қиындысы.

Сталин 9 наурызда жерленді. Күн дүйсенбі болатын. Мәйітті Мәскеу уақыты бойынша сағат 12-де жерледі. КПСС орталық комитеті мен СССР министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, Мәскеу, одақтас республика астаналары мен батыр қалаларда артиллериялық салют атылды. Әлгі қаулы бүкіл елде үздіксіз өндіріс орындарынан өзге бүкіл кәсіпорын, темір жол, автомобиль және су транспорты түрлерінде тура сағат 12-де жұмысты бес минутқа тоқтатуға міндеттеді. Бұдан бөлек, күндізгі сағат 12-де фабрика, зауыттар, темір жол, өзен және теңіз флоты бес минуттық гудок беруі тиіс болды.

Сол күндері Қазақ ССР астанасы Алматы қаласы да аза тұтты. "Казахстанская правда" газетінен бірнеше цитата келтірейік:

"Алматы аза тұтып жатыр. Даңғылдарда, алаңдарда, ғимараттарда Иосиф Виссарионович Сталиннің портреттері қаралы шүберекпен көмкерілді. Тулар төмен түсірілді. Жан-жақтан қаралы әуендер естіледі".

"Халық қан жұтып, қайғырып отыр. Қатты қайғырған адамдардың қабақтары қатыңқы. Әкеміздей болған ең жақын адамымыз, көсеміміз, ұстазымыз, досымыз өмірден озды. Жұрттың бәрінің аузында - жолдас Сталиннің қастерлі есімі".

Сталиннің өлімі туралы қортынды және оны жерлеу комиссиясын құру туралы хабарлама..
Сталиннің өлімі туралы қортынды және оны жерлеу комиссиясын құру туралы хабарлама..

Газет тілшісінің хабарлауынша, 9 наурыз күні таңертең "ондаған, жүздеген адам" опера және балет театры алдындағы алаңдағы Сталин ескерткішіне ағыла бастады.

"Олар адамға лық толы трамвай, автобустардан түсіп, жоғары өрлеп, гүлдестелер мен тірі гүл шоқтарының арасынан көсемнің мүсіні асқақтаған жаққа бет алды" деп жазды тілшілер.

Театр алдындағы алаңда Сталиннің ескерткіші жанында әскери құрмет қарауылы тұрды.

Сталинді ақындар да жоқтады. Сталиннің қайтыс болуына орай жазылған өлеңдердің кейбірі газеттерде жарияланды.

"Көсемді" жоқтаған қарапайым адамдар - жұмысшылар, колхозшылар, интеллигенция, оқушылар да тақпақ жазды. "Казахстансакая правда" газеті оларға шолу жасап, "Сталин бізбен бірге! " деген жеке материал арнады. Сталиннің өлімін аза тұту күндері Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясында "И.В.Сталин бейнелеу өнерінде" деген көрме ашылды. Көрмеге СССР суретшілері мен мүсіншілерінің ең көрнекті шығармаларының репродукциялары қойылды. Көрмеде қазақ суретшілері Ә.Қастеевтің "Көсемге сыйлық", Б.Телжановтың "Сталин 1902 жылы" деген картиналары болды.

"Сталин туы" газеті.
"Сталин туы" газеті.

Сталиннің өлімі туралы хабарды қалай естігенін адамдар тіпті бір-біріне жазған хаттарында да бөлісті. Мақала авторының марқұм әкесінің архивінде сол кезде Оралда тұрған әрі сол жердегі мектепте мұғалім, институтта оқытушы болған досы Александр Невскийдің хаты сақталған. Әлгі хаттан үзінді келтірейік:

"Жолдас Сталиннің қайтыс болғаны туралы сұмдық хабарды былай естідім. Көсеміміздің денсаулығы жайлы Мәскеуден хабар күтіп жүргенмін. Бөлмеден бірер минутқа шығып кеткен едім. Дәлізде келе жатыр едім, жатахананың әр бөлмесінен еңіреп жылаған дауыстар естілді. Бәрін қайта оралғанда естідім. Сол күні мектепте кезекшік атқарып, сабақ өткізген болатынмын. Бірінші сабақ үстінде Сталиннің портретін қаралы шүберекпен көмкеріп, жылап жатқан қыздарды көріп жылап жібере жаздадым. Сосын бүкіл күшімді жинап, арман туралы айта бастадым. Халықтың коммунизм туралы арман-мұраты, көсеміміздің оны іске асыру жоспары жайлы айтып бердім. <…> Оны жерлеген күні институттағы студенттерімді ертіп залға шықтым. Көсеммен қоштасқан сөздерді естігенде көз жасымды тыя алмадым".

КЕЙ АДАМДАР ҚАЙҒЫРҒАН ЖОҚ

Советтің үгіт-насихаты БАҚ арқылы жеткізген 1953 жылғы наурызда СССР-де "Сталиннің сырқаты мен өлімін бүкіл халық қайғырып, аза тұтты" деген хабар өтірік еді. Сталин билік құрған жылдары саяси қуғын-сүргіннен миллиондаған адам зардап шеккен елде басқаша болуы мүмкін емес те еді. Бірақ Сталиннің өлгеніне қуанған немесе табалаған оқиғалар туралы газет-журналда жазу, радиода айту ол заманда әлбетте мүмкін емес еді. "Көсемнің" қайтыс болғанын естіген кезде оқиғалар туралы мысалы прокуратуралар мен соттардың "совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат" істері құжаттарынан білуге болады.

"Александр Яковлевтің архиві" сайтында жарияланған құжаттардан бірнеше мысал келтірелік.

1953 жылғы 4 наурызда Кемеров облысында тұратын шахтер Трус А.С. бір танысына "Естідің бе, партия мен совет мемлекеті басшысы өлгелі жатыр екен ғой. Бізді қорлағаны жетер енді» деген.

Бұрынғы партия мүшесі, атышулы 58-бап бойынша сотталған, Жоғарғы Волгадағы зауытта жұмыс істейтін Монов А.Н. деген қарт мастер "жұмыс істеңдер, мұндай митингілер әлі көп болады" деп цех жұмысшыларын қаралы митингке жібермей қойған, жұмысшы әйелдердің біріне "неменеге көз жасыңды бұлап отырсың» деген. Көсемді жерлеп жатқан сәтте ол зауыт директорының ауысымға бөлу туралы бұйрығын жариялауды ұйғарған.

Ескі Иқан ауылында күресінде жатқан Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысы, 16 мамыр 2015 жыл.
Ескі Иқан ауылында күресінде жатқан Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысы, 16 мамыр 2015 жыл.

​Мурманск облысында тұратын жұмысшы Васильев С.В. 1953 жылғы 6 наурызда бригадирдің үйіне кірген және Сталиннің қайтыс болғаны туралы хабарды ести сала "Көсем өлді, енді бәріміз еркіндік аламыз, колхоздар тарайды, жерді шаруаларға бөліп береді" деп айтқан. Күндіз жұмыста "Туған әкелерің өлгендей қайғырып не болды, нан бәрібір арзандамайды" деген. 9 наурыз күні Сталинді жерлеп жатқанда жарияланған бес минуттық үнсіздік кезінде жұрттың бәрі орындарынан тұрып, бас киімдерін шешкен. Ал Васильев бетін бас киімімен көлегейлеп алып, жанында тұрған қыздарды күлдіруге кіріскен.

Солтүстік Қазақстанда бұрын сотталған Пейт Я.И. деген колхозшы 1953 жылғы наурыздың 9-ынан 10-ына қараған түні қаралы митингіден кейін Сталиннің портретін жұлып алып, қарға тастаған әрі аяқтарымен таптаған. Сот отырысында ол мас болмағанын, портертті таптап тұрып "Енді көзім көрмесе екен сені» деп айтқанын мойындаған. Бұған қоса, сотта "ұлтым неміс болғаны үшін арнайы қоныстанушы ретінде үнемі комендатураға барып белгі соқтырып тұруға мәжбүрлегені және 10 жылға соттағаны үшін совет үкіметіне наразымын" деп мәлімдеген.

Никита Хрущевтің сөзінше, көсемнің қазасына партия мен мемлекеттің жоғарғы басшылығындағы адамдардың да кейбірі қайғырмаған.

"Сталин өлген кезде бәріміз психологиялық шок болып, ендігі жағдаймыз не болар екен деп әуелгіде дағдарып қалдық. Кей адамдарда енді не істейміз, Сталинсіз күніміз қараң ғой деген уайым болды. Есесіне Берия мәз болып шаттанды».

ЖЫЛЫМЫҚТЫҢ БАСЫ

Сталиннің өлгеннен кейін СССР-де іле-шала басталған әрі Никита Хрущев жеңген билік үшін талас елдегі саяси және экономикалық өмірді либералдандыруды бастауға ұласты.

Америкалық тарихшы Гровер Ферр "Сталинге қарсы зымияндық" ("Антисталинская подлость") деген кітабында жазуынша, Сталин өлгеннен кейін СССР министрлер кеңесі төрағасы Георгий Маленков орталық комитеттің пленумын өткізіп, "жеке басқа табынудың" зиянды әсері туралы мәселені талқылауды ұсынған. Бірақ Маленковтың бастамасын сол сәт ешкім қолдамаған.

Бірақ 8 тамызда СССР жоғарғы кеңесінің үшінші шақырылымының 5-сессиясында сөйлеген сөзінде Маленков совет қоғамын толық либералдандырып, халықтың тұрмысын жақсарту мәселесін көтерді.

НКВД-нің сталиндік ГУЛАГ лагеріндегі тұтқындардың балалары жерленген мазар. Долинка ауылы, Қарағанды облысы.
НКВД-нің сталиндік ГУЛАГ лагеріндегі тұтқындардың балалары жерленген мазар. Долинка ауылы, Қарағанды облысы.

Бірақ бұл кезге қарай заманның беті бері қарап, либералдандырудың алғашқы қадамдары жасалып қойған болатын.

Ресми деректерге сәйкес, 1953 жылғы наурыздың басындағы есеп бойынша, еңбекпен түзету лагерьлері мен қоныс колонияларда 1 472 247 адам, түрмелерде 152 614 адам қамауда отырған. 27 наурызда рақымшылық жариялау туралы жарлық қабылданып, бір миллионнан көп адам бостандыққа шықты. Рақымшылық тұтқындардың белгілі бір санатына ғана қолданылды, оған РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабы (контрреволюциялық әрекет) бойынша істі болғандар және кісі өлтіргені, бандитизм үшін сотталғандар ілінген жоқ.

Ал 1953 жылғы наурыздың аяғы – сәуірдің басында бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бұрмалап құрастырған кей істер - "Михоэлстің ісі", "Ленинградтық", "Мингрельский", "авиациялық" істер, "дәрігерлер ісі" ішкі істер министрлігінде қайта қарала бастады. Әлгі істер бойынша сотталғандарды ақтап, партия қатарына қайта алды, атақтары мен наградаларын қайтарды. Ал әлгі істерді ойдан құрастырғандарды, керісінше, тұтқындап, қылмыстық жауапқа тартты.

Сәуірдің 4-і күні СССР ішкі істері министрі (Лаврентий Берия) "тұтқындалғандарды аяусыз ұрып-соғу", "ұзақ ұйықтатпай қинау" сияқты "қатал тергеу тәсілдеріне" тыйым салатын бұйрық шығарды.

20 мамырда КПСС орталық комитеті халықтың еркін жүріп-тұруын шектеп келген паспорттық шектеу мен режимді жерлерді жою туралы қаулы қабылдады.

29 тамызда СССР министрлер кеңесі "Министрліктер, ведомстволар және өзге де советтік мекемелердегі жұмыс күні режимі туралы" қаулы қабылдады. Қаулы мемлекеттік мекеме басшыларының бәрін белгіленген жұмыс күні тәртібін орындауға міндеттеді. Жұмыс уақытынан артық жұмыс істетуге, жұмыс күнін ұзартуға үзілді-кесілді тыйым салынды.

Қыркүйектің 1-і күні СССР жоғарғы кеңесі РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабы ("контрреволюциялық қызмет") бойынша қозғалған қылмыстық істерді сотсыз қарауды тездету үшін 1934 жылғы 5 қарашада НКВД (ішкі істер халық комиссариаты – ред.) жанынан құрылған СССР Ішкі істер министрлігіне қарасты айрықша бөлімді жою туралы жарлық шығарды.

Бұған қоса, саяси қуғын-сүргінге кінәлі қайраткерлер қамалып, сотталды. Олардың ішіндегі ең белгілісі –1953 жылғы желтоқсанда мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бір топ бұрынғы қызметкерлерімен бірге ату жазасына кесілген СССР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, ішкі істер министрі Лаврентий Берия болды. Бірақ бұл процесс 1930 жылдар сарынында өтті - сотталушыларды шетелдік барлау қызметтерімен байланыста болып, тыңшылықпен айналысты, билікті басып алып және жұмысшы-шаруа советтік құрылысын құлатып, капитализмді жаңғырту және буржуазия үстемдігін қайта орнату мақсатында астыртын әрекет етті деп айыптады.

Сталиннің қызы - Светлана Аллилуева. 2 ақпан, 1984 жыл.
Сталиннің қызы - Светлана Аллилуева. 2 ақпан, 1984 жыл.

Көп ұзамай марқұм көсемнің баласы Василий Сталин де биліктің қаһарына ұшырады. Светлана Аллилуева "Досқа 20 хат" деген кітабында бауырының қылықтарын былай деп сипаттайды: "Әкемнің өлімі оған қатты әсер етіп, күйзелтіп кетті. Ол құты қашып, әкеме "у берген", оны "өлтіріп тастады" дей берді. Ол өзі үйренген дүниенің бәрі астан-кестең болғанын ұқты. Әкемді жерлеп жатқан кезде ол емдемеді, дұрыстап жерлемеді деп үкіметті, дәрігерлерді жазғырып, айыптаумен болды... Өзін мұрагер ханзада ретінде сезініп жүрген ол мүлде дағдарып қалды".

1953 жылғы сәуірдің 28-інде Мәскеу әскери округі әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы Василий Сталин тұтқындалды. Ол аз ғұмырының (1962 жылғы 19 наурызда 42 жасында қайтыс болды) қалған бөлігін түгел дерлік түрмеде өткізді. "Совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгені", қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін тұтқындалған оны 2,5 жылдан кейін соттады. Мәскеу мен Грузияда тұруға, "Сталин" фамилиясымен жүруге тыйым салып, оны қайтыс боларынан бір жыл бұрын түрмеден босатты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Сталиндік жазалау лагерьлері.

Сталин қайтыс болған күн мен КПСС-тің ХХ съезінің жабық жиынында Сталиннің «жеке басына табынуды» әшкерелеген Никита Хрущевтің баяндамасына дейін әлі екі жылдай уақыт бар еді. Ал Сталиннің «жеке басына табыну» зардаптарын жоюға әлі көп уақыт қажет болатын. Қазіргі Ресей жұртының оның тұлғасына деген көзқарасы туралы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне жүгінсек, Сталиннің «жеке басына табыну» әлі жойылмаған сыңайлы.

(Мақаланы жазу кезінде мәтінде аталған кітаптардан бөлек, В. М. Карев пен М. М. Наринскийдің «Энциклопедическая хроника советской эпохи. 1917–1991» (2017 жылы Мәскеуде шыққан) үш томдық еңбегінің екінші томындағы фактологиялық мәліметтер, Қазақстандағы кей мерзімді басылымдардың 1953 жылғы материалдары пайдаланылды).

XS
SM
MD
LG